Сақалы бар, мұрты жоқ, балағы келте адамдармен бір қоғамда қалай өмір сүреміз?!

Сақалы бар, мұрты жоқ, балағы келте адамды сәләфит деуге бола ма, олармен бір қоғамда қалай өмір сүреміз?!
Өткенде Алматыдан Астанаға ұшқалы тұрғанда бір жігіт келіп, анықтама қағаздарын ала кетуімді өтінді. (Құжат берушілер көп болғандықтан, күдікті зат болмаса, деніміз ала береміз).
Қағаздарын асығыс алып, нөмірімді айтып жатып, өзіне аса назар аудармаппын. Тек келісімімді беріп, қағаз қолыма тигенде ғана жүзіне үңілдім. Иегінің әр жерінде бір өскен тікенек, мұрт деген мүлдем жоқ.
Ұсқыны ұнамаса да сөз беріп қойғасын, құжатын қайтарып беруге батпадым. Бірақ құжатты алып кететін адам әуежайға міндетті түрде келсін, әйтпесе бір-біріміздің мазамызды, уақытымызды аламыз деп ескерттім.
Ұшаққа отырып жатқанда құжаттың иесі хабарласып, әуежайға келе алмайтынын айтқаны, үйіне жеткізе салуымды өтінгені, бастан аяқ орысша сөйлегені әрине ашуымды келтірді. Ұшақтың түнгі бірде қонатынын, таңғы алтыда сапарға кететінімді айтып жатсам, құжатты жеткізе салсаң нең кетеді деп ренжігені тіпті қызық болды.
Қысқасы күтіп алатын адамы әуежайға ақыры келді. Келгенін қайтейін, ол да шоқша сақал, келте балақ жас жігіт екен. Ұйқысын мен бұзғандай бір ауыз алғыс айтып, ишара білдірмеді. Рахмет қайда десем, мы маленькие люди, пусть спасибо скажут те которым нужен документ, деп қысылмастан кете барды.
Бұндайда "аман бол" дейсің де, іштен тынасың. Басқа амал жоқ.
Айтпақшы, Көкшетауда сәләфит көбейіпті. Ресми дерек.
Мәди Манатбек
Фейсбуктегі парақшасынан





