Талдырмаш қыз – саусақ ұшымен ұстардай үлбіреген, нәзік ару
Жуырда бір ескі кітаптағы сөйлемдерді зерделеп, байырғы қазақтың тіліндегі сөздерді електен өткіздім. Мақала "Парасат" журналының наурыздағы санына жарияланады. Тұрақты тіркестердегі, өзіміз күнде қолданатын бірақ мәніне жете бермейтін кей сөздердің мағынасын ұққандай болдым. Мынау сол жазбадан үзінділер: Үш саусақты біріктіргендегі ұшын бұрынғы қазақтар «талдырма» деген екен. Сонда талдырмаш қыз – саусақ ұшымен ұстардай үлбіреген, нәзік ару боп шықпай ма?.... Лып, зыпзып-оқ жылан, адамға қатысты «лып ете қалды... лып еткізді» дегенді қолданғанда «оқ жыландай жылдам» деген ұғым туындайды. Лыпылдақ-мәлін; мысықтай епті. Зыпылдақ-қабылан. «Тілі сумаңқы», «сумақай адам» дегенге де осы кітаптан жауап табылғандай, оның шыққан тегі «сумаңқыдай» болса керек? Сумаңқы-жылан....Балбаң-піл! Осындайда Ақтамберді жыраудың «балпаң -балпаң басарсың, басуға табан шыдаса...» дегені еске түседі. "Пілдей жілікті, табанды болсаң басып көр!" деп тұрғандай... Оның үстіне қазіргі атау «фил» деген парсы сөзінен шыққан. 14 ғасырда атқа қонып, Үндістанда Моғолстан империясын құрған түркілер бұл жануарды білуі, жүрісіне қарап «балпаң» атап кетуі әбден мүмкін-ау?
Серік Әбікен
Facebook-тегі парақшасынан