Танымал ағамыз жарапазан айтқан балаларды итпен қуды

Елге танымал, күллі қазаққа сыйлы бір ағамызбен көрші болдық. Ол кісінің зәулім сарайына қарама қарсы беттегі кішкентай ғана үйді жалға алып тұратынбыз. Қымбат аудан, аралас ұлттар. Оразаның соңғы күндері сол маңдағы үйдің 5-6 қара домалағы бірігіп жарапазан айтып жүрді. Алыстан дауыстарын естимін, қашан бізге келер екен деп қоямын. -Айтамын жарапазан үйіңізге-, дегеннен құрт-кәмпитімді табаққа салып, есік алдына шықтым. Басталған жарапазан тоқтап қалды, саңқылдаған ер адамның даусы басып барады. Жүгіріп шықсам, зәулім үйдің екінші қабатындағы балконнан әлгі ағамыз айқайлап тұр екен. Басында аңдамай қалдым, сөйтсем кішкентай жарапазаншыларды ұрсып жатыр екен.
-Жоғалыңдар, шуламай...(боғауызы бар) Ей, ..... (баласының атын айтты). Итті босатып жіберші, әкеңнің-, деп. Өзі мынандай, өзінен өткен әумесер тентегі танадай итін босатып жіберсе мыналарды жазым қылады-ау деп жан ұшыра жүгірдім. Көздері алақандай болып кеткен балаларды шарбақтан кіргізіп ала қойдым. Ішіндегі ересектеу баланың өңі қашып кетіпті, қолындағы әрбір үйдің берген кәмпит-сәмпиті салынған пакетін қылғындыра ұстап алған. Үйге кіргізіп, шәй бердім. Шәйді сораптап, ақбоз аттарын кезек-кезек тартқыштаған кішкентай жарапазаншыларға қарап, мен ұялдым. Олар өздерінше сол ағаның үйіне жарапазан айтып, жақыннан өңін бір көрмек болды ғой. Өзге үйлерден көрі тәттіні молдау, бөлекшелеу аламыз деп ойлаған ғой. Әлден уақытта ересектеу бала:
-Телебизірден көргендей күшті кісі екен десек, жаман аға екен ғой. Иті өткенде босап кеткен, мынандай дәәу-, деп қолымен көрсетіп қояды. Мен қашып кетем ғой,Сәтөк кішкентай ғой, жүгіре алмайды, ит жарып тастаса папасы мені өлтіреді ғой-, деп қояды.
......Кейіннен сол ағамыз таңғы бағдарламада сұхбат беріп отыр екен. "Ой, өнер дегенді осы жарапазан айтудан бастадық қой. Жарапазан айту-барған жеріңе ұялмай кіре алу, сол үйдің тамырын дәл басатын сөзді әдемілеп айту. Әсіресе, қайсы байдың үйі екен дегеннен кейін, бұл...- деп сол үйдің қожайынының есімін айтып жіберсең бай дегенге мәз болып, ой қалтаңа құрт-кәмпит, ұсақ ақшаны аямай салатын" деп мәз болып сұхбат беріп отыр екен.
Күлкім келді, бәлкім жылағым...
facebook.com парақшасынан алынды





