Тренингке - тығырықты қолдан жасап, шығарға жол таппай жүргендер барады

Досым! Қанша айтсам да тыңдамастан тренингке шақыруды жекеме жазғанды еш тоқтатар емессіз?! Жекемнен сөзім өтпесе, осы жерден оқыңыз. Тренингке - ішкі жігері күйреген, жаны күйзеліске ұшырағандар, тығырықты қолдан жасап, шығарға жол таппай жүргендер барады. Кітабын сатып алуымды өтініп:"Астанада тренингіне мыңдаған адам қырылып барғанын, жаныңыз рақаттанғанын, мүгедек болса да тыңдарманы мен оқырманы көп" дегенді айтып, сілекейіңіз шұбыруда. Ол адам - тағдырдың талқысына мойымаған шын мәнінде ғажап жан! Мүгедек ол емес - Сіз және сіз секілді тамсанушылар! Оның тәні ғана мүгедек. Қажыры, жігері, рухы мықты. Сіздің тәніңіз түгел болғанымен - жаныңыз, рухыңыз мүгедек! Өзіне сан мыңдаған табынушы тапса, Жаратқан ием Оған "рухани мүгедектерді" алдына иіріп беріп, рух пен жігерді көздеріне шұқып көрсетіп, өнеге етуге мәжбүр. Өйткені, он екі мүшесі түгел бола тұра өмірге келгеніне өкініп, жауынсыз күні су боп жүретіндерден Тәңірдің өзі шаршады. Сол мыңдаған "тамсанушылар" өзінің әлсіздік әлемінен шыққысы келгенімен, араға уақыт сала қайта "дәрменсіздік көрпесіне" тұмшаланып алатын жігерсіздер. Өз басым өзгенің тапқан жолына қарап тамсануға уақытын бөлетіндерді аяймын?! Көзің - көреді. Аяғың - жүреді. Құлағың -естиді. Тілің - сөйлейді. Төсекке таңылып, не, темір торда қамалып отырған жоқсың. Сонда сенің Ол адамнан қай жерің кем?! Әлбетте - рухың, жігерің кем! Тренингсіз өмірді қораш көретіндерге марқұм апам:"Жетесізге жеті рет айтсаң да, мұрнына май құйсаң да жетпейді?"- дейтіні дөп кеп тұр. Менің принципім - "Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап"!!! Қатты айтты деп сөксеңіз - еркіңіз. Маған сол тренингтегі бұлбұлдардан - үнсіз мұңайып көше сыпырып жүрген қазақтың әйелдеріне қараудың өзі жеткілікті. Олар ешкімнің ақылынсыз-ақ бір етек бала-шағасын асырап, күйеуінің жағдайын жасап, тіршілігін аз ақшамен дөңгелетіп жүр. Мүмкіндігі жетпеген жеріне мойымайды. Қайыр сұрамайды. Сіз шақыратын тренингке жұмсайтын ақшамды, сол әйелдің біріне бергенім артық! Мына жауабымнан соң, жекеме жазып мазаламассыз деп сенемін!
Сая Қасымбек
Фейсбуктегі парақшасынан





