"Түк көрмегендерге" бүгінгі заман, бүгінгі заманауи технология қол болып-ақ тұр

Қазақта бір жаман сөз бар, "түк көрмеген" деген. Өте ауыр сөз. Әрине, түк көрмеген деген қара су мен қатқан наннан басқа дым көрмеген деген сөз емес. Оның мағынасы, меніңше, одан да гөрі тереңде. Бірақ, өмір болғаннан кейін, кеудесінде жаны болғаннан кейін күндердің күнінде түк көрмегендер де жетіледі, өседі, қолы бірдеңеге жетеді. Элитный домнан үй алады, салоннан көлік мінеді. Тек қана қымбат бутиктерден киінеді. Аптасына бәленбай нөлі бар ақшаны шаш, бет, тырнақ күтіміне жұмсап, жеке үй күтушісін ұстайды. Тіпті, қисапсыз байлыққа кенелетіндері де бар. Міне, олардың түк көрмегендігі дәл осы кезде көрінеді.
КӨРГЕНДІ АДАМ ішкен-жегенін айтып мақтанбайды.
КӨРГЕНДІ АДАМ киімінің бағасын айтып мақтанбайды.
КӨРГЕНДІ АДАМ үшін есік алдында қайыр сұрап отырған адам мен өзінің құқы да, хақы да тең.
КӨРГЕНДІ АДАМ өзінің әнші, биші, күйші, ақын, журналист, жазушы немесе "генерал" екенін айтып мақтанбайды. Онысын көрсетпейді де, білдірмейді де.
КӨРГЕНДІ адам үйін, жиһазын, ыдысын көрсетіп мақтанбайды.
КӨРГЕНДІ АДАМ көргенді екенін көрсетеді. "Түк көрмегендерге" бүгінгі заман, бүгінгі заманауи технология қол болып-ақ тұр. Бірақ, өзіміздің "түк көрмеген" екенімізді көрсете бермейікші!
Жұлдыз Әбділда
Facebook-тегі парақшасынан





