"Тұсауды қатын кесті деген не сұмдық!"
Жуырда белгілі бір азаматтың тұсау кесер тойында қонақта болып қалдық. Өздерін зиялылар қатарына қосып жүрген үш әйел қайшыларын қайшылап, енді ғана қадам баса бастаған жас қыз баланы жарты сағат бойы шырылдатып, тұсауын үш мәрте кессе (дұрысы қырықса, себебі қайшымен қырықты ғой) бола ма?! Бірі шығыстағы қысық көзді көршіміз синтетикалық мақтамен ширатып әзірлеп берген базардағы ала жіппен, екіншісі кепкен тоқ ішекпен, үшіншісі қураған көк шөппен. Үшеуі де еңкейіп-тұруы қиындау әйелдер екен, ала келген «жіптерін» сондағы қызметте жүрген келіндеріне байлатты. Еңкейе алмайтын бірі, тіпті ортаға үлкен үстел қойдырып, баланы соның үстіне шығарып, күрмеуін шешті. Негізі дәстүрде "күрмеуін кесу" деп аталушы еді, бұл жолы қолдарында қайшы жүргендіктен "күрмеуін қырқу" деп қабылдадық. Мұны көрген қасымда отырған жасы тоқсанға тақап қалған Ысқақ қария қайта-қайта басын шайқаумен болды.
– Қазіргі тұсау кесер тойларыңа бірінші рет қатысып отырмын, – деді сосын. – Өзгеріп кетіпсіңдер! Тұсауды қатын кесті деген не сұмдық! Ер адам кеседі ғой, айналайындар-ау! Сосын қыз баланың тұсауы кесілмейді, жүріс алып кетеді деген жаман ырым бар, өмірде шалыс баспасын, сүрінбесін деп ер баланікін кеседі. Ала жіп байлағандарың дұрыс, бірақ ала мақта емес қой? Төрт түліктің бірі – қой жүнін ширатып байласаңдар болмас па? Жалпы, тұсауды адамның лауазымына қарап емес, кімге ұқсағанын қалайсың, жарлы болса да соған кескізгендерің дұрыс. Көк шөп туған жерінде көктесін, тоқ ішек баланың іші-сырты майлы болсын, ала жіп ешкімнің ала жібін аттамай, адал азамат болып өссін деген мағынаны береді, қарақтарым. Баланың тұсауын бүгінгідей қайта-қайта емес, бір мәрте ғана кескендерің жөн. Әрине, әйелдердің бұл шарада мүлдем миссиясы жоқ екен деп айта алмаймын. Әжелер алақан жайып ақ тілек білдірсе, сыйлы ағасы тұсауын кесіп жатса, ажарлы абысын, өнерлі келіншек сүйінші сұрап жетелеп жүрсе, жарасымды болмас па? Қиылған ала жіпті бала көтермей жүрген келіншекке ырымдап тартса, көп ұзамай құрсақты болады деген ырым да бар. Мына жерде әне бір еркектеріңнің тұсау қиындыларын ырымдап қалталарына салып жатқанын байқап қалдым. Баланың алдына кес-кестеп қойып жатқан ақша, әмиян, шаппа, сотка сияқты заттарыңа жол болсын? Бұл кәрістерден келген жора. Бала қиялын қызықтау үшін домбыра, кітап, қамшы, асық сынды заттар қойып жатса, сөкеттігі болмас еді. Ал тұсау кескен адамға бүгінгідей жастық-көрпе емес, шапан не кебіс кигізеді.
Бұл көпті көрген қарияның ойы. Ал, сіздер қалай ойлайсыздар, жамағат! Әлде, қарияныкі қате ме?
facebook.com парақшасынан