"Жан" деп үзіліп, үздігіп отырғанын естігенде біртүрлі болып қалады екенсің

Өткенде достарымыздың үйіне бір мерекені тойлатып барған едік. Келген қонақтар боп бәріміз төр бөлмеге жайғастық. Жігіттер карта ойнады. Қыздар әңгіме-дүкен құрдық. Үйдің иесі жігіттердің ойнына қызығып кетсе керек, екі жақта шапқылап жүрді: бірі-төр бөлме, екіншісі -ас үй.
Төр үйде көбірек бөгеліп қалса, ас үйден "Жан" деген әйелінің даусы шығады. Қызықты думанды тастап, сол жаққа қарай ұшып түрегеледі.
Біз де #ЖүрегімніңИесімен бір бірімізді "Жан" деп атаймыз. Бірақ басқа біреулердің бір біріне қайта қайта "Жан" деп үзіліп, үздігіп отырғанын естігенде біртүрлі болып қалады екенсің.
Сол кезде маған "Жанын" шақыра бермей, атын атаса қандай әдемі болар еді", - деген ой келді. Жігіт қыздың, қыз жігіттің атын атағаннан махаббаттары кемімейді ғой.
Әйтеуір не керек, сол күні екеуміз де, ел көзінше, бір бірімізге ынтығып, елдің ығырын шығармай, "жан", "жаным" демей, толық атымызды атауды жөн көрдік.
Клара Ермагамбетова
Фейсбуктегі парақшасынан





