Зардап шеккен халыққа ішкиім, биік өкше туфли, купальник керек пе еді?

Қайырымдылыққа біз неге ең нашарымызды береміз? Киім болса, әбден ескі-құсқы тозығы жеткен... Тамақ болса, бүлініп, ашып-сасып кеткен?
Осы жұма қызымды үйдің қасындағы дүкенге жібердім. Нан мен сүт әкелуге. Бір кезде ауыр пакет көтеріп кеп тұр. Сөйтсем, "жұманың құрметіне тегін" деп сәбіз беріп жіберіпті. Бұрындары нан таратқанын көрсек те, көкөністі білмеуші едік, "қабыл болсын!", - деп қуандым шыны керек. Бірақ кешкісін қуанышым су сепкендей басылды, тамақ істейін деп әлгі пакетті ашып қалсам, шетінен бәрі қарайып, үсіп, кейбірі суланып, жағымсыз иіс шығара бастапты тіпті. Демек, жұртты жарылқау үшін емес, қоймадағы бүлінген заттан құтылу үшін берген егесі. Түгел қоқысқа тастауға мәжбүр болдық.
Қайырымдылық Алла разылығы үшін жасалмай ма, ендеше неге біз ең жақсымызды бермейміз ол жолда?
Неге біз ескірген, тозған киімді емес, жаңасын сорттап бермейміз? Мысалы күні кеше Түркияда жер сілкінісі болғанда зардап шеккен халыққа ішкиім, биік өкше туфли, купальник керек пе еді? Гуманитарлық көмектің тең жартысы сондай боп шықты. Ұятын-ай, өзі үйі құлап, аш жалаңаш далада қалған жұртты мазақ қылғандай... Адам бір затын біреуге берерде "егер осы нәрсені маған берсе, қалай қабылдар едім?" деп ойлауы керек емес пе? Сонда ашыған сәбіз, сасыған жұмыртқа бермес еді ешкім. Айналайын-ау, мұқтаж адамның аузы жуынды, үсті күл-қоқыс емес қой? Ал жаңағыдай дүкенге таратуға беріп келетіндер тем более ойлануы керек, ол жерге мұқтаж адамдар емес, ақшасы бар, азық-түлік сатып алуға шамасы бар адамдар келеді. Солардың біреуі болмаса, біреуі бір нәрсе дейді-ау не тиісті органдарға хабарласады-ау деп ойламай ма?
Жалпы, әркім өз сана-сезімін тәрбиелесе екен, қайырымдылыққа ең жақсысын беру керек дегенді түсінетіндей. Себебі не берсең, қандай ниетпен берсең, Алла саған соны қайтарады. Осыны ұмытпайықшы.
facebook.com парақшасынан





