Жібектелген дамбалын айтудан арланбайтын "ұрғашыларға" үйреніп алғанбыз

Есіме Алпамыс пен Бадамшаның айтысы түсіп кетті. Ұлтан құлдың әйелі Бадамша айтыста жеңіліп бара жатып, ұпайын түгендеу үшін "Дамбалымның бауы жібек" деген сөзді айтады. Жырды 5- сыныпта оқығанмын. Ол кезде әлгі сөзге "о мынау дамбалын айтып жатыр" деп балалықпен күлген едім. Сөйтсем, оның мағынасы тіптен басқа екен. Бадамшалар қай кезде де болады екен. Ақылы жетпеген жерде жібектелген дамбалын айтудан арланбайтын "ұрғашыларға" паң қалада жүріп үйреніп алғанбыз. Тренд пен брендті бірінші болып біліп отыратын жерде қызмет атқардым. Енді қарасам жібекті тани алатын Бадамшаларды да құрметтейтін күн туады екен. Себебі ақылы кем түсіп жатса, киімге тиісе қоятындардың аузын жауып, шамаң келгенше брендін киіп, трендіңнен қалмауға тырысасың ғой. Сөйтсең, асылды тастан ажырата алмайтын орта болады екен. Оларға бәрі бір. Әйтеуір сөз табу керек. Сырттағы адамдарды сынай беру - іштегі комплекстен екенін, адам сол дертін жамап-жасқау үшін басқалардан мін іздейтінін олар білмейді де. Өзінің сырқат екенін білмей, біреудің солқылдап тұрған соқтасын түрткілеу- қандай бейшаралық. "Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп, енді екі ұртың" деген осы екен. Айналып кеп Абайды дос, сырлас тұтып, "Сап,сап көңілім, сап көңілім" дегеннен басқа не айтасың?!
Айнұр Төлеу
Фейсбуктегі парақшасынан





