Адам жанын емдейтін асатаяқ
Асатаяқ - қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Ерте заманда асатаяқты абыздар мен бақсылар ұстаған.
Асатаяқ туралы тілге тиек еткенде, сонау ертедегі Мұса Пайғамбардың табан астында жыланға айналған қасиетті таяғы мен Бекет әулиенің Оғыланды тауының омырауын түртіп, шөлді жерден су шығарған көк асасы ойға оралады. XVIII ғасырдың екінші жартысында Маңғыстау жерінде «Ниғматулла ағымы» бойынша «Батыс өңірі сопылық мектебінің» негізін қалаған Бекет әулиенің сопылық ілімімен байланысты күні бүгінге дейін сақталып келген асатаяқтары бар. Бір асатаяғы оған «Пір» деген лауазымды атақпен бірге берілсе, екіншісі Хиуадағы Шерғазы медресесінде дәріс берген ұстазы Бақыржан Пірдің шәкірттеріне «тауып алыңдар» деп тапсырма беріп, көкке лақтырғанда ерекше қасиетімен дараланған Бекетке бұйырған көк асасы. Әрине, сандаған жылдар өтсе де бұған қатысты сауал көп, дегенмен бүгінгі теологтар мен халықтық емнің өкілдерін, культтік ғылым саласы мамандарын толғандыратын басты сұрақ, ол осынау асатаяқтардың құпиясы мен онда иероглифтер арқылы таңбаланған белгілердің жұмбақтығы хақында болмақ.
Жасыратыны жоқ, сонау өткен ғасырдың 90-жылдары асатаяқтарды есімдері танымал бірнеше халық емшілерінің емдеу әдістерінде жиі қолданғанына талай рет куә болсақ та, оның байыбына бара алмағанымыз рас. Оңтүстік Қазақстан өңірінен шыққан халық емшісі Т.Қажымұратов тіпті өзінің бір сөзінде көпшілік алдында: «Құран сүрелері оқылғанда адам жүрегі одан тарайтын көзге көрінбейтін энергетикалық толқындарға қалай елжіресе, қобыз үнінде де пендені ерекше толқынысқа бастайтын сиқырлы күш бар, сол сырға толы сарынның ықпалына еліту арқылы адамның алпыс екі тамыры иіп, бойындағы сырқаттардан демде-ақ айыға алады», — деген тұщымды пікірі әлі есімізде. Сонымен қатар, оның айтуынша, жердің бетіндегі шаңды бұрқыратып, шауып келе жатқан сәйгүліктің тұяғындағы құйын күш секілді, асатаяқта да жерді тарпып, бұйрық беруге болатын, ондағы ауыр энергетиканы аластайтын қуат бар. Сондай-ақ, қазіргі кезде халық емшілері ғана емес, отандық медицинадағы парапсихологтар да қобыздың сәл ышқына шығатын сарынға толы үнінде адам жанының сан салалы иірімдеріне әсер ететін ерекше дыбыс тербелістерінің (мантралардың) орын алғандығына және асатаяқтың кеңістіктегі түрлі вибрациялық ағыстарды реттеп қана қоймай, жердің тартылыс күшін тұрақтандыра алатын тылсым құдіреті бар екеніне көз жеткізді. Сөзіміздің бір ғана мысалы, бүгінде халықаралық дәрежедегі парапсихолог Марат Жүсіптегі, асатаяқ арқылы адамның қан қысымын (гипертония мен гипотонияны) реттеп, бірқалыпты жүйеге келтіре алатынына сенімді екенін айтса, республикаға танымал дәрігер-психиатр Марат Юнусов, қобыз ішектерінен төгілген мантралардың жүйке ауруына шалдыққан сырқаттарға аутогендік терапия курстарын өткізу барысында тигізетін ықпалының зор екендігіне еш күмәнданбаймын дейді. Ендеше, осы кезге дейін көпшілікке сазды аспаптар ретінде ғана танымал қобыз бен асатаяқтың адам табиғатын жетілдіру мен оның жанындағы түрлі кеселдерді аластаудағы біз білмейтін беймәлім сырлары да болашақ зерттеушілердің еншісінде…