Аяқтарынан айырылған жеті ағайынды қарғысқа ұшыраған ба?
"Алаш айнасы" оқырмандары! Сіздерге хат жолдап отыруымның үлкен бір себебі - бір отбасында аяқтарынан айырылған жеті ағайындының тағдыры. Оқыңыздар, ақыл-кеңес беріңіздер, олар - көмекке зәру жандар!
Жақында менің үйімнің қасындағы үйге жаңадан бір отбасы көшіп келді. Қазақ емеспіз бе көршілермен араласып, жақын туыстай болып кеттік. Өте қарапайым жандар. Олар жеті ағайынды екен. Жалғыз ұл және алты қыз. Астанаға оңтүстік облыстан ертеректе көшіп келген. Әке-шешелері ерте қайтыс болыпты. Үлкен әпкелері Таразда тұрады. Одан кейінгі Айша есімді қыздары өмірден өткен. Қалған үш қызы да Астанада. Ұлдары - Алмат Шу бекетінде тұрады.
Бір күні түс кезінде бір шаруамен көршілерімнің үйіне бардым. Үйде ешкім жоқ, тек кенже қыздары Айжан ғана. Айжан түскі асын ішіп отыр екен. Мені дастархан басына шақырды. Астан үлкен емеспіз ғой, қарсы болмадым. Осылайша әңгімеден-әңгіме шығып, қарапайым отбасы жандарының ауыр тағдырынан хабардар болдым. Маған осы оқиғаны есту қандай қиын болса, жазу да оңайға соқпады.
Айжан әңгімесін бастап кетті:
– Байқайтын шығарсыз, отбасымыздағы барлық жанның басында бір ауыр дерт - аяқтың кемтарлығы. Қалайдан қалай екенін кім білсін, әйтеуір барлығымыз аяқтан айырылдық. Ең үлкен әпкеміз қырықтан асқанда аяғынан жаман ауруға шалдығып екі аяғы іріңдеп, кесіп тастады. Қазір бала-шағасының қасында. Солардың күтімінің арқасында өмір сүріп отыр. Екінші әпкем — Айша да аяқтан полиатрит деген аурға шалдығып, былтыр қайтыс болды. Артында жылап-еңіреп екі баласы мен күйеуі қала берді.
Үшінші әпкем - Нәзира "Астықжан" сауда үйінен шығып, үйіне кетіп бара жатқан жолда "КАМАЗ" қағып, екі аяғын мыжып кетті. Өзі алты ай аурухана төсегіне таңылып, әзер есін жиды. Қазір Көкталда тұрады. Өмір бойы мүгедек болып, күйеуінің қолына қарап қалды. Соңғы кезде күйеуі де шаршай бастаған сияқты. Араларында бала да жоқ. Жездемізге де өкпелей алмайсың, екі жыл болды екі аяғы аяғы жоқ келіншекті бағып отыр. Ол кісінің де бала сүйіп, бақытты отбасын құрғысы келетіні анық. Әпкеме деген махаббаты мен аяушылық сезімінің арқасында осы уақытқа дейін шыдап келді. Әпкем "жезделеріңді босатып, осы үйге көшіп келсем" деп жүр.
Төртінші әпкемнің соңғы кезде аяғы ауырып, дәрігерге барған еді. Арамызда сауы Жазира мен Нәзира әпкелерім еді. Бізді асырап, жандары шығып, жүгіріп әбден естері шықты. Екеуі кезектесіп Бішкектен тауар әкеп сататын. Тұрмысқа да шықпаған, қайдан шықсын жеке өмірлеріне уақыттары да жоқ. Ақша табу, одан қалса мүгедектерді күту. Осы үйге де қолымыз сол екі әпкелерімнің арқасында жетті. Кенже қыз болғандықтан ба мені ешкімге жаутаңдатып қойғылары келмейді. Әпкем Жазира химия терапия алып қазір ауруханада жатыр. Саркома, яғни сүйек ұлпасының қатерлі ісігі деген диагноз қойыпты. Ол ауруды тек Кореяда емдейді екен. Оны емдеуге жүз мың доллардай ақша қажет. Ақшаны қайдан аламыз, барлығымыздың қарағанымыз зейнетақы. Ақша тапқан күннің өзінде де дәрігерлер толық жазылып кетуіне жүз пайыз кепілдік жоқ дейді. Жазира әпкем үмітін үзген сияқты. Менің отырысым мынау- екінші курста аяқ астынан жұлынымнан бір дөгелек ісік пайда болып, жүре алмай қалған жайым бар. Бірнеше рет ота да жасалды. Осылай отырғаныма "Аллаға тәуба!" деймін. Оқудан шығып, осылай арбаға таңылдым. Қазір өзімді ойлап жылаудан жалықтым, күннен-күнге адам басына түскен іске үйреніп, қанаты қатайып, мықты болады екен.
Ал, ағамыз Шу бекетінде пойыздың жүруге дайындығын тексеруші механик еді. Аяқ астынан пойыз орнына қозғалып кетіп, бір аяғын жаншып кетті. Қазір бір аяғын кескен, балдақпен жүреді. Ол да мүгедек болып қалды. Өзінің аяқ киім жөндейтін шеберханасы бар. Сол жерде ауылдастарының аяқ-киімдерін жөндейді. Бағына орай жеңгеміз өте шыдамды, ақылды жан екен. Балалары әлі кішкентай. Жеңгеміз өткен-кеткен пойыздардағы жолаушыларға тамақ сатады.
Арамызда тек әпкем Күлзира ғана дін аман еді. Ол таңертең сол жағалаудағы ауруханаға Жазираға тамақ әкетті. Бүгін түнде ол да аяғының қақсап шыққанын айтты. Сол Күлзира әпкемді уайымдап отырған жайым бар. Осы оқиғаның барлығы ата-анамыз өмірден өткеннен соң басталды. Бұрын ондайға мән бермеуші едік, соңғы кезде ойландыра бастады. Неге барлығымыздың тағдырымыз аяқпен байланысты? Бұл нәубетті тоқтату үшін не істеу керек? Әлде тұқымымызда аяқтың ауруы бар ма деп ойлаймыз. Бірақ, онда машина қағып, пойызға қысылған тұқым қуалайтын ауру емес қой. Осылайша, бір күні Жазира мен Күлзира ақылдасып көріпкел-емшілерге барды. Сонда бір үлкен көріпкел қарияның айтуы бойынша ата-бабамыздан қалған қарғыс бар. Сол қарғыс біздің отбасына келген. Бұрынғы ата-бабамыз туралы сұрайтын ата-анамыз да өмірден өтті. Үлкен көне көз қариялардың да көзі жоқ. Мешіттегі молдаларға да барып сұрады. Барлығының айтатыны: "намазға жығылыңдар, құрбандық шалыңдар, әулиелер басына барып құран оқытыңдар", - дейді. Енді Күлзира әпкем Түркістанға жиналып отыр. Өткенде құрбан айт кезінде құрбандық та шалдық. Мен өзім үшін емес енді Күлзира мен Жазира әпкелерім үшін қорқамын, - деп көзіне жас алып сөзін аяқтады.
Осы оқиғаны естіп шынын айтсам не деп жұбатарымды білмедім, тек "Алладан жақсылық тіле" дей бердім. Кетер кезімде ол жыламсырап тұрып:
- Әпке, сіз анда-мында көп шығасыз ғой, таныстарыңыз да көп болар. Үйіңізде интернет те бар. Осы қарғыс туралы, одан қалай құтылу жолы туралы мағлұматтар біліп беріңізші! Әттең, өзімді алып жүретін бір адам керек, әйтпесе осы отбасымызға тиген қарғыстан арылу үшін бармайтын жер, баспайтын тауға дейін баруға дайын едім!, - деді.
Жол бойы ойымда тек "қарғыс" деген сөз жатталып, үйге келген бетте бірден интернетті ақтарып "Алаш айнасы" порталыннан бірнеше оқиғаларды оқып, оқырманнан көмек сұрауға бекіндім. Осы жеті ағайынның аяқтан айырылу себебі шынымен де қарғыс па, әлде жай ғана бір сәйкестік пе? Әлде пешенеге жазылған тағдыр ма? Кім қандай ақыл береді?
Жанар Байғабылова,
Астана
alashainasy.kz