Айға қолыңды шошайтпа: қазақтың айға қатысты ырым-тыйымдары нені білдіреді
Ырым-тыйымдар ықылым заманнан бері қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен бірге жасап келеді. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр және күнделікті өмірде кездесетін ырымдар мен тыйымдарды бір ұлттың тәрбие құралы деуге толық негіз бар. Қазақ неліктен айға қолды шошайтпау керек деп айтқан? Бұл сұрақтың жауабын мақаламызда қарастыратын боламыз.
Ырым мен тыйымның айырмашылығы қандай?
Қазақ халқы ұл-қызын "Босағаға керілме!", "Табалдырықты баспа!", "Ер адамның жолын кеспе!" - деген сөздермен тәрбиелеген. Заманның ағымына қарай кей ырымдар халық тұрмысынан алыстап барады, дегенмен көнекөз қариялар салып кеткен іздің жалғасы жоқ емес. Белгілі этнограф Болат Бопайдың пікірінше, тыйым бұйрық раймен айтылады. Мысалы "Құстың ұясын бұзба!", "Көкті жұлма!" деген сөздер тыйымға жатады. Ал неге олай жасауға болмайтынын түсіндіретін сөз болса, онда оны ырым дейді. Мәселен "Көкті жұлсаң, көктей орыласың" дегенді ырым деп санауға болады. Ырымның ерекшелігі сөздің мағынасын түсіндіру арқылы жаман әдеттен тыйым салуымен байланысты болса керек. Айға неліктен ұзақ қарауға және қолды шошайтуға болмайды? Қазақта "Ай адамның жастығын, сұлулығын ұрлайды" деген сөз бар. Егер балалар білместікпен айға қарап қолын шошайтса, жанында тұрған үлкен адам дереу саусағын тістететін болған. Сонымен қатар ел арасында айға ұзақ телмірмеу керегі жиі айтылады. Қазақ баласы айға телміріп, ұзақ қарамайды, түнде жұлдыз санамайды. Айда бір кемпір бар, айға телміріп қарасаң, әлгі кемпір адамның кірпігін санайды, кірпігі саналған адам қазаға ұшырайды деп жориды. Көптеген ата-ана балаларына айға қарауға тыйым салады, өйткені оларда айкезбе ауруы пайда болуы мүмкін деп сақтанады. Шын мәнінде бұл жүйке жүйесі тез қозатын немесе қатты күйзеліске ұшыраған адамдарға әсер ету ықтималы жоғары сомнамбулизм деп аталатын дертпен байланысты. Түн ішінде ұйқысырап кезіп жүру әрі сондай күйде өзін-өзі қадағалай алмайтын ауруды дәрігерлер зерттегенше бұрынғының адамдары топшылап айтып кеткен. Дегенмен айкезбе дертінің ай фазасына және оның адамға әсеріне қатысты бірде-бір нақты дәлел жоқ.
Түнде айға қарап дәрет сындыруға болмайтыны жайлы ырым бар. Халық аузында айтылып жүрген бұл ырымның да өзіндік себебі жоқ емес. Мұның астарында айға қарап қажетін өтеген ер бала белсіз, ал қыз бала бедеу болады деген түсінік жатыр. "Қазақ этикасы мен эстетикасы" атты жиырма томдық кітаптың 12-томында айға қатысты мынадай ырымдар берілген: Қазақ күнге, Айға қарап тұрып түзге отырмайды. Ал құбыла жаққа, күн батысқа қарап тұрып бұлай істеуге тіпті де болмайды. Бұлай істеу әрі күнә, әрі рух шамданып, ұшынады, ауру иелеп, қуығы тұтылады, жіңішке ауруға тап болады, ауызы қисаяды деп ырымдайды. Ай мен Күн — қазақ ұғымында дүниенің жарығы, сұлулықтың, пәктіктің белгісі. Жаңа туған айды алғаш көргенде тізерлеп отырып, үш рет еңкейіп мінәжәт етеді де, сол тізе бүккен жерінің шөбін жұлып, отқа тастайды. Бұл — әулетім оттай қаулап өсе берсін дегені.
Қазақ халқының тұрмысында аймен байланысты ырым көп. Адамдар көбінесе шаш қысқарту, егін егу секілді қандай да бір істі айдың туатын мерзіміне қарай бастайды. Ғылыми тұрғыда қарастыратын болсақ, айдың төрт фазасы болады:
Бірінші фаза жаңа айдың тууымен байланысты;
Екінші фазада ай толады;
Үшінші фазада теріс жағынан желінеді;
Төртінші фазада ай жіңішкереді. Халық ауыз әдебиетіндегі шығармаларды оқығанда ата-бабамыздың айды қасиетті санағанын, бір жағынан оған үреймен қарағанын көреміз. Олар толық айға ұзақ уақыт қарамауға тырысқан, өйткені оның адам өміріне мистикалық әсері болуы мүмкін деп санаған. Адамдар бірнеше ғасыр бұрын мұның астарын толық түсінбесе де, дұрыс болжам айтқанын жоққа шығаруға болмайды.
Айға неліктен ұзақ қарауға болмайды?
Бүгінгі күні бұл сұрақтың жауабын білу қиын емес. Ғалымдар айдың жарығын күн сәулесінің әр түрлі диапазонда шағылысуымен байланысты екенін әлдеқашан дәлелдеді. Жаңа ай туған кезде бұл сәуле өте әлсіз болады, алайда ай толған кезде адамның хал-жағдайына әсер етеді. Айдың алғашқы екі фазасында теңіздер тулайды, созылмалы дерті бар адамдарда асқынудар болып жатады. Көп жағдайда мұндай кезеңде қан қысымы тұрақсыз болады, денесіне жара шығатын адамдарда бөртпелер өршіп кетуі мүмкін. Бронхит, астма секілді дерттердің де күшеюі ғажап емес.
Айға неліктен терезеден қарауға болмайды?
Айға терезеден қарауға болмайды деген сөзді әжелерден жиі естіп жатамыз. Бұл ырым орта ғасырлардан бері бар делінеді. Айдың ерекше күші бар деп сенген адамдар әйнектен түсетін ай сәулесі денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін деген оймен кеш батқанда терезені мұқият жауып қояды. Терезеден түскен сәуле әйел денсаулығына қауіпті деп қорқады, ал жүкті әйелдердің абайсызда түсік тастауына әсер етуі ықтимал деп есептеген. Дегенмен заманауи зерттеулер бұл сенімнің дәлелі жоқ екенін растап, қорқынышты сейілтті.
Қазақ халқында айға қатысты мынадай наным-сенімдер бар:
*Балалардың есімін аймен байланысты қойса, оларға ай тиіспейді дейді. Мысалы: Айнұр, Айгүл, Айтуған, Айбар, Айжан.
- Жаңа ай туған кезде: "Ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа" деп тілек тілеген.
- Қазақтың кішкентай қызынан қарт анасына дейін айсырға тағатын болған. "Айсырға таққанға ай тимейді" деген сөз содан шыққан.
- Ай тек мақталады, ол туралы жаман айтпаған.
- Қазақ: "Ай құлақтанса, аяғыңды сайла, күн құлақтанса, күрегіңді сайла" дейді. Ай қораланса күн жылы болады.
- Ай шалқасынан туса, қатты аяз болады, ал ай қырынан туса, күн жылы болады деп жориды.
- Ырым-тыйымдардың негізі діни түсінікпен сабақтасып, қазақтың салт-дәстүрінен көрініс тапқан. Мәселен қазақ халқында түнгі уақытқа қатысты тыйымдар өте көп. "Қазақы ырым-тыйымдардың философиялық астарлары" кітабында түнгі уақытқа қатысты мынадай ырымдар берілген:
- Қазақ түнде айдалада жайылып жүрген жалғыз сиыр көрінсе, қамшымен сабайды. Себебі, түнде сиырды жын-шайтан мініп жүреді деп нанады.
- Түнде жатқан төсегіңді таңертең өзін жина. Жиналмай қалған көрпе-жастықтың ішіне сайтан кіріп алады да, адамға жамандық тілейді. Жиналмаған төсек-орын жаугершілікті де еске түсіреді.
- Қазақ баласы түнде қасқырдың атын атамайды. "Ит-құс" деп бүркемелеп сөйлейді. Қасқыр десе, қастасып қораға шабады деп жорыған.
- Түнде беті ашық қалған асты жемейді. Себебі мұндай ас бұзылады, айниды. Асқа сайтан сарыды деп ұйғарылады.
- Қазақта түнде айнаға қарамайды. Егер айнаға қараса ажары кетеді, өңі бұзылады, нұры таяды, дидары солады, шұғыла қуарады деп ырымдалады. Өйткені адам баласы жарықта жүзіне нұр жинайды. Түнде айнаға қараса, сол нұр адамның көзіне шағылысып, тайғанайды деп жориды.
- Түн ішінде сыртқа от шығарылмайды. Олай істесе, ауылға жау шабады немесе қораға қасқыр тиеді, апат болады, далаға өрт кетеді деп есептейді. Қазақта түн ішінде ысқырмайды. Ысқырған кезде сырттағы жылан үйдегі дыбысты іздеп кіреді деген ұғым бар.
- Қазақ түнде айқайламайды. Жаугершілікте ғана солай істелуге тиіс. Жайшылықга ондай теріс қылықтан аулақ болған жөн деп айтылады. Айға қатысты Ислам дінінде қандай мәліметтер бар?
- "Нұх" сүресінің 15-16 аяттарында: "Көрмедіңдер ме, Алла тағала жеті қабат аспанды бір-біріне үйлесімді етіп қалай жаратқан? Олардың ішінде айды "нұр", күнді "шам" қылып жаратты" делінген. Ал "Ясин" сүресінің 38-40-аяттарында: "Күн өзі үшін белгіленген орнында аға береді (айналып тұрады). Міне бұл - Әзиз де Ғалым Алланың белгілемесі. Ай үшін де орындар (орбита) белгіледік. Ақыры, ол қураған құрманың бұтағындай (жаңа туған ай) болып кері оралады. Күн айды қуып жете алмайды. Түн күндізді басып оза алмайды. Әрқайсысы (өз орбитасында) жүзіп жүреді" деп жазылған. Діні мен ділі сабақтасқан қазақтың "Айға қолыңды шошайтпа" деген ырымының астарында ғажайып жаратылысқа құрметпен қарау түсінігі жатуы да мүмкін. Ең бастысы, қандай ырым-тыйым болса да, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру мақсатында айтылады. kaz.nur.kz