ӘКЕ ҚАРҒЫСЫ
ӘКЕ ҚАРҒЫСЫ
(әжемнің әңгімесі)
60 жылдардың басы болатын. Ол кезде сендердің шешелерің Ақшолпан құлдыраңдап жүгіріп жүрген кезі. Батыс жаққа атаңмен бірге ағайынға сәлем берейін деп барғанымызда, осы бір оқиғаны кемпірлерден есітіп қайтқан едім.
Бір үйдің ерке, әдемі қызы болыпты. Үш ұлдан кейін көрген қызғалдағын әкесі де, шешесі де мәпелеп өсірген. Ауызынан шыққан әрбір сөзін жерге түсірмей қағып, әп сәтте орындайды екен. Отағасы ауылдың завхозы, ал әйелі есепші болып жұмыс істейді. Екеуі де ауылдың сыйлысы, әрі мақтанышы болған. Қырықтан асқан шағында көрген қызды олар ханшайымдай тәрбиелеуге тырысады. Қытайдың жібек көйлегін жазда киіп, пүліштен жасалған пәлтөсін қыста киген қызын аяғын жерге тигізбей өсірген.
Уақыт тоқтаған ба? Зымырап өтіп жатады. Ұлдарын үйлендіріп, жалғыз қызы Мәскеуге оқуға түседі. Күндердің бірінде қызынан телеграмма келеді: "Мама, мен кәріс жігітін сүйіп қалдым. Аяғым ауыр. Үйленемін дейді. Әкешіме қалай айтарымды білмеймін?" деп жазылған.
Ана байғұстың қолынан бір жапырақ қағазы түсіп кете жаздайды. Ол кезде басқа ұлтқа күйеуге шықты деген - қара күйе бетіңе жағылды дегенмен тең еді. Жалғыз қызының масқаралығын күйеуіне айта алмай, кешке дейін дәрі ішіп, ақыры түн жарымында қан қысымы көтеріліп ауруханада көз жұмады.
Сүйген жарынан айрылған отағасы қатты қайғырады. Мәскеудегі қызына: "тез жет, анаңнан айрылдық" деп телеграмма жібереді. Қыздың құрсағындағы баласы бес айдан асып, іші кәдімгідей білініп қалған еді. Қыз не істерін білмей, дал болады. Жерлеу рәсіміне келген бет-ауызы ісіп кеткен ерке қызды көрген ауылдағылар: "Қайтсін, байғұс анасына қайғырған ғой" дейді аяп. Жарықтық бұрынғы кемпірлер әулие ғой, біреуісі:
- Шынтағымның ауырып тұрғаны несі? Мына жерде қайсың буазсың?- деп шайдың үстінде қатқыл даусымен жақтырмай қызға қарайды. Ауыл қатындары селт ете түседі. Ертесіне әңгіме гуілдеп ауылды шарлап кетеді. Соңында өсек әке құлағына да жетеді. Үш күнге келген қыз бұл кезде шабаданын жинап, жолға дайындалып жатқан еді. Қаһарлы әке:
- Қызым, елдің айтып жатқаны рас па?- дейді.
Қыз үндемей басын шұлғыды.
- Қарабет, анаңның түбіне жеткен сен екенсің ғой.
Шіріген жұмыртқа неме, қазақтан еркек таппадың ба? Теріс батамды бердім саған! -деп екі қолын төбеге қойып қарғайды. Бұл кезде үш ұл да есіктің сыртында тістеніп тұрған еді.
- Ешқайда бармайсың! - дейді әке қаһарына мініп. Бір аптадан соң кәріс жігіт Мәскеуден болашақ қайын атасының алдынан өтуге келеді. Ағайынды үшеу қарындасымен кездестірмеуге бел буады да, пойыздан түскеннен аямай ұрып соғады. Жігіт те бірбеткей екен. Аудандық аруханада апталап жатады. Милициялар сұрағанымен кімнің ұрғанын айтпайды. Тағы келеді. Оңбай тағы тепкінің астында қалады. Қызды ағалары қарауылдап отырады. Жеңгелер қайын сіңілісінің мұңды жанарын көріп, қатты аяйды.
Бұл кезде еркеліктің дымы да қалмаған. Бал-бұл жанған жүзі солғын тартып, жағы суалып кеткен оны тану мүмкін емес еді. Сүйгеніне жете алмай жүрген қыз ішқұса болады. Бір күні жеңгелерінің біреуі:
- Еркем, жігітің кешкі жүретін пойызбен қашайық деп отыр. Бүгін ағаң қалаға кетті. Әкең болса көрші ауылдағы ағайынның асында. Жинал! Көп болса, мен алайын жазаңды, - дейді кемсеңдеп жылап.
Бұл кезде қыс келіп, далада қалың қар түскен еді. Жеңгесі қаладан келген ағайынның көлігіне отырғызды да, қайынсіңілісіне: "Артыңа қарама, еркем!" деп маңдайыннан сүйді.
Біріне-бірі асыққан қос ғашық вокзалда кездесті. Түнгі 12 - де жүретін пойызды күтуде. Бір кезде пойыздың гүрілдеген дауысы вокзалдың ішін жаңғыртты. Екеуі алып-ұшып шыққаны сол еді, перронда бұларды іздеп жүрген үш ағайындыны көреді. Әзірейілді көргендей қашқан қос ғашық қорыққандарынан пойызға қарай жүгіреді. Қар борап, жел ұйытқып тұрған кез еді. Желдің күші ме, әлде, пойыздың пәрменінен бе...Құдайдың пешенелеріне жазғаны сол болды ма екен, кім білсін, қас-қағым сәтте қос ғашық пойыздың астына түсіп, бұл өмірмен мәңгілікке көз жұмады.
- Ал ішіндегі бала ше? - дейміз біздер әрең сөйлеп.
- Ой, оны сол ауылдағы кемпірлер айта алмай: "Айы-күні жақындап қалған еді, бұл жарықты көре алмай кетті-ау" деп жылай берді. Сонысына қарағанда жаман болған тәрізді, -деді әжем көз жасын беторамалымен сүртіп.
- Бұдан түйетін түйін: Әкенің қарғысы ешуақытта жібермейді. Олар қарғамайды, қарғысы оңдырмайды, - деп әңгімесін күрсіне аяқтады әжем........
Бибігүл Дәулетбек
Қайрат Нұрлықасымұлы
Фейсбуктегі парақшасынан