Әртіс молданың жын шығаруы
Қазір жын шығаратындар көбейді ғой. Интернетті ашып қалсаң молдакеңдер жын кірген адамды қылқындырып, оның жындарымен сөйлесіп жатады. Адамзатпен сөйлесіп әбден тауысқан сияқты. Танитын кісіше жынның ата-бабасын сұрап қояды. «Кімсің, руың кім, қай ауылдікісің, қашан кірдің, неғып жүрсің, енді қашан шығасың?» – деген секілді сұрақтың астына алады. Бейне бір шетелге шекара бұзып кіріп кетіп, визасының уақыты бітіп қалып, шықпай жүрген эмигратты тергеп жатқан «полиция» іспеттес.
Осындай құбылыстарды көрген біздің әуейілер, «жынмен сөйлесуге болады екен, мен көрдім, естідім» деп мақұлдап әлек. Жындар қазақша сөйлей ме екен, онымен қай тілде сөйлесіп жүр екен өздері. Күні кешеге дейін маскүнем болып, қазір жын шығарумен айналысып жүрген 5-ауылдағы Төребайдан жын қорқып, қашып шығады деген сену қиын. Күндіз жынмен сөйлесіп жүрген Төребайдың өзі түнде туалетке баруға жындардан қорқады. Соған қарағанда екеуінің біреуі сенімсіз. Жындылардың жынын шыныменде шығарып жібере алатын болсақ, жындыхананың жанынан бір бутик ашып алып, жындыларды кезекпен шақырып алып, өзін бір жаққа жынын бір жаққа сорттап сауапқа батпаймыз ба? Ай осының бәрі ақырзаманның белгілерінен болып жүрмегей де…
Жасы елуді еңсерген жігіт ағасы сөйтетұра өзі ауылдың белгілі молдасы, руы Адай, оның ішінде «Бегімбет» деген филиалынан тараған бір ағамыз мынадай бір қызықты әңгімесін айтып беріп еді. Ол көкем әңгімені айтқанда я 100% қосып я 100% азайтып жіберетіні бар. Қысқасы біреуді мақтаса одан салихалы адамды бұ дүниеден таппай қаласың да, ал жамандаса одан сұрқия адамды о дүниеден таппайсың.
Бір күні осы ағамыздың үйіне екі-үш кісі келіп өте маңызды шаруамыз бар депті. «Еңбегіңізді жемейміз, тек көмектесіңізші» – деп, жалынышты түрде қатты өтініпті. Бұл кісіге келетіндер: қойымды сойып берші немесе машинамды итеріп жіберші деген секілді шаруалармен келмейді, керісінше Құран оқып ас қайырып бермейсіз бе, болмаса жаназа немесе жын шығарып беріңізші деп келеді.
Cонымен келген кісілердің біреуінің жас баласына «Қашағанда мұнай бұрғылау» өндірісінде сменада жүргенде жын кіріп кеткен-мыс. Бақсылар солай диагноз қойыпты. Соның рецептісі мен ем-домын сіз ғана білетін көрінесіз. «Баланы апармаған жеріміз жоқ, ендігі соңғы үмітіміз шипасы сізден түссе» депті. Молдекең, «қазір бала қайда?» депті. Келген адамдар бірауыздан: «Өй, құрысын, адам баласына әл бермейді. 7-8 адам жабылып зорға байлап келдік, қазір сарайда жатыр, сіз бірге жүріп өз көзіңізбен көріңізші» депті.
Сонымен жаңағы делегаттар молданы сарайға ертіп келіпті. Молданы көрген сәтте матаулы жатқан жас бала одан бетер құтырып кетіпті. Аузынан ақ көбік атып: «Ей бақабис, атаңның басына келдің бе, не, әкеңнің аузын тап, жіберіңдерші, босатшы, өлтірем, өртеймін, жеймін, құртам, жыртам» – деп, кетіп жатқан көрінеді. Әй, ауру бала ғой деп молдекең онысына еш көңіл бөлмей Құран оқи бастапты. Науқастың даусы одан бетер жер жарып, Құраныңды тап бәлен етейін деп боқтықтың астына ала бастапты. Ыза буған молдекең жол ортада аяттан жаңылып перекур жариялапты.
Сосын сеансқа бірге қатысып отырған кісілерге «негізі мына балаға оңаша оқу керек» депті. «Өй, не әңгімесі бар, айтқаның болады» деп кісілер сыртқа шығып кетіпті. Қабырғасы қалың, тастан қаланған қазақ үй екен. Есігі де жұқа емес. Молдекең есікті іштен іліп алып мынандай ойға келіпті. Менде құтырғанға қарсы егетін укол жоқ, оның үстіне медициналық білімім және жоқ. Оқи алмаймын деп қалай айтам, ұят, оның үстіне ақшасы қомақтылау. Мынаның жыны қанша Құран оқысам да шығатын түрі жоқ сияқты. Бұған Құран аяты шығын, еңбегім зая. Бұл бала еркелікпен ырбаңдап жүр…
Молдакең баланың қасына келіп: «Сен мана неғыл дедің, не әңгіме айтқың келіп отыр?» – деп күрзі жұдырығын сығымдап төне түседі. Бала қорқыңқырап қалғанға ұқсайды, бірақ сыр алдармай қасарысып жатыр. Сосын молдекең жан-жағына бір қарап алып, байлаулы дайын жатқан науқастың дыхалкісінен бар пәрменімен ышқынтып тұрып бір теуіпті. Дауыс сол бойда өшіп қалыпты. Үнсіздік. Сырттағылар есік қағыпты. Молдекең: «Мешат етпеңдер, ішімнен дұға оқып жатырмын» депті. Сосын әлгі балаға: «Бірден айтайын, сырттағылар саған бәбше сенбейді, неге десең сен жындысың, олар дәл қазір тек маған сенеді. Егер тағыда жынданып бірнәрсе жасап, я сөз айтсаң бұған 7 күн оқымаса болмайды деп, сені өзімнің сарайыма алдыртамында да бір жеті тепкінің астына аламын, түсіндің бе?» депті. Бала: «түсіндім» депті. Өй, маладес! Мынаның есі дұрыс қой. Сосын молдекең бөлмеден терін сүртіп шығыпты. Кісілер аң-таң, бала тып-тыныш. Бәрі молдекеңді қаумалап: «қалай екен, не болған, жынның кететін түрі бар ма» деген сияқты сұрақтардың астына ала бастапты.
Молдекең бір ғана сөзбен қысқа да нұсқа: «Әй, жәй, начинаюши жындар ғой, сықпыртып салдым» депті. Абыройы асқақтап үйіне жәймен аяңдай жөнеліпті. Еңбегі ізін суытпай артынан еріп келетініне сенімі кәміл. Соңынан: «Бұл молданың оқуы қатты екен, бірден дейістібит етті» деген сөздер естіліп жатыпты.
Сөйтсе, бұл бала әскерден күні кеше келген екен. Үйіндегілер қыдыртпастан жұмысқа тығып жіберген. «Если много мучится, што нибудь получится» деп, вахтаға барғысы келмеген жас өтірік жындының рөлін сомдаған. Молдакең оны бірден байқап қалған. «Кез-келген адамға Құран оқып керегісі жоқ, оның орнына мекеменің «спец одеждасында» берілетін басында темірі бар қатты бәтеңкесімен оқсатып тұрып өкпеден бір тепсең болды, шаруа сразым шешіледі. Рискавать етпесең нан қайда?» дейді көкем. Ал күлмей көр!
Namys.kz