Аруақтармен жүздескен бала...
Шырт ұйқыда жатқанмын. Біреу жұлқып оятты. Дауылбай екен. Бетіме төне түсіп ыржалақтап тұр.
- Не керек тағы?-дедім жақтырмай.
Дауылбай әдетінше қорс етіп мұрнын тартты. - Ақыры ұстадым-деді ыржия күліп.
- Нені ұстадың?-дедім мен ұйқымды аша алмай керіліп жатып.
- Кемпірдің мысығын.
Ішім қылп ете қалды. Аузымды енді ашып, болмайды дей беріп едім, түкірігі шашырап Дауылбай сөзін жалғады:
- Үйінен алып шықтым. Ешкім жоқ екен.... Мынаны да алдым-Ол маған қолын соза берген. Екі-үш құрт.
- Жемеймін. Неге ұрладың?
- Өй, кемпірдің дастарханының дәмі ғой. Соның жасын берсін де. Адам құсап беріп тұрса.-деді де, күс-күс қолдарымен бір құртты аузына ытқытты.
- Жемесең қой. Тұр, жата бермей. Мектептің күзетшісі келмей шатырға шығайық.
Мен тайқи бастадым:
-Ой қойшы, болмайтын нәрсеге бола.
Дауылбай бой берер емес:
-Тексеріп көрейік та. Егер шынымен төрт аяғымен тік түссе, планшетіңді маған бересің.
Мен шынымен қорқайын дедім.
-Болмайды-дедім орнымнан тұрып жатып:
-Өліп қалса мысықтың қарғысы жаман. Одан да басқа нәрсеге бәстесейік.
-Сонда сен құлағымнан теуіп, мені лох көріп тұрсың ба?
Дауылбайдың сүйкімсіз түрі одан әрмен ұсқынсыз болып кетті. Ашуланғанда құлағын сырғағын суа тартқылай беретіні бар еді, сол әдетімен құлағына қол созды. Мен тосылып қалдым. Жындының аты-жынды. Ашуланса оңдырмайды.
-Жарайды. Кеттік. Осыдан менікі дұрыс болса, Назираның дәптерін қайтарып бер-дедім. Мен қорққанымнан келістім. Дауылбай селсоқ қана:
-Көреміз-дей салды.
Киініп үйден шыққанда ымырт түскен еді. Жолда Ұлбике әже алдымыздан шықты. Бүгін кешегіге қарағанда сергек көрінді. Таяғын тықылдатып жанымызға таяй берді.
-Амансыз ба, әже қалыңыз қалай?-дедім ешнәрсені сездірмеуге тырысып.
-Күйлі қуаттысыз ба?
-Амансынба шырағым-деді әже сырылдай сөйлеп.
-Қай баласың?
Дауылбай:
-Құлыбектің баласымын-деді ауылдың бас жағында тұратын басқа біреуді атап.
-Әәәә. Мысығымды іздеп шығып едім. Құрғыр көрінбей кетті. Көзіңе түспеді ме? Әәә?
Біз басымызды шайқадық. Дауылбай қу, мысықты салған қытай сөмкені тұншықтыра қолтығына қысты.
-Жүрген шығар қаңғып-деді сосын.
-Сенің жоғалған Саматыңның артынан кеткен болар. Хе-хе-хе.
Әже ренжіп қалды. Мен Дауылбайға ызалана жалт қарадым. Қақ маңдайдан салып қалғым келді. Әже бетіме қарап сәл кідірді де, Әәә деп ұзақ күрсінді. Дауылбайға бұрылып қараған да жоқ. Мен қартты аяп кеттім. Күбірлей сөйлеп теріс айналды. Белі бүгіліп, таяғын тырсылдатып үйіне қарай жылжып бара жатты. Жүрегім сыздады. Жетім кемпір біздей жетесізге тіл қатқан жоқ. Қарғысын да жаудырмады. Ренжіп кеткені анық еді. Мүмкін қазір өзін тастап шет елге кеткен баласының жоқтығына налып бар жатқан шығар. Әлде екі баласымен бірдей суға кеткен шалын жоқтап іштей күңіреніп бара жатқан да шығар. Біз жөнімізбен кеттік. Дауылбайдың қолтығындағы мысықты жұлып алып әжеге бермегеніме өкініп келемін.
Мектептің шатырына шыққанда дала қараңғыланып үлгеріпті. Шатыр жиегіне таяу жерге отырдық. Дауылбай ала дорбадан ала мысықты суырды.
-Дайынсын ба?-деді мұрнын қорс еткізіп тартып.
-Жоқ-дедім мен.
Ішім алай-дүлей.
-Лақтырмай-ақ қойсақ қайтеді?
Дауылбай бетіме бажырая қарады. Сөйтті де мысықты желкесінен қыса ұстап шатыр жиегіне қарай қолын созды. Бетіме қараған күйі қолын көтерді. Мен орнымнан атып тұрып қолына жармастым.Бірақ ол қайратты екен. Мені бір қолымен қағып ұзынымнан түсірді. Мысықты көтеріп, көзі аларып ұзақ қарады. Келер сәтте ыржия күлді де, мысық бейшараны сілтей лақтырды. Баж еткен дауысы шықты. Жерге доға жасап барып құлады. Асфальтке соғылған еттің дауысы анық етсілді. Баж еткен ащы дауыс кұлағымда дыңылдап біраз тұрғандай болды. Жасқаншақтай орнымнан көтеріліп, шатыр жиегінен жерге қарай басымды создым. Сызықтап аққан қанға шылана, селкілдеп мысық жатты. Шыдай алмай теріс айнала бергем.
-Шелпек болды-деді Дауылбай төменнен көзін алмаған күйі.
-Сен жеңдің. Қызыңның дәптерін ертең берем.
Мен оған бұрылдым. Тап бір ғажайып нәрсеге тәнті болғандай жүзі жайнап кетіпті. Көдерінен шексіз рахаттың табын көргендей болдым.
-Үш қабаттан лақтырсаң мысық өліп қалады екен ғой, ия-деді масаттана.
Мен үндемедім. Онсыз да халім мүшкіл еді. Тап бір адам өлтіргендей ішім-алай дүлей болды.
-Қарны жарылып кеткен сияқты. Жүр, барып көрейік.-деді. Тамсанып тұрып айтты.
-Өзің бар. Мен кеттім.-деп айналып жүре бердім.
-Қанішер...
Шама осыған ғана жетті. Ашу қысты ма болмаса, жаңа ғана жасаған қылмысым ашылып қалатындай сасқалақтадым ба, білмеймін, әйтеуір селкілдеп кеттім.
Үйге келіп, тамақ ішпестен жатып қалдым. Түннің бір уағына дейін шошып оянумен болдым. Кемпірдің ала мысығы ішек-қарнын сүйретіп, біздің аулаға келіп, есікті тырнап жатқандай болады. Қара терге түстім.
Таң қылаң бере тағы шошып ояндым. Жүрегім айнып, басым айналып жатты. Теңселіп далаға шықтым. Лоқсып көп отырдым. Асқазаным ақтарылып жерге түскендей болды. Есімді жиып, енді орнымнан тұра бергенімде қарсы алдымда Ұлбике әженің тұрғанын көрдім. Денем суып сала берді. Қапелімде тілімді жұтып қойдым. Қол-аяғым дірілдеп кетті. Кемпірдің өңі боп–боз. Шел басқан көздері өңменімнен өтіп бара жатыр. Кимешегін кимепті. Аппақ селдір шашы таң самалымен жалбырап тұрды. Сұрақ белгісіндей иіліп жүретін еңсесін тік көтерді.
-Мысығым қайда- деді сырылдай сөйлеп.
-Әже дегім келген. Бірақ айта алмадым. Көмейіме келіп мұз тірелгендей дауысым шықпай қалды.
-Мысығым қайда-деген дауыс тағы естілді.Кемпір маған бір қадым аттай бере-мысығым қайда деп тағы сұрады. Мен тағы тұтықтым. Кемпірдің көздері тесіп бара жатқандай болды. Бұл кісі қайдан жүр деген салқын ой санамды тіліп өтті. Жүрегімнің дүрсілін анық естідім. Қанша тұрғанымды білмеймін, кенет кемпір мысығын кайталап тағы сұрады да, таяғымен басымнан салып қалды. Көзімнің оты жарқ етті. Иттің абалап үргені мен мысықтың бажылдап жатқаны құлағыма жетіп жатты.
Көзімді ашқанда, бетіме үңіле қарап отырған анамды көрдім. Жылағаннан көздері ісіп кетіпті.
-Мама.
Даусым әрең шықты. Басымды көтергім келген. Денем солқ етіп ауырды.
-Жата бер, құлыным. Саған тұрмасын деген.
Анам аялай шашымнан сипады. Ананың ыстық алақанының табы жүрегімді елжіретті. Өксік көмейіме тірелгендей болды. Басым сынып бара жатты. Қатты ауырғаннан солқ-солқ етеді.
Мені таңертең аулада бүк түсіп талып жатқан жерімнен бірден ауруханға алып келген. Дәрігер қатты шошынғанымды айтыпты. Құлаған кезде басын жерге соққан деген қортындылары тағы бар.
Әкемді сұрадым. Таңертең осында болыпты. Сосын үйдегі бала-шағаның жағдайын білуге үйге кеткен. Қазір тамақ алып келетін шығар деді анам.
-Қашан шығарады екен-дедім.
Басымның ауырғаны жаныма батса да анама сездіргім келмеді. Зорлана жымидым.
-Әлі жасайтын ем-домдары бар ғой. Шығасың, шығарған күні-деп шешем келте қайырды. Сосын күрсініп сөзін жалғады:
-Таңертең сені әкең үйге көтеріп кіргенде жүрегім ұшып еді. Сенің далаға қалай шыққаныңды да байқамай қалыппыз. Скорыйдың да тез жеткенін қарамайсың ба... Таңертеңнен бері осындамыз. Әкең де келеді. Екі бала үйде ғой. Солардың жағдайын біліп келуге кетті. Көрші Әлимаға тастап кете алмадым. Түнде әлгі Ұлбике әжең жүріп кетіпті. Әлима соныкінде жүрген шығар.
Денем түршігіп кетті. «Сонда қалай, ол кісіні таңертең ғана көрдім ғой!»
-Ол кісіні таңертең көрдім ғой.-дедім баяу сыбырлап.
Анам таңдана қарады:
-Әжең таңертең біздікіне келіп па еді?
Мен болған оқиғаны баяндадым. Анам шоршып түсті. Маған тағы тесіліп ұзақ қарады. Жанары тұман еді. Көзіне қарап ешнәрсені түсінбедім. Сенбеген сыңайлы. Күдіктеніп отыр. Бірақ тіс жарып ешнәрсе айтпады. Бар болғаны қолымды қатты қыса берді. Мен ақталуға тырыстым.
-Бәрі сол Дауылбай ғой. Сол мысықты шатырдан лақтырған.
Шешемнің көздері жасаурап сала берді
«Құдай-ай. Тағы да басталды ма? Қойып кетіп еді ғой.... ай-сормаңдайым-ай. Бісмиллә деші жарығым. Айттым ғой, саған атаң жаттатқан дұғаларды оқып жүр деп» деп анам жылай бастады.
Менің де жылағым келген. Қорққаннан жүрегім дүрсілдеп кетті. Басым тағы да солқ-солқ ауырды.
Анамның қолын қыстым. Жұбатқым келген:
-Мама, не болды соншама. Жыламашы. Енді онымен дос болмаймын. Нан ұрсын!!!
Анам шар ете түсті.
«Не деп кеттің жаным ау. Ол баланың өлгені не де бес жыл болды емес пе... құдай-ай не жазып едім. Қаршадай бала емес пе. Әкеңе де қақсадым. Бақсыға алып барайық деп. Тыңдамайды ғой. Тыңдамайды. Ай құдай... не істейм енді сені» деп егіліп жылай берді.
Мен қорқып кеттім. Жан дүнием әлем-тапырық болды. Ойымның астаң-кестеңі шықты. Дауылбаймен кеше ғана бірге жүрдім емес па? Мыңсаң ой санамды тілгілеп жатты.
Халатын желбіретіп дәрігер кірді. Кіре сала анама шүйлікті. Неге жылайсың? Баланың мазасын алма. Санасын шаршатпа. Болмайды. Күйзелтуге болмайды. Сосын маған бұрылып жағдайымды сұрады. Бәрі дұрыс болатынын айтты. Жазылып кететінімді айтты. Көп кідірмей анамды сыртқа алып кетті. Дәліздегі дәрігердің дауысының жаңғырығы маған талып жетіп жатты.
-Тамографияға түсіреміз. Кесіп айту әлі ерте, бірақ, тексеру керек. Бірақ міндетті түрде психиатрге қарату керек.. Мүмкін ісік... Бірінші келгенде-ақ айтқам.
Ары қарай кабинетіне кіріп кеткен сияқты. Есік тарс жабылды. Басымның ауырғаны қойғандай болды. Тұрғым келген. Басым айналды. Қайтадан орныма құладым. Ұйқтап кетіппін. Әкемнің қоңыр дауысынан ояндым. Шешеммен дауласып отырған сияқты.
-Қайдағы жын қонған. Айтпа ондайды. Беті аулақ. Дәрігер айтты ғой. Біледі ғой олар. Ісік болуы мүмкін. Галусинация соның кесірі деп. Психатрге де қаратамыз. Жас организм, жазылады.-деп жатыр әкем, баяғы әдеті. Ешкімге қатты сөйлемейді ғой.
-Саған бәрібір. Айттым ғой. Он жасында-ақ әлгі бала көз алдында өлгенде қайдағы жоқ нәрселерді айтып сандырақтап жүрді. Бақсыға апарайық дедім. Көнбедің. Бес жыл өтті одан бері. Ендігі сауығып кететін еді. Не істеймін енді.» анам тағы жылады. Мен көзімді ашқым келмеді. Әкем үндеген жоқ. Дәрігер келген сияқты. Екеуі де орынан тұрып, дәлізге шығып бара жатқанын естіп жаттым. Дәлізде тағы күбір-күбір әңгіме. Психиатриялық клиника дегенді құлағым шалды. Дәрігер айтып жатыр. Ауыстырамасақ болмайды деген сөздерді тағы естідім. «психиатриялық клиника!!!! Клиника!! Клиника!!». Құлағым шулады. Басым тағы солқ ете қалды. Су ішкім келді.
Көзімді аштым, тумбада тұрған суға қолымды создым. Басымды енді көтере бергенде, шшииииқ етіп есік ашылды. Анам шығар. Есіктен бас сығалады. Дауылбай!!! Беті аузы-быт шыт болып ыржиып күлді.
-Шынымен қарны жарылыпты. Міне, қара!!!
Есіктің артына жасырынған қолын шығара берді. Қолында мысық бар еді. Ішек-қарны шұбатылып, еденге сүйретіліп тұр. Мен көзімді тарс жұмдым. Дүние шыр көбелек айалып бара жатты.
(Тақырыбы өзгертілген)
vk.com
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz