Аруақтың бар екенін мойындадым
Өзбекстанда дүниеге келіп, Орталық Азиядағы ең көне оқу орны – Ташкент мемлекеттік университетінің тарихшы-археолог мамандығы бойынша тәмамдадым. Соған қарамастан қаным қазақ екенін ұмытпадым, өз жерімде, өз еліме қызмет етуді армандадым. Сол үшін 1975 жылы үшінші курстан кейін, ҚазКСР Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан археологиялық кешенді экспедициясының құрамында жұмыс істеуге бардым. Мені Орталық Азия археологиясының патриархы деп танылған – академик М.Массон атындағы әйгілі ғылыми мектептің өкілі ретінде өте жақсы қарсы алды. Экспедицияны Кемал Ақышев пен Карл Байпақов секілді керемет ғалымдар мен ерекше тұлғалар басқарды.
Мені дипломдық тақырыбым бойынша Отырардан батысқа қарай 12 шақырым қашықтықта, Сырдарияның арғы бетінде орналасқан «Оксус төбе» деп аталатын ескі Весидж қаласының орнын қазуға жіберді. Бұл қала билеушісінің баласы – біздің ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби болған. Еденіне күйдірілген кірпіш төселген сарай кешені төңірегінде қазба жұмысы басталып кетті. Бәлкім, осы еденмен кезінде кішкентай Әбу Насыр асыр салып ойнаған да шығар.
Университетті тәмамдағаннан кейін мені Ш.Уәлиханов атындағы ҚазКСР Ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтына жұмыс істеуге шақырды.
1978 жылдың көктемінде археологиялық экспедицияның құрамындағы институт қызметкері ретінде Отырарға қазба жұмыстарына жіберілдім. К.Ақышев пен К.Байпақовпен бірге көне Отырар қаласының орнын аралап жүргенде, ежелгі Отырардың батыс жағында тереңдігі 3-4 метрлік шұңқырды байқадық. Сол шұңқырдың түбінде күйдірілген қыштан қаланған үлкен дуалдың шетін байқап қалдық, бұл жерде қандай да бір іргелі архитектуралық құрылыс бар деген шешімге келдік. Осы жерде ауқымды қазба жұмыстарын бастауға ниеттендік. Сол қазба жұмыстарын басқаруға тағайындалдым.
Қазба жұмыстарын жүргізуге қырыққа тарта жұмысшы бөлініп, оларға басшылық еттім. Сызба сызылды, шым қабаты алынды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары сол жерде қабір болған екен, біз үлкен молаға тап болыппыз. Әрине, қазба жұмыстарын тоқтатуға болмайтын, бірақ моланы не істеу керектігін білмедім. Ол кезде атеистік заман және тапсырманы орындау керек болды. Сондықтан біз моланы жай қазып алып, сүйектерді топырақпен қоса үйіндіге тастап жаттық. Біртіндеп едені зерленген тақтамен қапталған, күйдірілген кірпіштен салынған ірі архитектуралық құрылыс негіздері көріне бастады. Бірақ ол құрылыс әлдеқайда төменде орналасқан және қазба жұмыстарына негіз болған іргелі құрылысқа еш қатысы жоқ.
Тап осы кезде бірнеше апта бойы өзімді мазалаған бір түсініксіз жайға тап болдым: не күндіз, не түнде ұйықтаудан қалдым. Көзімді жұмып, ұйқыға кетсем, қорқынышты түстер көрем, ақ лыпа киген бір нәрсе мені қылқындырады, ащы айқай мен зарлаған үн естіледі, ал түнде бөлмемде солар жүргендей сезінемін. Қара терге малшынып, әрең оянатынмын. Қайта ұйықтауға тырыссам, сол көрініс қайталанады. Сөйтіп, апталап ұйқым қашты, тіпті ұйқым қанбағандықтан, көзім қызарып кетті, тәбетім де жоғалды. Өзім кәдімгі дінге сенуші адам ретінде, мұның бәрі моланы қазғанның кесірі деп санадым. Сол кезде бізде қазба жұмыстарында жергілікті молда, қазақша емші – «тәуіп» жұмыс істейтін. Партияның дәуірі жүріп тұрған заман болғандықтан, әрине, биліктің оған деген көзқарасы түзу емес еді. Оны дүмше дейтін, сондықтан ол еш жерде жұмыс істемейтін. Бірақ ата-бабаларымның ишан болғанын ескеріп, оны қазба жұмыстарына алдым және оның жасы мен молдалығын ескере отырып, жеңіл жұмыс бердім; ол менің қағазға түсіру жұмыстарыма көмектесіп, жаңа қазба қабырғаларын дайындады. Жасы сол кезде қырықтың шамасында еді,бірақ мен үшін одан әлдеқайда ересек болып көрінетін. Ұмытпасам, есімі Базатхан болатын. Оған басымнан өткен жайды айтып, кеңеспекші болдым. Ол өзі де менімен осы жайында сөйлеспек болып жүргенін бірден айтты. Менің айтпаса да түсінікті нашар хәлімді байқап жүр екен. «Біздің өлген адамдардың сүйектерінің қалдықтарын үйіндіге лақтырып тастағанымыз – үлкен күнә және саған сол адамдардың жаны – аруақтар маза бермей жатыр, «істің соңы жамандыққа әкелуі мүмкін, күндердің күнінде ұйқыдан тұрмай қаласың: олар сені түсіңде тұншықтыруы да мүмкін» деді ол. Мен оған қиналып әрең оянатынымды, уақыт өткен сайын бұл жағдайдың өршіп бара жатқанын айттым. Енді не істеу керек екенін сұрағанымда, ол барлық сүйекті жинап, ақ матаға мұқият орап, барлық діни рәсімді орындап, сүйектердің қалдықтарын басқа орынға жерлеген дұрыс деді. Әрине, тез арада «құдайы тамақ» берілді – дұға оқылды, қой сойылып, құрбандық шалынды. Оған құрбандыққа шалуға қой, ақ мата сатып алуға ақша, қарамағына бірнеше адам қосып бердім. Олар мүмкіндігінше барлық сүйек қалдығын жинап, қазба жұмыстары жүрмейтін ыңғайлы жер тауып, Құран сүрелерін оқып, оларды қайта жерледі. Молда барлық жұмысшыны үйінде берілген құдайы тамаққа шақырды. Бір таңқаларлығы, содан соң жаман түс көрмейтін болдым; қалыпты, тыныш ұйқым оралды, тәбетім ашылды, бір сөзбен айтқанда кешкі алау басында гитарамен ән салатын және басқа да қызықтарымен есте қалған археологиялық өміріміз өз арнасына қайтып оралды.
Осыдан кейін жаңа мола көрінсе, Базатхан молдамен бірге Құран оқып, ары қарай оның бригадасы сүйектерді жаймен қазып алып, ақ матаға салып, дұға оқып, барлық рәсімді жасап, басқа орынға жерлеп отырдық.
Біздің экспедицияда Орынбек есімді күзетші, ұмытпасам – үлкен ақсақал, зейнеткер жұмыс істеді. Біз лагерьге кеткен соң, ол өзінің есегіне мініп, қазба жұмыстары жүрген жерді аралап, біздің зембіл, күрек және басқа да археологиялық заттарымызды күзетіп жүретін. Ол құдайы тамаққа жиналған елдің алдында қызық бір оқиғаны айтып берді. Өзінің есегімен Отырар қалашығын аралап жүріп, жерден шығып қалған қабырғаның бір бөлігін көрген. Өзі әдемі кішкентай күйдірілген кірпіштерден жасалған. Қатты ұнапты, сондықтан өзінің кемпіріне сыйлық жасайын деп шешеді: қабырғаны бөлшектеп, кірпіштерін қоржынға салып, есегімен бірнеше рет үйіне тасып алады. Сөйтіп, кешкі асты ішуге үйіне келеді; әйелі ошақтың басында күйбеңдеп кешкі асты дайындап жүр екен, көлеңкеде тапшанда отырып тамақтың дайын болғанын күтеді, сол арада көзі ілініп кеткен екен. Сол кезде оған әдемі ақ көйлекті жас сұлу әйел елестеп, қолындағы шыбығын сілтеп қалып: «Ей, қақбас шал! Неге менің үйімді бұзасың?!», – дейді. «Оянып кеттім, әлгі әйелдің ізі де жоқ екен» деп айтты күзетші. Ол дереу ұлдарын жинап, әлгі қабырғаны қайта тұрғызыпты. Сол жерде дұға етіп, әлгі әйелдің әруағынан кешірім сұрайды. Одан қабірді ешкім бұзбайтындай етіп топырақпен жақсылап жауып тастайды.
Күндер зымырап өтіп жатты, мен саясаттану ғылымдарының докторы, профессоры атандым, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің философия және саясаттану факультетінің деканы болдым. Бірде өзін Пәкістанның шейхімін деп таныстырған бір кісімен бірге іс-шарада болдым. Сол жерде ол Қазақстандағы ислам діні, қазақтардың сенімі туралы, біздегi шамандық пен табынушылық өте көп екендігі және мүмкіндігінше тезірек нағыз мұсылман болуымыз керектігі туралы айтты. «Сіздер осы өмірде шындығында жоқ ата-бабаларыңыздың рухына табынасыздар» дегенге келтірді. Сонда менің оған баяғыда басымнан өткен шынайы сол бір оқиғаны айтып беруіме тура келді. «Біз мың жылдан бері ислам дінін ұстанып келеміз және біздің Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Айқожа ишан және басқалар сияқты ұлы діни қайраткерлеріміз болды. Біз, қазақтар, солардың философиясымен, дүниетанымымен, олардың жақсы да игілікті істерімен өстік. Бізді үйретудің қажеті жоқ» деп түзеттім. «Біз мың жыл бұрынғыдай аруақтарды ардақ тұтамыз және болашақта да ардақтай береміз. Ол «қазақтар болашақта шамандықтың бір бөлшегі ретіндегі аруақтардан бас тарта ма, жоқ па?» деп сұрады. Оған мен былай деп жауап бердім: «Ия, қазақтар аруақтарды қашан ұмытатынын білемін», – дедім. Оның таңданғаннан көзі жанып кетіп: «Қашан?», – деді. Мен: «Бұл дүниедегі ең соңғы қазақтың көзі жұмылып, оның жаны ана дүниеде жай тапқанда, міне сол кезде қазақтар аруақ дегенді ұмытады», – деп жауап бердім.
Камал БҰРХАНОВ,
саясаттану ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері