Аруақтың бар екеніне көзім жетті
Осы кейбір адамдар аруақ бар, кейбірі жоқ десіп, таласып жатады. Мен мына өмірде бірнеше оқиғаларға куә болған едім. «Алаш айнасы» басылымындағы «Көрде өкіргенді көрген адам» деген оқиғаны оқыған соң солар есіме түсіп, біраз ойланып отырдым. Сосын соның бірін жаза салайын дедім. Мүмкін, баз-біреулерге ой салар...
Біз онда бала болатынбыз. Біздің бала болған заманымыздың ересек жігіттері мен азаматтары өңшең алыптар еді, олардың осалын көрген емеспін, бәлкім, бізге солай болып көрінген шығар?! Олар анда-санда бір үйге жиналатын болса, басы қой, соңы тоқты сойылып жататын. Ешкі сою ар саналатын. Біз секілді балалар қызық қуып сол үйді торысақ, үлкендер есік алдына барып, жастардың хал-ахуалын білісіп қайтатын. Сосын оларға өздеріне арнап жазылған дастарқанға ас келтіріліп, тіпті арақ та берілетін. Ол заманда арақтың қақпағы құпия хаттан бетер «сургуч» құйылып, бекітіліп тасталатын.
Мен бірде аудан орталығының Шанхайында тұратын нағашыларыма қыдырып бардым. Қыс болатын. Теміржол өткелінен асып өткен соң біраз жаяу жүретінбіз. Жол арасында жұрт «орыстың моласы» деп атайтын қоршаулы қабірстан болатын. Айналып өтетінбіз. Жаз айлары мола іші толған қау шеңгелде ешкі-лақ, қой-құтан жайылып жүретін, ал қыста моланың меңіреу тыныштығын шошайған крест басына қонақтаған қарғалар ғана «қарқылдарымен» бұзатын. Бұл жолы да қарғалар қарқылдап жатты, біз, анамыз екеуміз тез-тез басып өтіп кеттік. Ол кісі жайшылықта қазақ «қорықсаң, молаға барып түне» деп бекер айтпайды, өліден қорықпаңдар, тірінің қауіпсізі болмайды» деп отыратын. Ал «орыс моланың» қасынан қашанда шапшаңдатып өтетін. Себебі, бұл жер «қауіпті-міс».
Анамыз сол күні үйге қайтып, мен қысқы каникулде нағашыларымыздікінде болатын болдым: «балаларымен ойнап қалдым». Каникул аяқталуға жақын қалып, нағашыларым қалағанымды әперіп, көңілім ауғанды бәсіреге атап, үлкен нағашы ағам жол бойы ауылға қатынайын автобусқа отырғызып жіберетін болды.
Нағашым аудандағы белді бір мекемеде инспектор болатын. Қызметінде де, өмірде де аса беделді кісі еді. Ауданда ол кісіні танымайтын адам жоқ сияқты көрінетін.
Мен ол кісімен жүргенді мақтаныш көретін едім. Сол кісімен «орыс моланың» қасынан өтіп бара жатсақ, мола ішінде топыр-топыр адамдар, милициялар жүр екен. Нағашым «бұл ескі мола, мұнда адам қоймайтын еді ғой, бұл не?» деп солай қарай жүрді. Мен де бардым. Сөйтсек таң ертеңгісін базарға бара жатқан бір кісі мола ортасында теңкиіп жатқан адамды көреді. Киіміне қараса қазақ сияқты болғасын, «бұл мас болып молада ұйқтап жүрген қай жүгермек екен, қай сордың баласы екен» деп барып, көрмек болады. Жақындап барса штаны киілмеген... «Сорлы, біткен адам болды-ау, штанын киіп үлгермепті» деп жақындап барса... өлі! Дереу атан салып, «ой бауырымдап» елді құлақтандырады, өткіншілер жинала келіп, әуретін жауып, дереу милицияға хабар беріледі. Келсе ортадағы поптың моласының үстіне барып, үлкен дәретін сындырып, сол молаға өзінің пальтосының етегін қазықпен қағып, сол қазығына сүрініп өліпті. Балтасы қасында жатыр екен. Бұрын арақ ішіп көзге түспеген, өзінше паң, ақылман, өркөкіректеу азамат екен. Ең бастысы алқаш емес, даукестеу адам болыпты. Жұрт танып, аталарын, руын айтысып жатты. Милиция өлікті сол жерден «моргке» әкетісіпті. Содан сұрастыра келіп, бұл азаматтың қатарластарының сол аймақтың «8-март көшесі аумағында» бір үйде бастаңғысы болғаны, бұл жігіттің де кеш бата сонда кеткені белгілі болады. Сол үйге барған сержанттар үйде «ұйқтап» қалған 5-6 жігітті осында әкелісіпті. Біз де сол кезде барып қалған екенбіз. Нағашым сол жерде «допрос на месте» дегенге куә болатын болып, біз сонда тұрып қалдық. Келгендердің айтуынша: «Сол күннің алдын сол аймақтың жастары бір қой сойғызып бірінің үйінде бастаңғы жасамақ болысады. Бәрі сол үйде жиналып, үлкендер кеткен соң арақ ішіп, өзара сөйлесіп, біраз отырады. Содан сөзден сөз туып, оның соңы «орыстардың дініне, олардың аруағы болатын-болмайтынына ауады». Бір білгіш «барлық адамның аруағы болады, бірі жақсы аруақ, бірі кәпір аруақ» деп білгішсиді. Өлген жігіт бұл білгішпен соған дейін де ілінісіп отырған екен, "орыстардың діні дін емес, оларда аруақ болмайды" деп шап ете қалады. Содан дау-дауға ұласып, даукес азамат «мен орыстың попының моласына барып үлкен дәретке отырып, қазық қағып кетем, ертең соған сені апарып көрсетем. Түк те болмайды, ол орыстың попының аруағы маған ештеңе де істей алмайды» деп еліріп қоймайды. Сонымен олар бәске отырады. Даукес жігіт айтқанын істеп, өз нәжісі тұрған молаға қазық қағып кететін болады: «Азанда өзім келіп, сол молаға бәріңді апарып, қазық пен нәжісті көрсетемін», – дейді. Бұлар болса жеңілген жағдайда әрқайсысы 10 бөтелкеден арақ қойып, «білгіш» жігіт бір қой қосып беретін болады.
Сонымен даукес жігіт шығып кетіп, қалғандары тиын тігіп, күліс ойнап отыра береді. Ақша тігіп карта ойнаған соң бұған дейінгі сөз ұмытылып, назарлары тек құмарға ауып кетеді. Таң ата әркім отырған жерінде ыңғайланып жата салады.
Бәрінің айтқаны осы ғана болды. Содан нағашым мені апарып ауылдың автобусына салып жіберді. Уақиға біразға дейін есімнен кетпей жүрді. Сонда ол жігіттің етегінен молаға қазықпен қаққан кім? Өзі ма, аруақ па?
Уақиғаны ұмыта бастап едім, сол нағашы ағам бірде үйге кештетіп өзі келді. Апама Құран оқытып, аруақтарға бағыштатып, оны-мұны айтып отырып, әңгімесін сол уақиғаға бұрды. Дәрігерлік тексеру мен уақиғаны зерттеу нәтижесінде бұл жігітің үлкен дәретке отырып болған соң өз етегін өзі шатастырып, қазықпен қосып жерге қағып жібергені, содан тұрам деп тұра алмағанынан қорқып, жүрегі жарылып өлгені анықталыпты. Нағышым осыны айтып келіп, анамыздан: «Бәрі табиғи уақиға, ешбір дін уақиғасы жоқ, бірақ сол жігіттің екі көзі де үрейден шарасынан шығып кеткен екен. Мұз болып қатып қалыпты. Жібіген соң орнына келмепті. Ол сонда неден соншалықты қорықты екен» – деді. Анамыз сонда «дінімізде «мұсылман болсын, кәпір болсын, адам болсын, мал болсын, өлікті қорламаңдар» деген бар. Алланың қаһары ұрған да» деді да қоя салды. Нағашымның ол жауапқа қанағаттанбай, ойдан арыла алмай отырғанын көріп біздің анамыз інісіне: «Әй, сенің мұның не? Аруақ кәпірде болсын, мұсылманда болсын бәрінде бар, мал мен мүлікте аруақ болмаса да кие бар. Сондықтан дін мұсылманның салтанат құрғанына дейін пайғамбарымыз с.ғ.с. молаға баруды тиған екен. Неге, себебі онда тек жын емес, теріс аруақ бар. Ана моланы айналып өт, болмаса «Ей, Аллам! Жақсы да, жаман да бір өзіңнің жаратқаның, жақсыңды иманды ет, жаманыңды кешіре гөр» деп дұға жасап өт» деді. Мен содан бері осы амалды жасап келемін. Содан тағы бір оқыс уақиғаға кез болдым. Сонда жағамды ұстап «өмірі әліпті таяқ деп білмеген анамыз бұл насихаты қайдан үйреніп жүр екен?» деп таң қалдым. Жалпы қабірдің қабір екенін біле тұрып еш қорлауға болмайды. Өйткені, өзіне өткен пендесінің хақын Алланың өзі қорғайтыны шындық қой.
Әбдікерім Әбдімомынов
(Фейсбуктегі жазбасынан)