Бойдағы жынды қобыздың жәрдемімен қуады
Шымкенттегі Қабанбай батыр көшесінде «Ұлттық рухани емшілігі» деген емдеу орталығы бар. Бүгінде бұл жерге келіп кетушілер көп. Айтуларына қарағанда, емші басқаларда жоқ тәсілді қолданып, сырқаттарды қобызбен емдейді екен. Бұдан кейін біздің де бұл емшіге деген қызығушылығымыз оянып, ол кісіні іздеп барған болатынбыз.
«Маған түсімде қобызбен адам емдеу туралы аян берілді, – дейді Құдайқұл қажы Сұлтаев (суретте). – Қобыз тартуды білмейтінмін. Үйімде қобыз да жоқ. Адам емдеу ойыма да кіріп шыққан емес. Жоқ нәрсені қайдан аламын деген оймен жүре бердім. Содан тағы бір күні өзіме арналып қобыз жасалып жатқанын аян арқылы білдім. Сұрастыра келе Шыменттен қобыз жасайтын Мейрамхан есімді жігітті іздеп таптым. Одан қобызды алып, қобызшыларға барып, тартуды үйретуді сұрағанымнан ештеңе шықпады. Болмаған соң қолыма алып тартып едім, өзінен-өзі бір әуен келе бастады. «Қаратаудың басынан көш келеді...» деп басталатын «Елім-ай» әуенін тартып шықтым. Қазір одан басқа әуен тарта алмаймын. Бірақ адам емдеуге соның өзі жетіп жатыр».
Айтуына қарағанда, емші сырқаттардан қай жерінің ауырып тұрғанын сұрамайды. Алдына келген адамның ауруын өзіне қабылдау арқылы біледі. Яғни алдындағы адамның қай жері ауырса, бұл кісінің де сол жері ауырады.
«Дем салу арқылы адамның бойындағы сырқатты сылып тастаймын, – дейді емші. – Өзгелер секілді барлық ауруды емдеймін деп өзімді жарнамалағанға қарсымын. Оның бойындағы сырқат өзіме өткенде барлығы белгілі болады. Қолымнан келмейтін болса, дәрігерге баруды немесе басқа амалын табуды айтып қайтарамын. Емдей алатын адамыма 3 немесе 21 күн дем саламын. Келушілердің көпшілігі рухани жағынан тығырыққа тірелгендер. Ондайларға дәрігерден шипа көру қиын. Мен қобыз тартқанда олар әртүрлі қимылдар жасайды. Тіпті жылан болып өзіме шабуыл жасайтындары да бар. Кейін не болғанын сұрасаң ештеңе білмейді. Өйткені бойындағы жын көбейгенде адам делқұлы жағдайда жүреді. Мен ондайларды жиі емдеймін, ауруынан айығып кетіп жатқандар көп. Сырқаттанып келген адамның жан-дүниесін білу керек. Мен сол үшін онымен дін, имандылық тақырыбында әңгімелесемін. Бізге келушілер Аллаға ниет етіп, шын жүрекпен сеніп келмесе болмайды. Барып тексеріле салайын деп өзін-өзі алдағанымен Алланы алдай алмайды ғой».
Осы жерде біз Қазығұрт ауданының Қаратөбе ауылынан келіп ем қабылдап жүрген Қалдыбай Әміреқұлов есімді азаматтың пікірін сұрастырдық (суретте). «Мен есімнен танып құлап қала беретінмін, – дейді ол кісі. – Дәрігерлер эпилепсия деген диагноз қойды. Бірақ ешқандай шипа көрмедім. Қиналып жүргенде ауылға Құдайқұл көке барып менің жағдайымды көріпті. Дереу Шымкентке алып келіп емдей бастады. Қазір үш апта болды, жақсымын. Құламайтын болдым. Көкем қобыз тартқанда еңіреп жылап мен де ол кісінің өзіне ұмтылыппын, бірақ бұл әрекетімді өзім білмеймін. Енді бірнеше күннен кейін емдеу мерзімі аяқталады, ауруымнан толық айығамын деген үміт бар. Бұл кісіге үлкен рахмет».
Науқастарды рухани әдіспен емдейтін Құдайқұл қажы қос перзенттің әкесі. Көпшілікке көрсеткен қызметімнің шарапатын осы ұлым мен қызым көрсе болды дейді ол кісі. Емшінің жұмыстарына біз де сәттілік тіледік.
Ұ. РАЙЫМБЕКҰЛЫ.