"Бұл үйден кетіңдер!", - деп айқайлаған елес
Біз өмір сүріп жатқан әлемде әлдебір мистиканың болатынына көп адам сене бермейді. Алайда NUR.KZ порталының кейіпкерлері мұндай жайттардың бірталайын басынан өткерген. Бірнеше оқиғалардан құралған топтаманы назарға ұсынамыз.
Елестер үйі
Алматыда ескі үйлер көп. Солардың біріне Даниярдың отбасы да көшіп барды. Ол дәл сол жылдары бесінші сыныпта оқитындықтан, болған жайттың барлығы көз алдында сайрап тұр. Күнде түнде оның анасы шошып оянып, біреудің қылғындырып жатқанын айтатын. Оны қылғындырып жатқан әйел: "Бұл үйден кетіңдер!", - деп айқайлаған.
Кейіннен күнде түнде ұйықтай алмаған отбасы бұл үйді сатып кетуге мәжбүр болды.
Бір қызығы, бұл үйде олардан соң ешкім тұрақтамапты.
Алматыдағы мектеп-интернат
Қаладағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың бірінде түлектердің барлығы қатты қорқатын жайттар орын алып тұрады. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп түлектерінің бірі басынан кешкен жайтты баяндап берді.
"Біздің мектептегі интернат жайында ел арасында түрлі әңгімелер бар. Вахтада істейтін апайлар, күзеттегілер көп тұрақтамай, жұмыстан шығып кетеді екен. Көк пижама киген баланың елесі ғимаратты түнде кезіп жүреді дейтін. Көптеген баланың көзіне көрінген. Бізді бір күні мектептегі кітапханаға апарып жатқызды. Жиырма қыз үлкен бір бөлмеге жайғастық. Бір қызығы, жарықты өшіріп, көзімізді жұматынымыз сол ақ екен, пакеттер шықырлай бастайды. Көзімізді аша қалсақ, қоя қалады. Құдды біреу бізбен ойын ойнап тұрғандай. Бір қызығы, бәріміз де бұл дыбысты естиміз. Кейіннен білдік, бұл бөлмеде оқушы бала асылып қалған екен. Бір күні М. есімді қыз қатты шошып, біреу қылғындырғалы тұр деп айғайлай бастады. Алланы аузына алып, түсініксіз бірдемелер айта бастады. Бетінің бәрі тырысып, қатты қиналды. Ертеңінде ата-анасы алып кетті", - дейді Айман.
Айнадағы елес
Амангелді он бір жасында үйде жалғыз болған. Әжесі сатып берген мектеп формасын киіп көріп, айнаға бара қалғаны сол екен, артқа қарай бір-ақ шегінде. Оның қарсы алдында елес қарап тұрды. Ол ауызғы бөлмеге қарай жүгіре жөнелді. Ал елес оның артынан қалмай, жарты жолға дейін бірге келді. Ол үйден жүгіріп шығып, әжесі келгенше далада күтіп отырды.
Көшедегі керуен
Алматының солтүстігіндегі Қапшағай тасжолы туралы да ел арасында түрлі оқиғалар бар. Алайда жолдың Жетіген елдімекеніне қарасты бөлігінде бұдан он жыл бұрын кәмідгі түйелі керуенді көрген Ержан есімді кейіпкер бұл жердің қасиетті екенін сенеді.
"Бұл жер туралы түрлі оқиғаларды еститінмін. Бірақ көзі көрмеген адам сенбейді. Мәселен бір күні әйелім екеуіміз қаладан қайтып келе жаттық. Әйелім алдыңғы орында ұйықтап отырған. Бір кезде жолдың оң жақ бөлігінде түйелердің керуені өтіп бара жатқанын көрдім. Қиқулап, иттер жүгіріп, орта ғасырдағы кітаптың көретін киім үлгісін киген жолаушылар да жүр. Мұның барлығын ап-анық көрдім. Бәлкім бір кино түсіріп жатыр ма деп ойладым. Кәдімгі керуен. Бір кезде әйелімді ояттым. Дәл сол кезде көз алдымдағы керуен жоқ болып кетті. Әйеліме болған жайтты айтып едім, сенбеді", - дейді елуді еңсерген Ержан.
Қылышты елес
Алматыдағы мектеп-интернаттардың бірінде оқыған Айнұр көзіне көрінген қылышы бар әлдебіреу туралы айтып берді.
Айтуынша, бұл елесті ол түнде көрген. Сондықтан ұйқылы-ояу жатып, түс көргем деп те ойлаған. Алайда бір күні әңгіме арасында ол интератта істейтін апайға сол елесі туралы айтып береді. Апайы таң қалып, дәл сол қылышты кісіні ол да көргенін айтады.
Ұйқысыраған қыз
Гүлжаухар есімді кейіпкер өзінің әпкесінің түнде қатты ұйқысырайтынын жеткізді. Ол әпкесі туралы өте қорқынышты естелікті баяндап берді.
"Ол түнде жатып сөйлейтін, мән бермейтінбіз. Қатты ұйқысырайтынын білеміз. Бірақ бір күні ағайындарымыз бас қосып, үлкендер туған күн тойлады. "Туған күнді жалғастырамыз" деп олар тоғайдың арғы жағында тұратын ағамның үйіне бармақ болды. Әпкем шаршап ұйықтап қалған. Бәрі оны оятып, бізбен барасың ба деп сұраған. Алайда әпкем ұйқысын аша алмай, қалатынын айтты. Біз бала-шаға, екі машина болып, айналмалы жолмен он минутта ағамның үйіне жеттік. Барсақ, үйде ұйықтап жатқан әпкеміз ағамның үйінде ұйықтап жатыр. Сөйтсе, ол тоғай арқылы өтетін төте жолмен жеткен болуы керек. Ал ертесінде ол болған жайттың бірін де есіне түсіре алмай, шошығанынан дірілдей берді", - дейді ол.
Бөлмедегі күрсініс
Ерлі-зайыпты Нұржан мен Алмагүл жаңа үйге көшіп келген. Екі баласы бар олар жеке шығып, ата-анасынан бөлек өмір сүргісі келеді. Алайда Алмагүл соңғы кездері жаңа үйде өздерінен бөлек әлдебіреудің барын сезеді. Ол үйде жалғыз қалса болды, біреу қайта-қайта ауыр күрсіне береді. Оны жалғыз өзі емес, күйеуі де естиді. Балалары қорқып қалмас үшін, олар мұны жасырып, не істерін білмей әлек болады. Нәтижесінде молда шақырып, құран оқытады. Осыдан соң күрсіну де азайып, кейіннен мүлдем жоғалып кеткен.
Автор: Айтолқын Күзербаева