Дуамен өрттің бетін қайтарған молда
Өткен ғасырда Мырзашөл өңірінде тұрған кісілердің Ешмет молданы білмейтіні кемде-кем шығар. Ол кісі ел-жұртқа қасиетімен танылған молда болған. Бұхара, Самарқан, Хива, Қоқан, Ташкентте діни ілім алған. Өмірінің 25 жылын ілім алуға жұмсаған. Кеңес үкіметі тұсында діни ұстанымы үшін сотты да болған. Сол кісінің өзім куә болған бір-екі тылсым құдіретін ,айтып бергелі отырмын.
Менің апайым Ешмет молданың үйіне келін болып түскен еді. Құда болған соң Ешмет ақсақал біздің үйге жиі келіп тұратын. Бір қызығы, ол кісі «ауылға қайтамын» деп кеш қараңғы түскенде жолға шығып кете беретін. Ешмет ақсақалдың ауылы көрші ауданда тұратын. Ол кезде қазіргідегідей көлік те көп емес. Ата-анамның «кеш болып қалды, көлік шықпай, жолда қиналасыз, одан да бүгін осында қонып, ертең күн жарықта қайтыңыз» дегеніне «мен үшін алаңдамаңдар, мен әп-сәтте үйге жетіп алам» деп кете баратын. Расымен де кейін үйге апайым не жездем келгенде «сол күні кеш кетіп еді қиналмай жетіп пе?» деп сұраса, арысы екі сағаттан соң үйге жеткенін, біреудің үйге дейін көлікпен жеткізіп салғанын айтатын. Ондай жағдай жиі қайталанатын. Кейін ол кісі кеш қайтса да, ата-анамыз алаңдамайтын болды.
Жазғы демалыс болатын. Сондықтан әпкемнің үйіне барсам деп жүргем, бірақ ол жаққа жолы түсіп тұрған кісі кезікпей-ақ қойды. Сөйтіп жүргенде, бір күні Ешмет ақсақал үйге келді. Енді сол кісімен еріп кетіп, әпкемнің үйіне баратын мүмкіндік туды. Үлкендер тамақ ішіп отырғанда, мен үйге кіріп-шығып жүргем. Ондағы ойым сәтін тауып апама «мына кісіге мені ертіп кетуді айтыңыз» деп сұрау болатын. Дастархан басына бармай, апамның арқа тұсына келіп отырдым. Бір кезде Ешмет ақсақал «сен біздің үйге бармақшы болып отырсың ба?» деп сұрады. Оған апам жауап берді. Кейін «менің баратынымды сіз айттыңыз ба?» деп сұрасам, апам ол жайлы сөз қозғауға үлгермегенін айтты. Сонда ол кісі менің барғалы жүргенімді қалай білді екен?
Бұрынғы әдетінше, Ешмет ақсақал жолға кеш болғанда бірақ шықты. Мені қасына ертіп алды. Күре жолдың бойына шыққанша өсиет айтып барды. Мен ол сөздердің бәрін мақұлдап, бас изеумен келем. Біз жол бойына жеткенде, алакеуім қараңғылық басталған еді. Жолдың екі бағытында да көлік көрінбейді. 15-20 минуттай тұрған шығармыз. Маған ол өте ұзақ болып сезілді. Ішімде «көлік шықпай үйге қайтатын шығармыз» деген күдік пайда болды. Мен ойлап үлгергенше, ойымдағыны оқып қойғандай, «уайымдама, қазір көлік келеді, әне-міне дегенше, үйге жетіп аламыз, кете алмай қаламыз деп қорықпа» деді. Ол кісі сөзін аяқтағаны сол еді, қарсы бағытта бір көлік пайда болды. Біздің қасымыздан өтіп барып, кері бұрылып келіп, біздің алдымызға тоқтады. Көлігінен шығып, Ешмет ақсақалмен амандасты. Соған қарап танысы екен ғой деп қуанып қалдым.
Көлік иесі Ешмет ақсақалдан қайда баратынын сұрап, машинаға отыруымызды өтінді. Ақсақал мәшинаның алдыңғы орындығына жайғасты да, артқы орындық толықтай менің еншіме тиді. Көлік жүрген соң Ешмет ақсақал шопырдан аты-жөнін, тегін сұрастыра бастады. Алайда, ақсақал көлік жүргізушісін де, арғы аталарын да танымайтын болып шықты. Сонан соң жігіт ағасы Ешмет ақсақалдан жөн сұрады. «Мен Ешімет деген молда болам» деді. Шопыр жігіт Ешмет ақсақалды сырттай білетінін айтты. Солай әңгімелесіп отырып ауылға қалай жетіп қалғанымызды да аңғармай қалдым. Ауылға жеткен соң ақсақал «осы маңнан түсіріп кет» деп еді, шопыр «үйіңізге дейін апарамын» деп, қалай жүру керектігін сұрады. Сөйтіп, айналасы біржарым сағаттай уақытта Ешмет ақсақалдың үйіне жетіп алдық.
Күнде суға шомылып, бақтан алма ұрлап әпкемнің үйінде 10 күн жүрдім. Біздің ауылға баратын адам болса, енді мені үйге қайтармақ болып жүрген. Бір күні түс мезгілінде сырттан «өрт, өрт болып жатыр» деп айғайлаған дауыс есітілді. Үйде отырған бәріміз далаға жүгірдік. Есік алдына шықсақ, көршілерінің әпкемдердің қорасымен жапсарлас орналасқан қорасы өртеніп жатыр екен. Өрт әпкемнің үйінің қорасына қарай жылжып келеді. Енді сәлде, әпкемдердің қорасына өтеді. Бір кезде Ешмет ақсақал саты қойып, қораның үстіне шықты да бірдеңе оқи бастады. Қолына қысымдап алған топыраққы бірнеше мәрте үшкіріп, оттың алдына шашып жіберді. Құдайдың құдіреті, әпкемдердің қорасына қарай келе жатқан от бағытын өзгертіп, кейін қарай кетті. Көрші үйдің қорасы, жиған шөбі түгелімен өртке оранды. Асықпай жеткен өрт сөндірушілер жанып бітуге жақын қалған өртті сөндірді.
Кейін өрттің қалай кері қарай кеткенін сұрағанда, Ешмет ақсақал өртке қарсы дуа оқып, оттың бағытын өзгерткенін айтты. Айтуынша ондай дуа өте ауыр болады екен. Ондай дуаны оқығанда адам өте көп энергия жоғалтады. Егер күші жетпесе, оқыған адам өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан өз күшіне сенбесе, ондай дуаны кім көрінген оқи бермейді екен.
Ол кезде мен 7 сыныпта оқитын бала едім. Кейін есейгенде ол кісінің талай отбасын, дуаның күшімен ажырасудан алып қалғанының куәсі болдық. Ол кісі дуаны тек қайырымды іске ғана қолданатын еді. Білетіндердің айтуынша, ол өңірде Ешмет ақсақалдан өтетін мықты молда болмаған, қазір де жоқ. Бүгінде Ешмет ақсақалдың кіндігінен тараған 11 перзенті Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал, Сарыағаш аудандарында тұрады. Бірақ Ешмет молданың қасиеті балаларының ешбіріне де қонбаған. Бәлкім немерелерінің, шөберелерінің біріне даритын шығар. Қазіргі кезде молдасымақтардың әрекетін көрем де, «қайран Ешімет ақсақал» деп еске алам. «Ол кісі тірі болса, мыналардың бәрін орын-орнына қояр еді-ау!» деп ойлаймын.
Дәрмен Мергенбаев, Мақтарал өңірі