Егіз әлем жайлы не білесіз?
Талай тылсым оқиғалардың куәсі болып жүрміз. Қос әлем жайлы фильмдерді көзіміз көріп, аңызға бергісіз оқиғаларды құлағымыз естіп жүр. Келешекке, кеткен күнге, алысқа, жақынға және адам санасынан тыс басқа әлемге яғни ертегілер еліне тасымалдайтын түрлі құрылғылардың да жайынан хабардармыз.
«Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, адам сенгісіз бұл оқиғалардың да бір ұшында тұнып жатқан сыры бар шығар. Ендеше, адамды екінші өлшемге секіртетін жер әлемнің түкпір-түкпіріндегі нүктелеріне тоқталып өтейік.
Айнаның арғы жағы
Күнде қарап жүрген қарапайым айнадан сіз өзіңізден өзге ешкімді көре алмасыңыз анық. Бірақ өзге жандар дәл сол айнадан өзінің тағдырымен таласқан екінші әлемді таниды. Олардың пайымынша, қарсы алдыңда тұрған әйнектің арғы бетінде екінші егіз әлем бар. Яғни айна біздің тағдырымызды қос әлеммен қиыстыратын көпірдің рөлін атқарады. Бұл пайымды сергек ойлайтын жандардың жоққа шығарары сөзсіз. Бірақ сиқыр мен магияның түр-түрі осы жылтыр әйнектің көмегімен іске асатынын ескерсек, айна жайлы айтылған қисынсыз әңгімелердің растығына сенгендей боласың. Айнаның сиқырына сенген ғалымдар да болған екен. Мысалы, ғылымда «Козырев айнасы» аталып кеткен құрылғы бар. Жылтыр аллюминийден жасалған бұл айнаның адамды түрлі ойға шомдыратын, тіпті кейде өзге әлемге сапар шектіретін қасиеті болған-мыс. Ғалым Н.Козыревтің ойлап тапқан бұл құрылғысын өз сынынан өткізген адамдар сынақ барысында бала күнінің суреттерін және өзге де елестерді көргенін айтқан. Кім біледі, тілін тапса айна да адамның, әлемнің талай сырын ақтаратын шығар...
Қос кеңістікке қатысты түрлі болжамдар айтылады. Тіпті бұл болжамға Гогольдің «Сиқырлы мекен» атты повесін оқыған жан шын сенуі мүмкін. Аталмыш еңбекте адамды екінші кеңістікке лақтыратын сиқырлы жер жайлы айтылады. Иә, мұндай сиқырлы көпірлер жер жаһанның түкпір-түкпірінде болуы мүмкін.
Рас-өтірігі нақтыланбаса да, мұндай көпірлер ғылымда бірнеше түрге бөлінетін көрінеді. Білуімізше, адамды айға да тасымалдап жіберетін порталдардың жұмыс істейтін уақыты тұрақты емес. Үнемі өзгеріп отырады. Яғни, ертегілер әлеміне кіретін есік бірде ашық болса, бірде құлыптаулы болады. Сондай-ақ олар оңды-солды көше береді. Арлы-берлі көшіп жүретін «аттану нүктелері» бірде Америка құрлығына көшіп барса, бірде шалғайда жатқан Гренландия мұзды аралына қоныс «аударуы» мүмкін. Кейде тіпті қарапайым тіршілік етіп жүрген жанның дәл түбесінен түсіп, тағдырын тұрақсыз өмірдің тұрлауына салып жіберуі мүмкін. Иә, осындай «адасып жүрген» нүктелер кейде сау адамның санасын алдап, бұл әлемнің ту сыртына сырғытып жіберуі ғажап емес. Өмірде мұндай оқиға да болған.
1880 жылы Теннеси штатының тұрғыны Дэвид Ланг үйіне келе жатқан жерінен жоғалып кеткен. Аяңдай басып үйіне келе жатқан жерінде ғайыптан тайып күйеуінің із-түзсіз жоғалып кеткенін өз көзімен көрген әйелі басында түкке де түсінбеген. Өз көзіне өзі сенбеген ол бастапқыда мұны жай елес деп ұққан. Бірақ... Күйеуі «сол кеткеннен мол кетті, оралмады». Қоныс аударып жүретін қара нүкте Дэвидті жолынан адастырып, өмірін тас-талқан етті. Біраз жыл өткен соң отағасы жоғалған жерде диаметрі 5 метрге жететін дөңгеленген қара нүкте пайда болған. Көп ұзамай, Дэвидтен хат келген. Ол өзінің аман-саулығын айтып, бұл әлемнен тыс кеңістікте тіршілік етіп жатқанын жазған. Иә, бұл шындықтан гөрі аңызға көбірек ұқсайды.
Ал 1994 жылы норвегиялық кеме Атлант мұхитынан емізулі нәрестені тауып алған. Бір қызығы, нәрестені суға батырмай жанын сақтап қалған құтқару дөңгелекшесі Титаникке тиесілі болып шықты. Бұл нәресте 1912 жылы қайғылы жағдайда суға кеткен Титаниктен аман қалған бала болуы мүмкін ғой. Қоныс аударып, көшіп жүрген уақыт иірімі осы балаға кез болып, оны болашаққа ауыстырып жіберген. 1953 жылы Мехикода да дәл осындай жағдай қайталанған. Филиппин аралында азаматтық борышын атқарып жүрген жауынгер ойда-жоқта Мехикодан бірақ шыққан. Бұл елге қалай тап болғанын жауынгердің өзі де түсіне алмаған. Иә, әлемде осындай қызықтар болып тұрады. Осыдан соң айтылған жайтқа сенеріңді де, сенбесіңді білмейсің.
BNews.kz сайтынан алынған