Керегедегі ақ лента
Екі мың он бірінші жылдың қазан айының отызыншы жұлдызы. Түн. Тәулікте зымырап сәрсенбіден бейсенбіге ауып барады. Уақыт түнгі сағат он бірден аса бастады. Бөлмеде жалғыз жатырмын.
Мұндайда ұйқы да келу қиын екен. Бөлмедегі ауамен демалуға жүрек деген азамат риза болмай, бөлме терезесін ашып молдап ауа жұтып, жаным рахаттанғандай болды. Дала да тыныштық. Алғашқы қардың қырбағы да жер бетін ағарта бастапты.
Аурухананың бөлмесінің төсегінде жалғыз өзім басымды құбылаға қаратып жатқанмын. Сағат тілі түнгі он екіге жақындаған болатын. Жарықты өшірдім. Енді дем алайын деп ұйқым келмесе де, бөлменің жарығын сөндіріп төсегіме қисайдым. Бір уақытта белгісіз күштің әсерінен қайтадан тұрып толық дәретімді алып, білген дұғамды оқыдым. Маған бір сезім әсері сен қырық бір түрлі ақ тілек тіле ден санамды қозғағандай болды. Тілегіңді жария етпейсің, хатқа түсірмейсің осыны есіңе сақта дегендей нұсқауды ұқтым. Биссіміллаһи ар рахмани ар рахимды қайталай отырып еліме, халқыма, елбасыма, жанұям мен ұрпақтарыма және аруақтарға арнап бата жасап, Алла тағаладан қырық бір түрлі ақ тілегімді тілеп бетімді сипадым. Бір-ақ, осы қырық бір тілекті санай отырып, қалай аяқтағанымды өзім де байқамадым. Бір жақсылықтың боларын сезгендей, көңіл-күйімде көтеріліп шаттанғандай сезімде болдым. Көзімді жұмып ұйықтайын дегенімде, көзімнің жабығына қарамастан бүкіл денем арқылы бөлмеде пайда болған белгісіз кеңістікке ене бастадым. О, құдірет-ай десеңші, өзіме-өзім сенбестей халде көзімді ашып жата бердім. Бір уақытта бөлменің іші қоңыр түске бояла бастады.
Тырыс деген әжептеуір дыбыс та естілді. Мән бермейін десем, түнгі тыныштықта ешқандай қимыл жоқ болатын. Қарсы керегеге қарасам еденнен бір метрдей жоғары қарай өсіп бара жатқан «ақ ленталы» жарық саулесі пайда болды. Жан-жағыма қарадым, іштен де және сырттан да бөлмеге түскен жарық жоқ. Бұл қалай деп тағы да аң-таң болдым. Алғаш биіктігі жиырма сантиметрдей, ені жеті-сегіз сантиметрдей керегедегі ақ жарық үлкейе келе ұзындығы екі метрдей, ені отыз-отыз бес сантиметрдей болды. Ақ жарықтың астыңғы жағы қақ ортасынан бөлініп, ортасында ақ түсті сызық пайда болды. Адамның екі аяғына ұқсап барады. Тез арада адам бейнелі, үстіндегі дене киімі денесіне жабысқан бейнеге айналды. Мен басымды солға бұрсам толқынды теңіздің ағысын көрдім...
Зядан Қожалымов
(«Түнгі ғажайып» кітабынан)