Кісікиіктің киесіне ұшыраған жылқышы...
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасы. Майлы ауылының жылқышылары жылқы отарына жылдағыдан ерте қамданып, талай жұтта қотыр тайын да бермеген, жайлы мекен – әйгілі Жоңғар ойпатындағы Қобының құмына қазан айы туысымен бет бұрған.
Межелі мекенге жеткен олар жылдағы дәстүр бойынша күздікке арда емген қысырдың тайын жығып, қара қостан қазының иісін аңқытып жата береді.
Отардағы үш жылқышы кезек қалып тамақ істейді. Құзғынсәріде тұрып, жолдастарының ас-суын беріп, жолға салған Жотан түс ауа кешкі астың қамына кіріскен. Қазанға қоспасымен бір жілік етті тоғытып жіберген ол жігіттер келгенше көз шырымын алуға жантая кетеді. Ақшам әлетінде қосқа келген жігіттер ұйқының атасын танытып жатқан Жотанды оятып қараса, ет жоқ. Тіпті, бір ұрттам сорпа да қалмаған, қазан қаңырап бос тұр. Қарыны ашып келген жігіттер Жотанның бұл «жалқаулығына» ренжіңкіреп, қазанды қайта көтереді.
Жолдастары кезекшілікті дұрыс атқармағаны үшін Жотанды тағы бір күн қоста қалдыратындарын айтады. Иен қоста қалу ат үстінде жүрген жігіттер үшін ең ауыр күн болса керек. Қатардан қалып бара жатқанына қапаланса да, кешегі істің байбына барғысы келген ол жолдастарының дегеніне көніп, өткен күндегідей қазанды асып қойып, өзі сырттай бақылап жатады.
Бір кезде шашы дудар-дудар, сырты түк, қос омырауы салақтаған бір мақұлық аңдып басып, қазанға таяпты. Бастапқыда тіксініп қалған Жотан бұрынғы жылқышылардың «осы маңда кісікиік бар» деген әңгімесі есіне түсіп, бойын тез жиып, дыбыстаған екен, әлгі «қонағы» біраз жерге қашып барып, қайта жақындайды. Иен далада өздерін ес көріп келген мақұлыққа Жотанның да іші жылып, қолынан ет беріпті. Екі жігіттің қарасы көрінгенде, кісікиік жолына түскен. Ертеңінде Жотан өзі сұранып қоста қалады, кісікиік те келеді. Бұл кездесу күн сайын қайталана береді. Басында жолдастары оның бұл үйкүшіктігіне онша мән бермесе де, күндер өте бір құпиялықтың барын аңғарып, аңдуға келісіпті.
Сөйтсе, бұлар қостан алыстай бере, әлгі кісікиік келеді екен де, кеш бата тайып тұрады екен. Неше күн сырттай аңдыған олар бір күні тал түсте келіп, «жас жұбайлардың» үстінен түсіпті. «Жас келіннің» аяғы да ауыр екен...
Жылқышылар отардан қайтудың қамына кірісіп жатқан мезгілде кісікиік те туыпты. Жылқышылар кісікиікке көрінбей көшіп кетеді. Бірақ соңдарынан қуып жеткен әлгі байғұс Жотанның қолына баланы ұстатады. Алмаған екен, жолдарына апарып қойып кетеді. Бірақ жылқышылар баланы тағы да айналып өтеді. Кенет баланы көтеріп, қайта қуып жеткен кісікиік ерекше үрейлі бір дауыспен шыңғырып тұрып айғайлап, баланың бұтын бұт, қолын қол етіп айырып, Жотанға қарай бар пәрменімен лақтырып, кете барады.
Кісікиіктен құтылып, ауылдарына аман жеткенімен, келген күні түнде Жотан да еш ауырмастан тұтқиылдан көз жұмады. Бұл үрейлі оқиғадан кейін әлгі ауылдың жігіттері Қобының құмына жылқы қыстатпайтын болыпты.
Арман Марқа
alashainasy.kz