Күнбүбі көріпкелдің әңгімелері
Тылсым дүниенің бізге беймәлім құпиялары көп қой. Бақилық болған жандардың аруағымен тілдесетін, байланысқа түсетін адамдардың болатынын естісем де, бетпе-бет кездескенім осы Күнбүбі көріпкел еді.
Басына қарқарадай қылып ақ жаулық салған орта жастағы әйелді асқа жиналғандар: «Күнбүбі көріпкел – осы!» деп сырттай меңзеген соң оны ортаға ала алқақотан отырған көптің шетін ала мен де жайғастым. Алланың салауаты мен сәлемі, оның елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз жайлы уағыз айтып, жұртты аузына қаратқан көріпкелдің сәл тыныстаған сәтін пайдаланып: «Сіз осы жолға қалай түстіңіз?»- деп сұрадым.
Көріпкел Күнбүбінің алқалы топтың алдында айтқан сондағы әңгімелерін «Алаш айнасы» оқырмандарымен бөліскенді жөн көрдім.
Күнбүбінің бірінші әңгімесі
– Менің осындай жолға түсуімнің өзі адам айтса сенгісіз жағдай, – деп бастады әңгімесін көріпкел әйел. – Орыс мектебінде білім алдым. Дінге, құдайға сенбейтін нағыз атеистің өзі болатынмын. Диплом алатын жылы бір жігітпен танысып, көп ұзамай тұрмысқа шықтым. Күйеуім әскери адам еді. Ол да орыс мінезді, кеңестік дәуірдің қып-қызыл офицері. Көп ұзамай тұңғышымыз дүниеге келді. Нәрестенің өмірге келуімен бірге маған да бір дерт жабысты. Түн баласы көз ілмеймін. Көзім ілініп кетсе, неше түрлі қорқынышты түс көремін. Сандырақтап сөйлеп, шалықтап күлетін кепке қалдым. Күйеуімнің апармаған дәрігері қалмады. Өзім де әбден азып қатты күйзелдім. Сөйтіп жүргенде бір күні ауылдан анам келді. Екі-үш күн қасымда болып, ауылдағы молдаға алып баратынын айтты. Жан тәтті ғой, анамның бұл далбаса тірлігінен бірдеңе шығар дегенге сенбесем де келістім. Келіспейтіндей амалым да жоқ еді.
Басында ақ сәлдесі бар, аппақ сақалы омырауын тұтас жапқан ауыл молдасы тамырымды ұстап отырып: «Шырағым, намазға жығыл, бойыңды буған дертің дін жолына түссең кетеді. Жүрегің таза, ниетің түзу екен. Алла нәсіп етсе, ауруыңнан айығасың», – деп дем салып, дүға оқып, шіріткі жазып берді. «Намазға жығылы несі, түк те білмеймін ғой» деген оймен шешеме еріп үйге келдім. Шешем намаз оқитындардың қатарынан емес. Әйтсе де дәреттеніп, ертесінде ертемен мені намазға тұрғызды. Алланың құдіретіне көзім сонда жетті. Жайнамазға маңдайымды тигізген сәтте құлағыма алыстан күңгірлей оқылған әлдебір дұғаның сарыны құйыла берді. Бірте-бірте бетім бері қарап, ұйқым түзеле бастады. Құлағыма құйылатын дұғаны іштей қайталай жүріп, намазымды қаза жібермей оқуды үйрендім. Арада үш ай өткенде дертімнен толық айыққандай өзімді сергек сезіндім. Көп кешікпей күйеуім Өскеменге алып кетті. Шағын әскери қалашықта тұрып жаттық. Қала тұрғындарының көбі әскери адамдар және өзге ұлттың өкілдері. Баламен үйде отырған мен енді намаз оқуды ғана емес, Ислам діні жайлы жазылған кітаптарды да қызыға оқи бастадым. Осындай күндердің бірінде ауылдағы анаммен тұратын өзіме тете інім телефон шалды. Беймезгіл қоңыраудан қорқып кетсем керек, інім: «қорықпа, аманбыз. Тек түнгілік түнімен үйдің ішінде біреу жүреді. Есіктерді ашып, жауып, еденді тарсылдатып зәремізді алады. Мүмкін, келіп кетерсің», – деді. Келіп-кету оңай ғой, берекелерін алған не болды деген ой мазалап, ауылдағы үйді көз алдыма елестете бастадым. Ауылдың шетінде еді үйіміз. Үйдің іргесінен жол өтеді. Жолдың арғы бетінде жүз-екі жүз метрдей жерде зират бар. Міне, мынау қарағайдан қиып салынған біздің үй. Бау-шарбағын, қора-қопсысын экраннан көргендей көз алдыма елестетіп отырған менің әлде көзіме, әлде санама көрінді ме, үйдің іргесінен екі-үш метрдей жерде, бақшаның ішінде жерленген мүрденің суреті елес берді. Ап-анық көрінді десем болады. Құлағыма еркімнен тыс құйылған дұғаны оқи отырып, бір тылсым құдіреттің өзіме де беймәлім күшімен әлгі мүрденің аруағын шақырдым. Сондағы көргеніме әлі күнге дейін өзім де таңғаламын. Еңгезердей батырдың түсі суық екен. Оң жақ шекесінде самайына қарай қиғаштай шапқан қылыштың ізі бар алпамсадай адамның бейнесіне бақырая қарап қалдым. Бұл менің аруақпен бірінші рет жүздесуім еді. Бойымда ешқандай қорқыныш болған жоқ. Алдымда тұрған алыптың бетіне тура қарап: «менің анам мен бауырымды неге мазаладыңыз?» деп сұрадым. Сұрадым деп қазір ғой айтып отырғаным, ол екеуміздің байланысымыз түс көріп жатқандай жағдайда, санамның тым тереңінде өтіп жатты. Бірақ өте анық әрі өте түсінікті еді. Ол маған: «Атым – Жәнібек. Жоңғарлармен болған ұрыста қапылыста қаза таптым. Сүйегім аяқ астында жатыр. Соны ақ жуып арулап, ауыл сыртындағы қорымға жерлесе деп едім», – деді дауысы алыстан күңгірлей шығып. Солай деді де тұманға сіңгендей жоғала берді. Жоңғарлармен болған ұрыста қаза тапқан батыр болса кемі 300 жыл бұрын өмір сүргені ғой. Ұйқыдан оянғандай дел-сал күйде көп отырдым. Есімді жиған соң ауылға баруға бел будым.
Ертесіне ауылға келген соң ініме айтып ауылдың үлкендерін, молданы шақырып, бір мал сойып дұға қылып батырдың денесі жерленген жерді ауыл жігіттеріне қаздырдым. Үш метр тереңдікке дейін ештеңе байқалмады. Тағы бір күрек бойы қазғанда жігіттер адамның сүйегі жатқанын айтты. Батырдың сүйегін аққа орап, молдаға құран оқытып, ауылдың сыртындағы зиратқа апарып қайта жерлеген соң үй ішін мазалауын қойды, – деп Күнбүбі алғашқы әңгімесін аяқтады.
Күнбүбінің екінші әңгімесі
– Әскери қалашықтағы өміріміз ел қатарлы өтіп жатты. Жаздың жаймашуақ бір күнінде жүруге талпынып жүрген қызымды алып, есік алдындағы орындықта отырғанбыз. Көрші үйде тұратын Валентина апай келіп: «Бір мезгіл осылай далаға шығып тұрсаңшы. Ұзақты күн үйдесің. Қалай ішің пыспайды? Құдайы көршіміз, бір-бірімізбен араласып, әңгімелесейік», – деді үлкендік танытып. Елуді еңсеріп қалған Валя апайдың үйімен шарбағымыз бір. Біраз әңгімелесіп үйге кірдім. Арада екі-үш күн өткенде бір күні Валя апай есік алдында отырған біздің жанымызға келді. «Көрінбедіңіз ғой, ауырып қалған жоқсыз ба?» деген сұрағыма, «Жоқ» – десе де өңінен бірдеңеге қатты алаңдап тұрғаны анық байқалды. Мен соны байқағанымды айтып едім, ол «у-һ!» деп ауыр дем алды да: «Катя, білесің бе, үш күннен бері ұйықтай алмай қойдым. Кешке төсекке жатсам болды, шешем келіп отырып алады да, қайдағы бір пальтосын айтып мазамды алады», – деді. «Шешеңіз тірі ма еді?» деп сұрадым. «Жоға, қайдағы. Жиырма жыл болды қайтыс болғалы. Енді не деп жүргенін білмеймін», – деп жылап жіберді. Мен шешесінің аты-жөнін сұрап алып, аруағымен байланысқа түсіп көретінімді айттым. Үйге келген соң Валя апайдың шешесінің аруағын шақырып «сөйлестім». Бетін әжім торлаған көгілдір көзді кейуана қызыңызды неге мазалап жүрсіз деген сұрағыма: «Өзіме тете сіңлім Нинаға менің қысқы көк пальтомды бер деп едім, соны бермей қойды ғой», – деді налып. Осыны Валя апайға айтып ем, ол: «Қайдағы пальто? Катя, жүрші үйге, өзің көрші, пальтосы бар ма екен», – деді. Екеуміз киім-кешек тұрған шифоньерді ақтарып, көк пальтоны таппадық. Кешке қызым мен күйеуім ұйықтаған соң Валя апайдың шешесінің аруағын тағы да шақырып, ондай пальтоның жоқ екенін айтқанымда ол: «неге жоқ, бар! Шатырдағы кебежеде жатыр ғой», – деді. Валя апайға осыны айтып, шатырдағы ескі-құсқы киімдер салынған үлкен кебежені аштырдым. Өзі де ұмытып қалған болуы керек, киімдердің арасынан көк пүліш пальтоны көргенде қайта-қайта шоқына берді. Көгеріп, әр жерін құрт жей бастаған ескі пальтоны шешесінің сіңлісіне апарып беріңіз, – дедім. Арада біраз уақыт өткенде Валя апай үйге мені іздеп келді. Өңінде қуаныш бар. Көрші ауданда тұратын шешесінің сіңлісіне барып қайтыпты. Анасының аманатын орындап, аруағын риза қылыпты. Қазір шешесі түнгілік мазасын алмайды екен. Маған алғысын қарша боратып, үйінен ала келген бір банка бүлдірген тосабын шай ішерсің деп тастап кетті.
Осы оқиғадан кейін ол шағын ғана әскери қалашыққа мен жайлы тілі жеткенше айтып бақса керек, енді мені үйге іздеп келушілер көбейе бастады, – деп екінші әңгімесін аяқтады Күнбүбі көріпкел.
Көріпкелдің айтқан әңгімелерінің шындыққа қаншалықты жақындығын бір Алла біледі. Менің білетінім, Күнбүбі көріпкелдің өз аузымен айтқанын өз құлағыммен естігенім ғана.