О дүниедеге барып қайтқандар
Бұл оқиғаны мен бұрынырақ інімнен естіген едім. Асылбек (аты өзгертілген), барша пенделер қатарлы, социализм дəуірінің салтымен мешіттен шеттеу, «ағекеңе» жақындау өмір сүрген еді. Күндердің бір күнінде кəдімгідей қызмет істеп жүрген азамат аяқ астынан басын сəждеге қойып, намазға жығылғанда, талай жұрт бұл ісіне таңданысын жасыра алмады. Сол кезде Аллаһ жолына қалайша бет бұрғанын Асылбек жақын досының біріне айтып берген екен. Мен де бұл əңгімені сіздерге сол естіген қалпымда айтып жеткізбекпін.
Бірде араққа сылқия тойып алған Асекең үйіне кеш оралса керек. Келіншегі балаларды қасына алып, төргі бөлмеде жатып қалған екен. Асекең келген бетте қонақ үйдегі диванға қисая кетіпті.
Түннің бір уақытында жаным қатты қысылып, ұйқыдан оянып кеттім. Ышқынып, көрші бөлмедегі әйелімді шақырмақшы болып едім, дауысым шықпады. Қимылдауға әл-дәрменім жоқ, қолдарымнан жан кетіп, бар күшімнің жеткені сол, аяғыммен диванды тепкілеген болдым... Жанталасып жатып, бір мезетте төбеде қалықтап жүргенімді бір-ақ сездім. Айналама қарасам, сол өзімнің бөлмем, мен жатқан диван. Диванда көзі аларып, тісі ақсиып денем жатыр... Сол сәт аяқ астынан үстері аққа оранған екеу пайда болды да, әй-шайға қаратпай, мені қолтықтап ала жөнелді. Қалықтап үйдің үстіне көтерілдік. Бәрін де танып келем. Менің үйім, көшем. Біз тұратын аудан, артта қалып бара жатқан қалам. Қала отқа оранып, самаладай жарқырап тұр. Біздер көкке көтерілген сайын жылдамдықты үдетіп, зымырап барамыз. Сол алған бетімізбен шырқау биікке көтеріліп, бір кезде қайта жерге қарай құйындаттық. Бірақ қара жерге емес, толқын атқан ұлан-ғайыр мұхит айдынына күмп беріп түсіп кеттік. Мұхиттың шыңырау түбіне түсіп, бір ұзыннан-ұзын созылған ғимараттардың ішіне ендік. Іші мен сияқты бейбақтарға лықа толған. Біраздан соң біздерді іріктеп, сыртқа шығарды. О, тоба, мұхиттың түбі қираған кемелер мен адам затының лақтырған қоқысына тола екен. Бәрімізге сол қоқысты сыпыртып қойды. Мана қиналып жатып, денемнен ажырағалы бір зіл батпан басып, қиналып жүр едім, мұхит түбінде тіпті шыдамастай халге түстім. Сол кезде атамның «Балам, қатты қиналған кездеріңде оқып жүр» деп, бала күнімде үйреткен аяттары есіме түсе кетті. Дұғаларды бірнеше мәрте қайталағанымда, өзімнің біраз жеңілдеп қалғанымды сезіндім. Сол сәт баяғы екеу қасыма жетіп келіп, мені қайта қолтықтай сап, жоғары ала жөнелді. Келген ізімізбен алдымен көкке көтеріліп, іле зымырап төмен құладық. Кері санақтай, тағы да сол туған қала, аудан, көше, үйім. Қайта төбеден ендік те, ол екеуі мені сылқ еткізіп, диванның жанына тастай салып, көзден ғайып болды. Арада қанша уақыт өткені беймәлім, бірақ денем сол баяғы күйі, көзі аларып, тісі ақсиып диванның үстінде көсіліп жатыр. Бір кезде еденде жатқан мен, сұйық күйге ендім де, жансыз денеме мұрын арқылы құйылып барып, есімді жидым. Міне, мен осылайша о дүниенің есігін ашып қайттым,— деп, Асылбек өз әңгімесін аяқтапты.
Екінші әңгімені мен сексеннің сеңгірінен асқан Сыр өңіріндегі Жосалы ауылының тұрғыны, анамыз Дәмелі Айдарханқызының өз аузынан естіген едім. Данагой анамыз осыдан біраз жыл бұрын көрші ауылда тұратын бір жақынының қазасы жайлы суыт хабар келгенін айтады. Тума-туыс көңіл айтпаққа жиылып жатқанда, “жоқ, өлмепті, қайта тіріліпті” деген хабар тағы да жеткен екен. Жұрт аңтарылып, “мұнысы қалай, мұндайды ойынға айналдырушы ма еді” деп таң-тамаша қалыпты. Осылайша ойлары сан-саққа кетіп, дал болып отырған кезде, «қайтыс болыпты» деген хабар қайта жеткен екен. Содан жиылған жұрт ақылдасып, не де болса барып қайтайық, тірі болса, көптен бері төсек тартып жатқан адамның көңілін сұрармыз, қайтқаны рас болса, көңіл айтармыз деп ұйғарып, жолға шыққан екен. Барса, есіктің алды қараң-құраң халық, үйден жоқтау естіліп жатыр... Е, қайтыс болғаны рас екен деп, келген жұрт дауыс шығарып, үйге еніпті. Үй иелерімен көрісіп, мауқын басқан соң, Дәмелі анамыз манадан бергі түйткілді сейілтпек болып, отырғандарды әңгімеге тартқан екен. “Осы бүгін бізге бірде туысымыз қайтыпты, содан соң тіріліпті деген хабар келіп, дал болдық, мұның мәнісі не?”, деп сұрапты. Сонда үйдегілер: «Өлгені де рас, қайта тірілгені де рас»,— деп жауап беріпті. Бүгін таңда үй иесі қатты қиналып, біраз уақыттан соң көз алдымызда үзіліп кетті. Біз улап-шулап, есімізді жиған соң, жан-жаққа хабар айта бастадық. Бір кезде еденге жатқызып қойған дене қозғалып, көзін ашты да: «Уф!» деп, көтеріліп отырды. Жан біткен адам су сұратып, бір тостаған суды дем алмастан қылқытып, есін әбден жиған соң, зәре-иманы қашқан жұртқа басынан өткен жайды әңгімелеп беріпті. «Мен о жаққа барып қайттым, мен секілді дүние салғандардан аяқ сүрінеді екен. Онда да кезек бар екен, сенің бірер сағат ғұмырың бар, ертерек келіпсің деп, мені қайтарып жіберді. Бірақ алысқа ұзамасын деп, аяғыма ақ матадан тұсау салып жіберді», — деп, аяғын нұсқапты. Жиылған жұрт “көзімізге ешнәрсе көрінбейді, аяғыңда түк жоқ қой” десе, ол: «Қалайша көрмейсіңдер, әне, аяғымды шандыған ақ мата мені қозғалтпай жатыр емес пе?» — деп, көрмегендеріне ренішін білдіріпті.
Сонымен арада біраз уақыт өткен соң, жақындарымен түгел бақұлдасып, қоштасқан жарықтық, ақтық демін алып, о дүниеге анық аттанып кеткен екен.
Автор: Маруана Хамзақызы
Заман Қазақстан