О дүниеден оралу немесе Әмина ананың көргені Алла елшісі (с.а.у) ме?
КӨЛІК АПАТЫ
Біз бүгін заманымыздың қаһарманы Әмина анамыз жайлы бір үзік сырға тоқталайық. Миына қан құйылып ес-түссіз жатқан Әмина апаның ауруына шипа тауып, бүгінде қайта күш-қуатын жинап жетім балар үшін өмір майданына кірісуінің өзі Алланың кереметі дерсіз.
Әңгімені арыдан бастасақ, мен Әмина апаны ең алғаш Халықаралық балалар күнінде Алматыдағы Оқушылар сарайында көрдім. Бір қолында емізулі жастағы сәби, етегінде шүпірлеген бірнеше балақайлар еріп жүр. Бұл көрініске таң қалмау мүмкін емес. Өзімнің де алғаш қолыма қалам ұстап, журналистика саласында алып-ұшып тұрған кезім. Дереу жанына жүгіріп барып сұхбат беруін де өтіндім. Келісім берген Әмина апаның жақын маңдағы Талғар қаласында тұратынын біліп, телефонын да алып алдым. Араға бірнеше апта уақыт салып Әмина апаға хабарласып едім, ол кісі: «Айналайын, телевизорға сұхбат бермей-ақ қояйыншы. Өткенде сен сұхбат алғаннан кейін есігімнің алдына біреулер балаларын тастап кетіпті. Сондай балаларды алып келіп тастап кететіндер көбейді», - деп қынжылды. Расымен ол жолы сұхбат ала алмадым. Бірақ, Әмина апамен арамыз үзілген емес. Одан кейін талай бағдарламалар жасалды, әр кездескен сайын «Ана» деген ұлы есімге бас иіп, өмірге деген танымымызды кеңейтіп қайтамыз.
Осыдан 5 жыл бұрын Әмина апаның ауыр жол апатынан дін аман қалғанына қарап, осынша жетім балаларды жылатпай қайырымды аналарын аман қалдырған Алланың мейіріміне тәнті боласыз. Себебі, Астанадан Алматыға бет алған көліктің бір жаны опырылып жоқ болған суретті көргенде, ондай апаттан адамның аман қалуы мүмкін емес дерсіз. Сонда көлікте отырып таң намазын оқып, сәждеге иілген санаулы минуттарда Әмина ананы жолдың қарсы беттіндегі ауыр жүк көлігіне тиелген темірлердің опырып кеткен көлік төбесінің арасын санаулы сантиметрлер ғана бөліп тұрған. Тіпті Әмина апа: «Көзімді ашқанда жан-жағым жапырылып жатыр, не болғанын білмеймін, жанымдағылардың миына дейін шашылып кеткенін көргенде сандырақтап кете жаздадым», - дегені бар. Сол апатта көлік жүргізуші мен тағы бір жолаушы бала жан тапсырған еді. Иә, Әмина апа жетімдердің қамымен не көрмеді...
Әмина апа осы көлік апатынан аман қалды
islam.kz
ЕС-ТҮССІЗ АУРУХАНАҒА ТҮСУ
Ал бұл жолы Әмина апа о дүниеден қайта оралғандай... Былтыр (2015 жыл) 23 шілдеде Алматы қаласында сел болған кезде белгісіз біреу Әмина апаға телефон шалады. «Апа, тездетіп жиналып, қашыңыз. Алматыны су алып жатыр. Таудан аққан ағын сіздің де үйге жақындады»,- деген дауысты естігенде есім шығып, телефонды тастай салып түн ортасында балалардың барлығын тұрғызып, тек қана құжаттарын алып, өзім оларды автобусқа мінгізіп, екі қызымды екі көліктің тізгініне отырғызып, керек-ау деген заттарды ғана алып жолға шықсақ, көшенің барлығы көлік кептелісі. «Не де болса, «Барахолка» жақтағы асханамызға қашайық. Ол жерді су ала қоймас, балалар да тоқ болар» деп сол жаққа бет алдым. Халқымыздағы «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мақалы бекер емес екен. Сонда су алды десе, тұра шаппай жан-жақа, жанымдағы су карьеріне барып қарасамшы...", - деп апамыз сәл ойға шомып кетті. Осы кезде 6 жастағы Мұхамед-Хасан еркелей басып, анасының мойнына асылды. «Анааа» деп өзі ерекше еркелейді. Менің ойыма 2010 жылы дәл Рамазан айында Әмина апаның үйіне келгенде осы бүлдіршіннің есік алдында құндақтаулы күйде табылған көрінісі көз алдыма келгені. Әмина апаның емірене сүйіп, құшағына қысқан сол шақалақ міне бүгін мектепке баратын жасқа жетіп, анасының жанынан бір елі шыққысы келмейді... Мұхамед-Хасанды бір иіскеп алған Әмина апа әңгімесін ары қарай жалғастырды.
- Содан біз көлік кептелісінен асханамызға әрең жетсек, өзімізде балаларға сабақ беретін мұғалімім телефон шалып: «Апаа, сізді алдапты. Үй жақ су тасқынынан тыныш, ешқандай сел жоқ», - деген соң ұбырып-шұбырып үйімізге қайта оралдық. Сөйтсек, 3 қабатты балалар үйінің есік-терезесі ашық-шашық, кітаптарға дейін барлығы аударылған, быт-шыт шашылып жатыр. Ойран-топан, ақтарылмаған жер жоқ. Бір қора адам болған мында, жалғыз адамның олай жасауы мүмкін емес. Кім не іздегенін білмеймін? Әлі күнге түсінбеймін... -, деп тағы да үнсіз ойға кеткен анамыз әңгімесін жалғастырып: - Бірақ ол көрініс көңіліме қатты тиді. Әлбетте қанқызуымен инсультті (миға қан кету) де елемеппін, - деді. Қайта келіп, ертесіне Бақанасқа шөп шабуға кеттік. Сол Бақанастан қайтып келе жатып Қапшағайдан қайтар жолда «Әмина» деген кафе бар, соған әл жинап алайық деп кіріп тамақтандық. Сонда бір шал кісі: «Пай-пай, мынау мен 20 жыл бұрын көрген Әмина, қанша бала бақса да әлі иілмепті ғой, сол күйі ғой»,-дегені, ішімнен «тілің тасқа» дедім де көлікке мініп кете бардық. Содан бір шақырымға жетпей желкем, мойным артыма тартылып бара жатты... Дереу көлік тізгініндегі балама: «Нұржан Құран оқы, Нұржан оқы, түс машинадан»,- дедім. Балам көлікті тоқтатып түсті де басымды ұстап білетін сүрелерін оқи берді, оқи берді. Содан үйге әрең жеттік, қатып ұйықтаппын. Ешнәрсе сезбеймін. Бір кезде КАМАЗ көліктерімен шөптеріміз келді, соларды жайғастырамын деп жүргенде оң жағым, көз, аяқ, қол барлығы тіл, бет бәрі жансызданып кете барды. Балалар бөлмеме әрең жеткізді. Дереу жедел жәрдем шақырып, №4 ауруханаға алып кетті. Ауруханада мен 13 минут ес-түсімнен айрылыппын.
Әмина ананың алдында «Перзент» үйінің босағасында бір күндік кезінде табылған 6 жасар Мұхамед-Хасан
ӘМИНА АПАНЫҢ КӨРГЕНІ АЛЛА ЕЛШІСІ (ﷺ) МЕ?
Өзім ешнәрсе білмеймін, бір бөлек әлемде жүргендеймін. Бір атаны көріппін. Бет-әлпетін көрмедім, тек кеудесіне түскен қап-қара сақалының ұшын ғана байқадым. Сол атаның қолынан ұстап алыппын, жүзігі бар екен қара тасы бар, қандай тас екенін аңғармадым. Бірақ қолына жармасқан күйі «Аға, мен қалайыншы, осы жер жақсы екен. Осы жерде қалайыншы», - деп еңіреп жатырмын. Сонда бір үлкен қақпаны көрсетіп жатыр, ол жерден жеткен иісті мен Қасиетті Меккеге төрт рет барғанда да иіскемегенмін. Керемет жұпар иіс, оны тілмен жеткізе алмаймын. Өзім болсам, ебіл-дебіл жылап жатырмын, жылап жатырмын: "Мен бұл өмірде жақсылық көрмедім, жетімдіктің ащы дәмін таттым, жылдар бойы жетім балалармен жүрсем де жақсылық таппадым, осы жерде қалайыншы, мына жер тамаша екен, қалайыншы" деп жылап жатырмын" деген сәтте 6 жасар Мұхамед-Хасан: «Анашым, маған шұжық қуырып бершііі»,- деп қолында бөлшекті шұжығы бар келе жатты. Оның қарны ашып тұрғаны емес, жәй сылтаумен Әмина апаның жаныннан бір елі айрылмау екені де байқалып тұр. Әңгімесін ары қарай жалғастырып: «Қалайыншы, шаршадым, балаларым өсті, 20 жылдан бері шаршадым. Өмірден шаршадым" дегенім сол:
- Жоқ, сенің қайтуың керек. Сенің мешітің салынған жоқ. Мешітіңді 4 күмбезді ет, астын жауып таста. Мыналар кіріп кетеді деп бір топ адамдарды нұсқады. Қазір әлгі «уахабист» деп жүрміз ғой, сақалдары қалай болса, солай, балақтары қысқа. Бірақ мыналардың бастарында орасан күмбездей сәлделері бар. Ылғи қазақтың жас жігіттері екен. Мен болсам «Осындай да сәлде бола ма өзі, мыналарға не көрінген, кімдер өзі?» деп қоямын... Бір кезде осы балалар үйінің жанындағы мешіт саламыз деп жүрген жерде тұрмыз. Соны нұсқап Ата: «Астын жап мынаның» деп біз 300-400 адамға арнап қойған жобамыздың жертөлесін нұсқады. «Әйтпесе мыналар кіріп кетеді»,- деп әлгі бір топты көрсетті. Мен сонда да жылап жүрмін.
Осы жетімдер үйін салғанда көп қиянат жасаған шенді дәулетті адам болған, сол қайбір жылы қайтыс болып, мен жаназасына бармай қойғанмын. Мені жетелеп жүрген Атам «Кешірімді бол» деп күйіп жатқан біреуді көрсетті. Мен де «кешірдім, Алла кешірімді, мен неге кешірмеймін» дегенім сол, әлгі күйіп жатқан кісі орнынан тұрып, «Рахмет» дегендей басын иді де бір есікке кіріп ғайып болды. Содан «Ана, мама» деп жылаған балаларымды көрсетті...
Ауруханада «Мешіт» деп айқайлап көзімді ашыппын. Сөйтсе, реаниматор орыс келіншек: «Ух ты, мужа зовет», - десе, жанындағы қазақ келіншек: «Какой муж, Она его давно выгнала, она говорит о том, вот у вас есть же крест который церковь, у нас полумесяц, мечеть мусульманский, она говорит про это», - депті. Ол қазақ келіншек мен жайлы барлығын біледі екен. Сонда «мешіт» деп айқайлағанда салданып қалған аузымның қалай сөйлегенін де білмеймін, - дейді апамыз.
- Көзімді ашқаным сол қыздарым «Бұл жерде дұрыс қарамайды» деп дереу жедел жәрдемге салып Совмин ауруханасына (ҚР Президенті іс Басқармасының Медициналық орталығы) алып кетті. Емделіп жатқан бір күні аурухана терезесінің сыртынан балаларым «Мама, мама» деп айқайлағанда жан-жағымдағы аспалы уколдарды алып тастап сыртқа шығып кетіппін. Дәрігерлер «Мына кісі жынды болып қалды ма?» деп шошыпты. Өйткені миымның екі жерінен жарылған екен. Ауруханада 13 күн жатып шыққан соң, сәл әл жинап Алматыдағы Орталық мешітке, Мүфтиятқа бардым. Ауырмай тұрған кезімде Бас мүфти Ержан қажымен жолығудың сәті түсіп, мүфти жақсы лебізін білдірген еді. Енді мешіт салу үшін Бас мүфтимен сөйлсейін деп барсам, ол кісі жоқ екен. Сол жердегі балалар «Апа, жағдайыңыз қалай? Арықтап кетіпсіз, өзгеріп кетіпсіз?,-дегені, мен де «Осылай осылай, ауруханаға түсіп қалдым» деп ес-түссіз жатқанда көргенімді айтқаным сол, олар бас салып мені құшақтап «Қажы апа, қажы апа! Пайғамбарымызды (ﷺ) мың-миллиондаған адамнан біреу көрсе көрді, көрмесе ол да жоқ, сіз көріпсіз. Сіз көрген Кісіңізге не дедіңіз?» - дейді жабылып бәрі.
- Ой қолынан ұстап алып "өлем, өлем" деп айта беріппін. Ол болса: «Өлмейсің, мешітіңді сал, балаларыңа үй сал»,- деді. Содан Орталық мешіттегі қызметкерлердің барлығы жылап: «Сіз Пайғамбарымызды (ﷺ) көріпсіз, енді мешітті салмасаңыз болмайды»,- дейді. Бірақ, Айшажан, Алла куә, ол Атаның жүзін көрмедім. Тек қолын ұстап жылай беріппін. Сонымен, сол мешітті бастап салайық деп мүфтиятқа көктемде құжаттарды өткіздік. Қазір құжаттарды қайта жасап, мешіт салуды бастамақшымыз. Бүгін ғана темірлерді кесіп, аулаға әкеліп тастадым, - деген Әмина апаға комада жатып көргені жайлы айта түссін деп:
- Сонда ондай иісті бұрын-соңды иіскемедім дедіңіз бе?
- Мен ондай жұпар иісті ешуақытта сезбегенмін. Орталық мешіттегі балалар да «Апа, бір қапқа салып әкелсеңіз болмайды ма екен?» - дейді ғой бәрі әзілдеп. Содан, сол иіс келетін үлкееен қақпа, жан-жағына нұр шашылып тұр. Сап-сары алтынмен қапталғандай ма? Атаның қолына жармасып: «Мен қалайыншы, ана есікке кіргім келеді» деппін. Ол кісі: «Кіресің, сенің әлі көп жұмысың бар» - деді, әлгі есікке кіргім келіп барады. Тағы бір күйген секілді есік те көрінді... Енді сол мешіттің жұмысымен жүрмін. «Мың адамдық етіп жаса, мұнаралары биік, жертөлесіз болсын» деген. Көп жобалар қарадым, дәретханасын сыртқа, оған кең дәлізбен баратындай етіп саламын. Енді дүйсенбіден бастап үлкен тастар тасып, сол қазіргі бар жертөлесін толтырып жауып тастамақшымын. Мәйіт жуатын жерін де салу керекпін. Асханасы да кең болу керек.
- Сізге кемі 100 жылдан аса өмір сүру керек қой, - деп мен де әзілмен тілегімді білдіріп, Әмина апаны құшақтай беріппін, құшақтай беріппін.
Иә, қарап тұрсаңыз өмірде байқамайтын кереметтер өте көп. Ал Әмина апаның әр күні хикметке толы. Мен осы зияратымда «Перзент» үйіне кірген кезде кешкі дастарханда отырған балалардың жәудіреген жанарлары әлі көз алдымнан кетер емес. Әмина апаның өзі қазаннан әрқайсысына жекелеп тамақты үлестіріп жатыр. Алтын қолымен маған да құйып берді. Қолдан түйілген түшпара, мен мұндай тіл үйірген түшпараны Алматының бір де бір дәмхана, мейрамхана, асханасынан ішпеппін. Осы жетімдердің несібесіне Әмина апаға Алланың береке беріп қойған таңдаулы құлы екендігіне күмән де келтірмессің. Тамақтан соң балалар Аллаға шүкіршіліктерін айтып, дұға жасады. Күнделікті қалыптасқан жағдай. Осы кезде барлығы бола тұра шүкірі жоқ қанша пенделер жүр деген ой да көкейде қылаң береді екен. Бір кезде осы кешкі ас алдында ғана «Барахолкадан» алып келген аяқ киімдерді реттеп, балаларға шұлықпен бірге таратып берді.
Әмина апа балаларына тағамды өзі құйып беруде
Хикмет пен имандылыққа, бір-біріне жат болса да бір үйдің баласындай болып кеткен балалардың бір шаңырақ астында Әминадай ананың қамқорлығымен тәрбиеленуіне қарап, мен де жер бетіндегі жұмақта отырғандай әсерде болдым. Бір кезде: «Айша, мына жақта «Саумалхана» аштым», - деп, Әмина апа мені терезенің жанына шақырды. Түнгі тыныштықта «Перзент» жетімдер үйінің жанында жаңадан ашылған Саумалхананың өзі нұр шашып тұрғандай. Ол жағын алдағы уақытта жазамыз.
Балаларға тәтті кәмпит үлестіру сәті. Барлығы тәртіппен 1 данадан ғана алып жатыр.
ЖАУАПСЫЗ ҚАЛҒАН СҰРАҚТАР
Ал осы сан түрлі әсерге толы санаулы сағаттардан кейін көкейіме мына ойлар құйылды: Әмина апамыздың ес-түссіз ауыр халде жатқанда көргені кім болды екен? Алматы Орталық мешітіндегілер Оның Пайғамбарымыз (ﷺ) екендігіне шүбә келтірмеген. Менің де еш күмәнім жоқ. Себебі, арамызда осындай Алланың таңдаулы құлдары болмаса, бұл өмір не болып кететінін елестетудің өзі қиын. Бір ғана мысал, Алматыда таудан сел құйылған сәтте Әмина апаға телефон шалып, алдаған кім? Есігі құлыпталған «Перзент» балалар үйін ақтарып кеткен кімдер? Бұл сұрақтар жауабы жұмбақ күйінде қалды. Мұсылман үшін барлық нәрсе хайырлы демекші, оның нәтижесі Әмина апаның қатты күйзелістен ес-түссіз халде Пайғамбарымызды (ﷺ) көруіне себеп болды ма екен?