Қорқынышты әңгіме
Ауылға оралу
Алматының базарынан киім сатып алып, сықиып киініп алдық. Қала маңында тұратын дядя Вася үйіне қонақ болып кетуді ұсынғанмен, баруға Серік екеуміздің де құлқымыз болмады. Оның үш жылға тарта құлдық қамыт киіп, азап шеккеніне өзіміз кінәлідей біртүрлі ыңғайсыз сезінген едік. Серіктің туып өскен жері Семей өңірі. Оның ендігі арманы ауылына барып, мал алып фермер болу. Қиын күндерді басымыздан бірге өткізген олармен қимай қоштастым.
Мен ауылдан кеткенде сәуір туып, күн енді ғана жылына бастаған шақ еді. Қазір қараша. Үстімде жылы күрте, қолымда үлкен жол сөмкем бар. Оның іші толы туыстарыма алған базарлық. Ал түбінде салафан қалтаға салынған бір бума ақша мен алтын, күміс бұйымдар және бар.
Мен ауылдамын. Жүзім жүдеу болса да, мол базарлықпен келген мені үйдегілер қуанышпен қарсы алды. Олар өзім ойлап тапқан ертегі-әфсанаға құлай сенді. Бұл ертегі-әфсананың оқиғасы былай өрбиді: Алматыға барып, ауылдасымның үйінде тұрып арба сүйреп жүрген күндердің бірінде бір бейтаныс Рсейге барып маусымдық жұмыс жасауға ұсыныс айтады. Содан бірнеше адам жедел іргелес елге аттанып, Сібірдің бір шалғай өңірінде алтын қазатын кеніште қара күзге дейін жұмыс жасаймыз. Күніне 12-14 сағат жұмыс істейміз, жұмыс өте ауыр. Бірақ табыс шаш етектен. Содан күзде жалақымызды алып, туған елге қайтамыз.
Мен тапқан ақшаға түгел дерлік мал сатып алдық. Елуге тарта қой, жеті ірі қара мен екі жылқымыз бар. Міне, осылайша, біздің отбасы орта дәулетті фермер болып шыға келді. Суға батқан трактор үшін бар малымызды тартып алған Бақтияр әйел-балаларынан ғана айрылып қоймай, малын ұрлатып, құрық ұстап қалыпты. Осылайша, апамның қарғысы айнымай келген сияқты.
Арақ ішіп ауылда босқа теңселіп жүрген сыныптас достарым менің сондай мол табысты қайдан тапқанымды қазбалай сұрап, біраз қаратерге түсіргенін де айта кеткен артық болмас. Сібірдің қай жері екенін қайдан білейін, әйтеуір қалың орман. Новосібірден әрі қарай жүк машинасымен бірнеше күн жүрдік деймін мен. Ал, өзімді жалдап, онда апарған адамды онан кейін көргенім жоқ деп жабысқақ достардан әзер құтылмасым бар ма. Олар да бір жазда мен сияқты қырып ақша тауып, қарық болғылары келетін сияқты. Егер басымнан кешкенді айтсам, бәлесінен аулақ деп ат-тондарын ала қашары айдан анық.
Тракторы суға кетіп, жұмыссыз қалған көкем енді малға шықты. Екеуміз малды кезектесіп бағамыз. Жүріп тұрған ескілеу бір «Жигули» сатып алдық. Жексембі күні көкем сонымен базарға барып, сүт, қаймақ, май апарып сатып келеді. Табыс жаман емес. Апамның пенсиясымен жан баққан біздің ерніміз аққа тиіп, еңсеміз тәп-тәуір көтеріліп қалды. Артылған айран-сүтті көршілерге де беріп тұрамыз. Апам мен көкем біраз уақыт мен туралы жұртқа жыр қылып айтып, алтын кеніште жұмыс істеп, ақшаны күреп тапқанымды ауыздарының суы құри әңгімелеп жүрді.
Ауылға келгесін қайтадан дінге бет бұрдым. Бес уақыт намазымды қаза қылмаймын. Қосымбек атаға алғаш келген күні кіріп сәлем беріп шыққанмын. Ол қайда болдың, не істедің деп бір ауыз сұраған жоқ. Сол баяғы көп сөйлемейтін сабырлы, байыпты қалпы. Мен іштей басымнан кешкен жайларды түгел баяндауға оқталсам да, батылым бармады. Қанша зұлым болса да Орынбек те, Жамантай да, қарақатын да адамның баласы ғой. Олардың мезгілсіз қазасына өзімнің себеп болғандығым, арам жолмен болса да тізтырнақтап жиған ақшаларын тонап алғандығым – адамгершілікке де, имандылыққа да жатпайтын күнәкар іс сияқты көрініп, ол жайында айтуға дәтім бармады.
Мен жоқта ауылда бірқатар жаңалықтар болыпты. Ғашық болған сыныптас Күнсұлу үш баласы мен әйелін тастаған Айболат ағайға тиіп алыпты. Ал мектеп бітірген Ермек әжесімен жасты 65-тегі Күләнда кемпірге қосылыпты. Жап-жас жігіттің мына қылығына түсінбеген жұрт «есінен адасқан шығар» деп сырттарынан неше түрлі өсек айтатын болыпты. Біреулер «басын айналдырып алған» десе, енді біреулер «дуалап алған шығар» деседі.
Айтпақшы, ауылға келгесін бірнеше күннен кейін түнде ескі қыстауда тұратын Есбергенмен тағы кездестім. Көптен бері көрмеген екеуміз қуана қауышып, біраз қауқылдастық. Мен басымнан кешкендерімді түгел жыр қылып айтып бердім. Ол болса ауызын ашып, көзін жұмып таң-тамаша болып тыңдады. -Ғажап екен, нағыз ертегі сияқты, -дейді тамсанып. Оның өмірі еш өзгермеген. Сол баяғы қалпы. Түн болса ауылға келіп, үй-үйді жағалап, өсек-аяң тыңдайды немесе жұрттың жасырын жасап жатқан істерін аңдиды. Менің өсек-аяңға онша құмартпайтынымды білсе де, ауылдың жаңалықтарын жыр қылып айтып, біраз шырқады.
Қыс бітіп көктем келді. Малымыз төлдеп, мал басы көбейіп жатыр. Соған орай жұмысымыз да көбейе түскен. Інім биыл мектеп бітіреді. Оның да оқуға онша құлқы жоқ. Көкем: «Мына мал бәрімізді асырауға жетеді. Егер дұрыстап бақсақ, бірнеше жылда мыңғырған бай болып шығамыз» деп інімнің оқуға барғанынан гөрі, үйде қалып мал баққанын қалайтынын аңғартты.
Мен бұрынғы әдетімді тастай алмай, түн болса тәнімнен шығып, ауыл маңайын кеземін. Өзімнің елес-тәнімнің мүмкіндіктерін зерттеп, жаңа қасиеттерін ашып жатырмын. Енді ауыл маңын ғана емес, алысқа ұзап, тіпті бір-екі рет Алматыға да барып қайттым. Елес-тәнге оқтай ұшып жүздеген, тіпті мыңдаған шақырым жерге ұшып бару түкке тұрмайды екен.
Таяуда Есберген маған мұңын шақты. Ескі қыстаудағы бірсарынды өмір оны әбден жалықтырса керек. Оған қоса, жанын қинайтын түрлі азаптар жиілеп, соңғы кезде қатты қиналып кеткен сияқты. Әруақ болып ел кезген тірліктің ауыртпалығы еңсесін езсе керек, ол маған: «сен Қосымбек молдадан сұрашы, әруақ болып қаңғып жүруден қалай құтылуға болады екен?» -деді бірде.
Мен ертеңіне кешкілік Қосымбек атаның үйіне бардым. Содан жасырмай, Есберген жайында айтып, оның сұра дегенін сұрадым. Сақалын таулап, үнсіз біраз отырған Қосымбек молда бір кезде: «ертең жұма ғой, қабірінің басына барып құран оқиық, мүмкін жәрдемі тиер» -деді.
Содан ертеңіне көкемнің ескі «Жигулиіне» отырып, Қосымбек молда екеуміз ауылдан үш шақырымдай жердегі төбе басындағы Есбергеннің қабіріне келдік. Қосымбек молда зират басында отырып, аяттарды бірінен соң бірін ұзақ оқыды.
Сол күні кешкісін мен тағы да ескі қыстауға бардым. Бірақ неге екені белгісіз Есберген жоқ болып шықты. Ауылға барып, үй жағалап жүрген шығар деген ой келген. Дегенмен, одан кейінгі күндерде де Есбергенді ескі қыстаудан көре алмадым. Бәлкім, Қосымбек молданың оқыған аяттары көмектесіп, қабіріне байланған шығар деген ойға қалдым. Анда-санда әжік-күжік әңгіме-дүкен құрып, біраздан бері бауыр басып қалған одан айрылу ауырлау сияқты көрінгенмен, бір жағынан оның өзгелер сияқты қабірге байланып, қабірдегі өмірге көшкеніне қуандым.
Қанша өзімді өзім ақтауға тырысқанмен, Бақтиярдың ақшасын ұрлағаным, Орынбек пен Жамантайды және қарақатынды өлтіргенім, ақшаларын алып кеткенім, жаныма маза таптырмай, қатты қинайтын. Алғашында ондай ойлар онша мазамды алмаса, кейін келе жанымды қинап, маза таптырмайтын болды. Бәлкім бұл күнде намаз оқып, ораза ұстап, дінге шындап көңіл бөлгендіктен келген имани қасиеттің бойыма орнығуының әсере ме екен, кім білсін.
Мен көп ойландым. Ақыры бір шешімге келіп, еңсемді езген ауыртпалықтан түбегейлі құтылуға бел байладым.
Анда-санда бір шаруалармен үйіне кіріп шығатыныма үйреніп алған Қосымбек молда бұл жолы да мені жылышыраймен қарсы алды. Менің жәй келмей, қолыма пакет ұстап келгеніме де онша таңырқай қоймады. Біз бұл кеште ұзақ отырдық. Мен Бақтиярға байланысты оқиғаны да, онан кейінгі құлдыққа сатылып, одан қашып құтылғаным жайындағы ұзын сонар әңгімені де еш бүкпесіз түгел баяндап бердім.
Әдетінше сақалын тарақтай түскен Қосымбек молда әңгімем біткен соң да біраз уақыт үнсіз отырды. Содан кейін «Бәрі Алланың еркіндегі іс. Бұл дүниенің сырын адам біліп болмайды. Неге біреу жақсы, неге біреу зұлым, неге біреу иманды, неге біреу кәпір болады – бәрінің сыры жалғыз Аллаға ғана аян» -деді. -Ата, -дедім мен бір кезде бар ерік-жігерімді бойыма жинап, — мында Бақтиярдан алған ақша бар. Осыны сізге берсем деймін. Ауылда мешіт жоқ, осыған мешіт салдырсақ қайтеді.
Ол ақшаны алмай, ойланған қалпы бірқыдырау уақыт үнсіз отырды. Содан кейін: «Бұның да жөн шығар. Бұл ақшаны Бақтиярға қайтарып берсең, ұры атанасың, әрі оған ақша енді игілік те әкелмес. Мешіт салса, ауыл адамдары намаз оқып, имандылық жолына түсуі мүмкін» -деді.
Мен Қосымбек атаның үйінен бойымдағы ауыр жүктен арылғандай өзімді сергек, қунақ сезініп шықтым. Көптен бері еңсемді езген ауыртпалықтан арылып, моншадан шыққандай жеңіл, сергек көңіл күйдемін.
Биыл көктем ерте шықты. Сәуірдің ортасы болса да, май тоңғысыз жылы. Үйге кірмей, ауладағы өз қолыммен жасаған ағаш орындықта ұзақ отырдым. Аспанда мың сан жұлдыздар жымыңдайды. Солардың арасында менің де жұлдызым бар шығар деген ой келді. «Жұлдызым жоғары» деген әлдекімнен естіген сөзді қайталай бердім.
Иә, ұмытып барады екенмін, бүгін менің туған күнім екен ғой. Жасым 20-ға толды. Бірақ мен өзімді жас жігіт емес, сексенге келген өмірді көріп, әбден қалжыраған шалдай сезінетін сияқтымын. Мен шынында да өте көп нәрсені көрдім. Ет пен сүйектен жаратылған тәніммен күнделікті өмірде көріп жүргендерім өз алдына, тәнімнен шығып елес-тәнмен әлемді кезген сәттерімде көріп, куәсі болған жайлар қаншама. Олардың бәрін жазсаң бірнеше қалың кітапқа сияр еді. Сондай қалың кітаптарға жүк болар шытырман оқиғаларға толы өмір жолым кинолентасындай ақырындап көз алдымнан өтіп жатыр…
Алыстағы жымыңдаған сансыз жұлдыздарға қарап, тылсым ойларға берілемін. Бәлкім, сол жұлдыздарда да мен сияқты ет пен сүйектен жаратылған сансыз жандар өмір сүріп жатқан болар. Елес-тәнге миллиардтаған шақырымдағы жұлдыз деген не тәйірі, әп-сәтте зулап ұшып бармай ма? Осындай ойдан өзім шошып кеттім. Мені түрлі әрекеттерге жетелейтін осындай әуесқой ойлар еді. Кім білсін, күндердің күнінде елес-тәніммен алыс жұлдыздарға да сапар шегетін жағдай да болар, бәлкім?..
Көрші Серікбайдың есегі ақырды. Осы үн мені көктен жерге қайта түсіргендей, өзімнің қайда отырғаным есіме түсті. Қой, демалайын, ертең ерте тұрып, мал жаюға барамын. «Қош бол, менің өмірімнің 20-шы көктемі» деймін іштей күбірлеп. Алда ұзақ өмір жолы. Жиырма жылда көргендерім аз емес, алда не күтіп тұр, оны Алла біледі. «Жә, бәрі өз уақытында, өз ретімен болады». Бұл менің Қосымбек атаның діни пәлсапасының әсерінен туған өз ой-түсінігім.