Қос шоқыға айналған қос батыр
Қазақ елінің жаугершілік замандағы тарихына байланысты талай аңыздар қалған. Солардың бірі &ndash қасиетті Қызылжар топырағында қиян-кескі соғыста қаза тапқан қос батыр мен олардың қарындасы жайлы аңыз. Бұл аңыз жергілікті жердегі шоқы мен көлге атау беруге де арқау болған екен.
 
Қазақ сахарасы тұнып тұрған тарих екені мәлім. Кейбірі ел аузында аңызға айналып та үлгерген. Әр тауы мен тасы, әр көлі мен өзені, орманы мен даласының атауы мен сол атаулардың пайда болуының өзіндік тарихы қалыптасқан. Қазақ &ndash шежіреші, тарихшы халық, қарттары тарихты айтқанда талайдың аузын аштырған елміз. Өкінішке қарай, кеңестік заманда ұлтсыздандыру, өткенімізді ұмыттыру саясатының кесірінен көбін ұмыта жаздағанымыз анық.
 
Қызылжар өңіріндегі Айыртау ауданындағы қос шоқының атауы туралы аңыз ұмытыла қойған жоқ. Сол ел аузындағы аңыздардың бірінде қазақ даласына басып кірген мыңдаған қол жау әскері туралы айтылады. Жергілікті батырлар қасық қаны қалғанша қазақ жерін қорғап қалуға тырысады. Сол қол бастаған батырлардың арасында ағайынды жігіттер ерекше ерлігімен ел есінде қалады. Және осы шоқының атауы да сол батырларға байланысты қойылған.
 
Баса-көктеп кіріп келген сансыз жауға ағайынды қос батыр қарсы шабады. Олар күн демей, түн демей жау кері қашқанша шайқасады. Алайда жаудың көптігі сонша &ndash бәрін қыра алмай, жау қолынан қаза табады және аңыз бойынша олар өлген соң, екеуі де тауға айналған екен. Ал ағаларының ауыр қазасынан белі қайысқан қарындастарының аққан көз жасы көрікті Айыртаушық көліне айналады. «Қанша жау қырылса, шоқы етегінде сонша ағаш өсіп шыққан, ал қан тамған жерлерде жидек тоғайлары пайда болған екен», &ndash деп жергілікті ақсақалдар немерелеріне әңгімелеп беріп отырады.
 
«Қос бауыр» шоқысы Айыртау ауылының батысында 12 шақырым жерде орналасқан. Екі шоқының етегі біртұтас, ал 300 метр биіктіктен бастап олар екіге бөлінеді. Шоқы бөктерінен төбеге дейінгі қашықтық &ndash 500 метр.
 
Шоқының төбесіне шыққан кезде осы жерден Шалқар көлі аумағын да тұтастай көруге болады, биіктігі сан алуан шоқылар, көптеген көлдер, жуық маңдағы ауылдар, сондай-ақ аудан орталығы &ndash Саумалкөл ауылы да шоқының басына шыққанда алақандағыдай көрінеді.
 
Соңғы жылдары бұл ауылда туризмді дамыту қолға алынды. Және «Қос батыр» шоқысына шығу бағыты жасалды. Бағыт Айыртау ауылынан сирек қарағай орманымен оңтүстік бағыттағы жолмен басталады. Одан әрі жол үш шақырым ұзындығында қайыңды орман арқылы Айыртаушық көліне және «Қос батыр» шоқысына апарады. Шоқының биіктігі 500 метрді құрайтынын айттық, оған жоғары өрмелеу ерекше назар мен дағдыны талап етеді.