Саябақта кез болған елес ару
- Айналайын, сен сәл бөгел-ші,-деді жасы алпысқа таяп қалған ұстазы Александра Евгеньевна Арданаға қарап. Дәптерін сөмкесіне енді сала берген Ардана сәл аңтарылып қалды.
Қыз баланың әлденеге алаңдап жүргенін байқаған оқытушы оны әңгімеге тартты. Психологиядан сабақ беретін Александра апайдың қырағы көзі ештеңені қалт жібермейді. «Александр Евгеньевна адамның ойын көзінен ұғады. Әрі дөп басады. Арғы атасында бақсылық болған-ау»,-дейтін студенттердің алып-қашпа әңгімесі де ойына түсті. Өзін әрі-сәрі күйге түсірген сол бір оқиғаны енді жасырудың реті жоғын түсінді.
Оқытушының алдына жайғасқан бойжеткеннің көз алдында оқиғалар тізбегі жалғасып жатты…
Қаңтар айы орталаса да күн әлі жылымық. Үп еткен жел білінбейді. «Қала станция құбырларынан будақтап шығатын қою түтінге тұншығып тұр. Желді күндері түтін сейіліп, қолқаны қабатын ыстан арылып, кеудені кере демаласың», деп өз-өзімен күбірлеген жас қыз жаяу жүргенді қош көрді. Тонының жеңін түріп, қол сағатына көз салып еді, тілі 18.30-ды көрсетіп тұр екен. Қараңғы түспей, үйге жетіп алайын,-деп аяғын адымдай басты.
Сауда үйінің қасына жеткенде, айналаны қаракөлеңке жайлады. Көше бойындағы шамдардың сәулесі самаладай жарқырайды. Бұл тұста адам қарасы едәуір. Сауда үйінен әрі асқан жас қыз енді саябақты кесіп өтетінін ойлағанда, жүрегі өрекпіп қоя берді. Әжесі ертеде осы саябаққа таяу жерде ұзыннан-ұзын түрме орналасқанын, кейде темір тордың арғы жағындағы қапалы жандардың шерлі зары алыстан талып естілетінін жырдай етіп әңгімелейтін.
Аяз күшейді ме, жоқ әлде бойын қорқыныш биледі ме, қыздың бүкіл денесі қалтырады. Бір сәт оған «саябақты айналып өтсем қайтеді?» деген ой келді. Ол үшін жарты қаланы айналып жүру керек. «Автобусқа неге отырмадым» деп іштей өзін-өзі сөкті. Өз-өзін жерлеп, кінәласа да, үйіне жетуге асыққан ол еріксіз саябақтың ішіне кірді.
Жан-жағына ептеп көз жүгіртіп еді, бірде-бір адам көзіне шалынбады. Мүлгіген өлі тыныштық. Көңілін аудармақшы болып, құрбы қыздарының күлкілі қылықтарын еске алуға тырысқанымен, бұл әрекеті құр далбаса болып шықты. Керісінше, сіңлісі екеуі жақында тамашалаған шетелдік «Мама» фильмін есіне алды. Кино шынымен де жантүршігерлік тосын оқиғалардан тұратын. Анасынан айырылған апалы-сіңлілі екі қызды туған әкелері өлтірмек болғанда, бейкүнә сәбилерді сол жерден табылған аруақ-әйелдің сұлбасы қорғап қалады. Сол күннен бастап аруақ-әйел жетімдерді өз қамқорлығына алады. Ол қыздардан басқа ешкімнің көзіне көрінбейтін. Ара-арасында аруақ-аналарымен доп қуалап ойнайтын қыздарға бөгде адамдар тосырқап қарайтын. Көп ұзамай елден оқшау өмір сүріп жатқан екі қызға жас келіншектің аналық мейірімі оянады. Ұзақ уақыт бойы сырттай қарауылдаған ол балалардың әлдекімге тәуелді екенін аңдайды. Бұл күдігін о дүниелік адамдардың рухын зерттейтін ғалымға сыр қылып айтады. Сөйтіп, екеуі бірлесіп, қыздарды аруақ-ананың шырмауынан құтқармаққа бел буады. Бірақ олардың бұл әрекеті қыздардың тарапынан қолдау таппайды. Аруақ-ана да қыздарын жаңа қамқоршыларынан қызғанып, небір айла-шарғы жасап, ашық қарсылық көрсетеді. Соңында екі қыздың кішісі анасымен бірге қалуды қалайды. Жаңа қамқоршыларынан бой тасалаған оны аруақ-анасы өзімен бірге әкетеді. Мәңгілік тыныс тапқан қыз баланың жаны көбелекке айналып, әпкесінің қолына қонады.
Кинодағы кейіпкерлердің бейнесін ойша саралап, әсіресе кіші қызға жаны ашыған ол көзінен бір тамшы жастың үзіліп түскенін сезбеді.
-Ауыр ойға беріліп кетіпсіз. Тіпті қасыңызда келе жатқан мені де байқар емессіз,-деген дауысқа жалт қараған ол өзі құралпы бойжеткенді көріп, қуанып кетті.
- Қараңғыда үрейіңіз ұшып келе ме?-деді бейтаныс ару құмыға сөйлеп.
- Жоқ,-деді Ардана бойын жиып. – Керісінше кинодан көрген оқиға есіме түсіп…-деді де, «не жөнінде?» деп сұрай ма деп, әңгіме ауанын басқа тақырыпқа бұрды.
- Айтпақшы, таныспаппыз ғой,-менің есімім Ардана.
Ол әлдене деп күңк етті. Оны қайталап сұрауға Ардананың батылы бармады.
Саябақтың ішіндегі әлсіз шамнан қыздың жалаңбас келе жатқанын аңғарды. Үстіндегі көнетоз пальто, аяғындағы етік өткен ғасырдағы бикештердің киімдерінен аумайды.
-Қаламыз күннен-күнге көркейіп барады,-деді Ардана жан-жағына сақтана қарап. Жаңа жыл қарсаңында түнгі қаланың келбетінен көз айыру қиын.
-Иә, өзгеріпті.
-Банктен әрі қарай менің үйім алыс емес,-деді Ардана жолсерігін әңгімеге тартып.
-Банк… Оның ары қарайғы дауысын жел ұшырып әкеткендей болды.
-БТА-Банк. Қалада банктер жетерлік. Альянс банк, Халықтық банк дейсіз бе, несие тарихыңыздан мін табылмаса, клиент атануыңыз оп-оңай.
Алтын шашты ару Ардананы үнсіз тыңдады. Құптағаны не құптамағаны белгісіз. Саябақты қою қараңғылық тұмшалады. Енді Ардананы ауыр мұң басты. Әп-сәтте еңсесі езіліп, көңіл күйі нілдей бұзылды. Бойжеткенді тұқырта түскісі келгендей, жел де көтеріліп, айнала бұрқасындата бастады. Бақтағы жапырағынан айырылған тырбиған ағаштар да әр жерден қарауытып, оңтайлы сәтін күтіп отырған қарақшыны елестетеді.
Кенет қыздың қалтасындағы ұялы телефоны шылдырлап қоя берді. Қасындағы қыз қалт тоқтады.
-Бұл не?
-Ұялы телефон.
-Ұялы телефон?!
Ол жолсерігінің сөзіне мән бермей, тұтқаның ар жағындағы әкесімен сөйлесе кетті.
-Қызым, қайда жүрсің?
-Сабақтан кеш шықтым, әке. Таза ауамен тыныстайын деп жаяу келе жатырмын саябақ арқылы.
-Саябағың не, қызым-ау. Қазір сені күтіп аламын.
Әкесі телефонды сөндіре салды.
Бұл кезде боранның күш алғаны соншалықты қасыңдағыны тап басып көру мүмкін еместі. Денесі тоңазыған Ардана өзінен бұрын серігінің жұқа киінгенін уайым қылды. Әшейінде саябақтың бір шетінен екінші шетіне дейін он бес минутын жұмсаса, қазір жарты ғұмырын осында өткізгендей күй кешті. Әлдебір тылсым күш бойын құрсаулап, әр басқан қадамы өнбей-ақ қойды.
Саябақтың қақпасына жақындап, артына бұрылды. Мұны аңдыздай қуалаған сұқ көздер әлі де соңынан қалмағандай көрінді. Қарсы алдынан осылай қарай беттеген қара шалынды.
«Әкем шығар», деген қыз нысанды бетке алып, қарсы жүрді.
-Сіз қайда барасыз? Әкем екеуіміз жеткізіп салайық,- деп айтқалы оқталып қараса… әлгі қыз зым-зия жоқ. Құдды жер жұтып қойған ба дерсің.
***
Бұл оқиғадан соң Ардананың жаны жай таппай, әлдебір ойдың құшағында жүретін болды. Басынан өткен оқиғаны өзгелерге айтса, сан-саққа жүгіртіп, күлкіге қаларын біледі. Ол көңіл түкпірінде сақтаған сырды Александра Евгеньевнаға түгел жайып салды.
- Ардана, түс ауып барады. Қаласаң, біздің үйге барып, ауқаттанайық,-деді ұстазы шәкіртінің иығына қолын салып. Ол бас тартудың жөнін таппады.
Александра Евгеньевна екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Үйдің ішіндегі заттар жұпыны болғанымен, мұнтаздай таза. Залда диван, теледидар, орындық қойылған. Еденге төселген кілем көздің жауын алады. Диванның тұсына үлкейтілген екі сурет ілініпті. Бірінші суретте басына орамал байлаған мосқалдау әйел бейнесі бұған жылыұшырай қарап тұр. Енді екінші суретке үңілген Ардананың денесі мұздап сала берді. Алтын түстес шашы иығына сусылдай төгілген көгілдір көзді ару бұдан көзін алмайды. Үстінде көнетоз пальто. Аяғында ескі үлгідегі етік.
«Құдай-ау, мен бұл қызды қайдан көрдім?»
-Екеуі де –мен үшін аяулы жандар. Мына суреттегі әйел –менің анам. Екінші суреттегі қыз – туған әпкем. Анамның әңгімесінен естігенім, әкем өткен ғасырдың аяғында сонау Ресейдің бір түкпірінен осы қалаға жер аударылыпты. Жұбайын көзінен таса еткісі келмеген менің анам да іле бойжетіп қалған қызы Лидамен бірге осы қалаға қоныс теуіпті. Шағын барактардың бірінен үй жалдаған. Аптасына бір рет әкеме ас-ауқат жеткізеді екен. Күндердің күнінде аязға ұрынған анам төсек тартып жатып қалады. Әкесіне алаңдаған он сегіздегі ару анасын жоқтатпай, түрмеге өзі бармақшы болады. Ол уақытта түрмеге баратын жол біреу ғана. Қазіргі саябақ арқылы жүруге тура келеді. Лида кері қайтқанда кеш батып кетеді. Келген жолымен келе жатқан әпкем әлдебіреуді соққының астына алып жатқан бұзақылардың үстінен түседі. Мұны көріп қалған екеуі тұра қашқан оны өкшелей қуады. Аңдаусызда қылмысқа куә болған қайран әпкемді қаныпезерлер айуандықпен өлтіреді. Ауруханаға жеткізгенде, әпкем әлі жан тапсырмапты. Үзіліп бара жатқанда бар айтқаны: «Әттең дүние! Өз ажалыммен өлсем арманым болмас еді».
Анам байғұс қызының қайғысын көпке дейін ұмыта алмады. Бірде әпкем анамның түсіне кіріпті. Сол баяғы саябақта жүр екен дейді. «Анашым! Уайымдамаңыз! Саябақтағы қанды оқиға енді ешқашан қайталанбайды» депті қолын бұлғап. Анам осы түсін жиі есіне алып: «Менің қызым періштеге айналды. Ол саябаққа келген жалғыз-жарым қыздарды желеп-жебеп жүреді» деп өз-өзін жұбататын.
Александра Евгеньевнаның әңгімесін егіле тыңдаған Ардана көптен бері толғандырып жүрген түйіннің шешімін енді тапқандай бойы жеңілдеп сала берді. Жүзіне күлкі үйірілді.
-Александра Евгеньевна, ас суып қалмасын,-деп ұстазына еркелей үн қатты.
Автор: Дария ЕРТАЙҚЫЗЫ
otarka.kz