Сынық ыдыста сіз білмейтін сыр бар
«Сынық ыдыстан ас ішпе» дегенді естіген боларсыз. Оны кейбіреулер «қазақтың бітпейтін ырымына» балайтыны жасырын емес. Шындығында, ата-бабамыздың қайсыбір ырым-тыйымы болмасын, бекер шықпаған. Астарына үңілер жан болса, әрбірінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.
Сынық ыдысты ұстамау, одан ас ішпеу жайында есімде мына бір оқиға мәңгі қалып қойыпты. Бала күнімдегі сәт…
Таңертең біздің үйде кәдімгідей қарбалас болады. Әсіресе таңғы көрініс тіптен бөлек әңгіме. Кімге қарасаң бәрі асығыс. Біреуі жуынуға немесе әжетханаға кезек күтуге шыдамай тоңқылдап жүреді, ендігі біреуі түнде жиналмай қалған кітап-дәптерін түгелдеп жатады.
Арасында бір-біріне ұрсып қояды. Өйт-бүйт, әйтеуір 7-ге дейін жиналып үлгеруің керек. Өйткені біздің үйде таңғы ас 7-де ішіледі.
Бәріміз де атамның темірдей тәртібіне бағынамыз. Таңғы 7-де үлкенді-кішіміз түгел дастарқанда отырамыз. «Ауырдым», «кеше кеш жатқам» деген сынды сылтаулар өтпейді. Ондай жағдай бола қалса, генералдың қаһарына ұшырайтынымыз анық. 3 күн ас-сусыз жазаланамыз. Мұны әсіресе кішкентайлар жақсы біледі. Олар да еркеліктерін дастарқан басында көрсетпейді. Атамның бір сөзі жүрегіңді суырып алғандай болады. Ал көңілі толмаған түрін көргенше құрып кеткенің жақсы.
Күнделікті әдетімізше бәріміз асығыс-үсігіс дартарқан басына жинала бастадық. Үстелдің төрінде отырған атам қолындағы кесені алып, анамның алдына лақтырып жіберді. Ішіндегі ыстық шайы етегіне төгілген болу керек, орнынан қарғып тұрды. Бәріміздің басымыз салбырап, үнсіз отырмыз. Атам ашуланғанда әжем үндемейді. Тіпті көзін төмен қаратып отырады. Ал әкелеріміз себебін де сұрамайды. Қысқасы, үнсіздікті атамның өзі бұзды. Өткір көзімен әжеме қарап тұрып:
- Бұған мына сен кінәлісің. Бөтен үйден келіп босағаңды аттаған келінге үй ішінің тәртібін, талабын үйретеді. Ата-анасынан үйреніп үлгермеген тәрбиені, санасына құя қоймаған сабақты өтеді. Сендердің көшеде ғалым, оқымысты болғандарың мен үшін көк тиын. Үй ішінде ұстанатын қарапайым ғана қағидаларды ұмыт қалдырасыңдар, деді ашуға мініп.
Бірақ дастарқан басындағылардың ешқайсысының да атамның не себептен ашуланғанын сұрауға батылы бармады.
Ал атам «Өз батам өзіме, аумин» деп үстелден тұрып кетті. Мән-жайға түсінбей біз қалдық. Анамның көзіндегі жасты көрген әжем сабырға шақырып, отыруын өтінді.
«Аталарыңның не үшін ашуланғанын айтайын. Бұған дейін де мен саған бір-екі рет ескерткенмін. Үйде ешқашан сынық ыдыс ұстамаңдар. Мұны әрқайсысыңа жеке-жеке де, жалпылама да айтқанмын. Бірақ ықылас танытпайсыңдар. Тап қазір ас үйдегі барлық ыдысты бір-бірлеп тексеріп шығыңдар. Шеті шытынаған, кішкентай сынығы болса да қоқысқа тастаңдар. Сынық ыдысты көрген кезде аталарыңды сабырға шақыру мүмкін емес. Осы үшін жас кезімде талай таяқ жегем», - деді.
- Мен де жас келін болып келген кезде байқамай енеме сынық кесемен шәй бергем. Жарықтықтың көзі көрмейтін. Сынық ыдыс енемнің ернін жыртып жіберіп, қанды әрең тоқтатқамыз. Сол кезде аталарың ашуланып, менің сыбағамды берген. Ал енем екеумізге араша түсіп, сынық ыдыстан келетін кесапатты түсіндірді.
Енемнің айтып берген аңызы бойынша, Ыбырайым пайғамбар қонақ күтіп отырса, Ібіліс келіпті. Ыбырайым селк ете қалып:
– Әй, малғұн! Сені кім шақырды? – дейді. Ібіліс:
– Алла жырық ыдыстан маған дәм бұйыртқан. Кесесі кетік пен табағы жырыққа қонаққа мен келемін, – дейді. Ыбырайым дастарханға қараса, кетік ыдыс тұр екен. Жырық кесені алып, сыртқа лақтырып тастайды да:
– Онда несібеңді сырттан ізде, – дейді. Содан бастап қазақ халқында «жырық ыдыстың кетігінен сайтан қосарлана ас ішеді» деген түсінік қалыптасқан деседі.
Мұны аталарың санасына жақсылап сіңіріп алған. Өз үйі тұрмақ, өзге үйде де сынық ыдыс көрсе, сол үйдің дастарқанынан дәм татып алмайтын әдеті бар. Сөз естіп, көңілдеріңе қаяу салғанша, айтқан сөзді қағып алып, екінші қайталамауға тырыспайсыңдар ма?», - деп аяқтады әжем әңгімесін.
Осы әңгімеден кейін анам ас үйдегі ыдыстарын ретке келтіріп, ескіргендерін жаңалай бастады.
Бала күнімде санама сіңіп қалған осынау қағиданы мен де есімнен шығарған емеспін. Бүгінде өз балаларыма да айтып отырамын.
el24kz