Тастықиядағы тылсым оқиға
Жол жүрген адамдар тылсым күштің әсеріне көп жолығып жатады. Көршім Асқар да сондай жайттарға кезіккіш. Ол бізге екі жыл бұрын басынан өткізген бір оқиғаны айтып беріп еді.
«Күндіз жұмыстан босай алмайсың. Сосын түнделетіп жол жүруіңе тура келеді. Барар жерім – Ақтастағы нағашымның үйі. Кешқұрым шақ тамаша ғой! Жайбарақат радио тыңдап келе жатыр едім, жолдың оң жақ қапталындағы қожыр-қожыр тастардың арасынан ағараңдаған бейне көзіме шалына кетті. Алғашында ит шығар деп ойладым. Жақындай келе қарасам, ат екен. Жолға шықса соғып кетпейін деп тежегішті басып, жылдамдықты азайттым. Ойлағанымдай-ақ, әлгі ат тастардың арасынан атылып шығып қарсы шапты. «Биссмиллә!» дегенше болған жоқ, көліктің төбесіне бір-ақ секірді. Басымды ұстай алдым. Көзімді ашсам, көлігім дін аман. Сыртқа шығып жан-жағыма қарасам, жол бойы қалың тұманға айналып кетіпті. Өз көзіме өзім сенбей, көлікті бірнеше мәрте айнала қарап шықтым. Ештеңе көрінбейді. Ішімнен дұғамды айтып ақырын жүріп ауылға жеттім»,–дейді Асқар.
Жолда кезіккен тылсым оқиғаны нағашы атасына баяндап берген екен, ол кісі: «Құдай бір сақтаған екен. Алыс жолға шығарда дәрет алып, ғұсыл құйынып, таза шығу керек. Таза адамға жын-шайтан жоламайды»,–депті.
Ауыл тұрғындары осыдан біраз бұрын Сүгіртайдың да дәл осы Тастықияда көлігін соғып алғанын айтады. Бар кінә қасында отырған жолаушыда. Ішімдікке сылқия тойып ұйықтап қалған жолаушы кенет ояна сап көліктің рөлін бұрып жіберіпті. Сүгіртай тежегішті басып үлгере алмапты. Есін жиған жолаушы: «Құлағыма әлдебіреу «рөлді бұр» деп айқайлады»,–депті.
Тастықияда да бір тылсым күш бар-ау, осы.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ
otarka.kz