Телефон арқылы Құдаймен сөйлескен қыз
Түнделетіп жұмыстан қайтып келемін. Күзгі қоңыр салқынды сезіп, таза ауада тыныстау үшін такси жүргізушісіне үйге жетпей түсіріп кетуін өтіндім. Таксист үлкен көшедегі аялдаманың тұсынан тоқтады да жөнімен кетті.
Ішіне ноутбук пен көзілдірігім және үйге барған соң тағы бір қарармын деген қағаздар салынған ауыр сөмкемді иығыма асып, жаяулатып барамын. Жүрісім баяу. Мұндағы ойым сарғайған жапырақтарды сәл басып, күзгі көрініске көз жүгіртіп, шығармашылық шабыт алу еді.
Түннің қою қараңғылығынан ба, әлде, айналамда жан баласы көрінбегендіктен бе, бойымды қорқыныш билей бастады. Тырс еткен дыбыстан денем тітіркеніп, белгісіз мақұлық қазір жаныма келіп, мені жеп қоятындай сезіне бастадым. «Қорыққан тек тұрмас» дегендей, жалма-жан алыстан жарқыраған жарыққа ұмтылдым. Тездетіп жеткім келді. Бірақ, аяғымның жылдам жүріске шамасы жоқ.
Күні бойы кеңседе отырып, көп жүрмеуге үйренген аяққа шапшаңдық таныту қиын-ақ. Құдды зіл батпан басып алғандай. Іштей қорқынышымды жеңіп, арықтың арғы бетіндегі саябақ ішіндегі орындықтардың біріне жайғастым. Көзім үйренген күнделікті орындығыма жеткеніме қуаныштымын.
Енді ғана «Ух» деп еркінсіп кең тыныстай бергенім сол еді... Қалта телефоным шырылдап қоя берді. Қызыл түспен боялған «екі метр» тырнақтарыммен қолымды сол қалтама сүңгірттім. Телефоныма қарасам, «Неизвестный номер» екен.
- Алло, бұл кім?
«Алдыңғы күні есігіңнің алдынан қоңыр қарғыбаулы итті көрдің бе, саған ұзақ қарады ғой. Сен сонда да оған қалтаңдағы тәтті тоқашыңнан бермедің», - деді бейтаныс дауыс.
- Қалтамда не барын сен қайдан білдің?
- Мен бәрін көрушімін. Ал кеше кешкісін жол жиегінде отырған, аузында бір тісі де жоқ кезбе қайыр сұрады. Оған да ештеңе бермедің.
- Кімге не берер-бермесімді өзім білемін. Сен кімсің өзі? Ту сыртымнан пышақ сұғу үшін әр қадамымды аңдып жүрген қай жексұрынсың?
- Сенің тұсбағарыңмын. Әрдайым жақсы жол салуға тырысамын. Бірақ, сенің құлқың мені жеңем деп босқа тыраштанады. Бәрібір нәпсіңе жеңістік бермеймін. Әуре болма! Айтпақшы, үйіңе жетем дегенше абай бол! ...
Осы сөздерді айтты да беймәлім біреу телефон тұтқасын қоя салды. Мен әлі аң-таңмын. Адам ба, әлде, әруақ па өзі деген сұраулы оймен алтыншы қабаттағы пәтеріме көтерілуге ниеттендім.
Подъездің іші тас қараңғы. Жылт еткен жарық жоқ. Телефонымның жарығын қостым. Біртіндеп көтеріліп келемін. Бірінші қабаттан енді өте бергенімде тура қарсы алдымда шашы жалбыраған сары кемпір мұрны қансырап, әлденеден қашқандай жүгіріп шықты.
Бәлкім, біреуден таяқ жеген болар деп немқұрайлы қарадым да, екінші қабатқа көтерілдім. Сол кезде өз көзіме өзім сенбедім. Не адам, не жануар екені беймәлім мақұлық маған тура ұмтылды. «Жалмауызға да жан керек» дегендей, тірі қалудың амалын жасадым. Қолымдағы сөмкемді тастай сала арпалыса кеттім.
Қылдырықтай болса да, адамтектес жаратылыс иесінің сүйрік саусақтары қарулы екен. Мойнымнан қылқындыра жұлқыған сайын тіл тартпай кететіндеймін. Бір кезде бар күшімді жинадым да қақ шекесінен бір қойдым. Қарсыласым домалап барып төменге бір-ақ түсті.
Келесі меже үшінші қабат. Дәл сол мезетте, әдетте бағындыру оңай көрінетін алтыншы қабат тауға шыққанмен бірдей болды. Себебі, жаңа ғана ойсырата жеңген, аяқасты кездесе қалған қарсыласым қайта айналып келіп қала ма деген ой алға ұмтылуға мүмкіндік берер емес.
Бұл қабатта туған баласындай аялап өсірген көршімнің семіз мысығы мияулап қарсы алды. Бір сәт мияулаған ащы дауысынан қорықсам да сыр алдырмадым.
Төртіншіге келгенде «Тағы қандай тосынсый күтіп тұр екен?» деп ойлай бергенім сол еді, қабырғаға шашыраған қан іздеріне көзім түсті. Анықтап көз салсам, әлі кебе қоймаған. Бәлкім, әлгі кемпірдікі болар. Әйтеуір бас аман дедім де, бесіншіге аяңдадым.
Мұнда бойымдағы қорқыныш сейіле бастаған. Табанымды жерге еркін тіреп өтіп, алтыншы қабатқа жеттім.
Міне, өз үйім, өлең төсегімдемін. Қорқынышты ойлар санамды жаулауын доғарар емес.
Қызық... Далада жүргенімде хабарласқан кім екен? «Мен бәрін көрушімін» деді ғой, «Абай бол!» деп қауіптен сақтандырды, бәлкім Құдай болар...
Шапағат СЕРДӘЛІҚЫЗЫ