Түгнгі 3:00-де қара басады...
Түнде ауылдағы жер үйдің бір бөлмесінде жалғыз жата алмай елегізіп, ұялы телефонымды ермек қыла бастағанмын. Кенет көзімнің алды өз-өзінен қара тұманданып, айналам тас-қараңғы боп көрінбей қалды. Әлдебір қысымнан миым дыңылдап барады.
Содан кейін бөлмеме бір отбасы толып кетті. Кәдімгі әке-шеше мен бала-шаға. Балалардың кейбіреуі мен жатқан тақтаның аяқ жағына отырып алған. Түрегеп тұрған, шамамен 10 жастағы бір шикіл сары ұл саңқылдап өлең оқи бастады. Мен ішімнен өлеңнің «Санамда сайтан саңқылдап» деген бір жолын қайталадым (таңертең оянғанда, бірнеше шумақ өлеңнің сол жолы ғана есімде қалыпты).
Тілімді кәлимаға келтіре алмай қиналып жатырмын. Күрметіліп қалған. Қимылдайын десем, аяқ-қолымда жан жоқ. Әзер дегенде тілім икемге келіп, «Лә-иллаһа-ил-Аллаһ!» деп едім, әлгі көз алдымдағы қара тұман сейіліп, адамдар орындарынан ақырын жылыстап кете бастады. Кәлиманы қайтара айтқанымда, айналам анық көрінді. Миым жеңілдеп қалды. Телефоным қолымда. Алғаш жатқан күйімде екенмін. Дереу сағатқа қарасам, «03:00».
Бір түні тағы да жалғыз жатуыма тура келді. Тағы да сол бөлме. Бұл жолы интернеттен оқып алғаным бойынша оң қырымнан жаттым. Жатар алдында телефонға да, кітапқа да жолаған жоқпын. «Миым тынықса, жақсы ұйықтармын» деп. Жо-о-оқ, олай болмады. Қайтадан қара тұман көз алдымды көлегейлей бастады. Миым дың ете қалды...
Бұзылған ескі үйдің ішінде жүр екенбіз. Қасымдағы бір топ таныстардың бірі: «Жігіттер, мынаны қараңдар!» - деп оң жақтағы бөлменің есігі алдына шақырды. Жетіп барсақ, аппақ көйлек киіп алған 3-4 жасар қыз терезеден сыртқа қарап: «Папа! Папа!» - деп ыңырсып жылап тұр екен. Бір кезде «папалап», ту сыртынан қарап тұрған бізге қарай бұрылып жүре бастады. Алдымен бәрімізді шақырып алған жігіттің қолынан шап берді. Ол жұлқына қашқанда, қыз қасындағы менің қолымнан ұстай алды. Тырмысып айырылар емес. Сол-ақ екен, жүрегім аузыма тығылып, әл-дәрменім құрып, денем жансызданып бара жатты. Қыздың бетіне қарауға қорқып, теріс қараған күйі қатып қалыппын. Өткендегідей тілімді кәлимаға келтіру қиын болды.
Әупірімдеп кәлимамды айтып, зорға дегенде ес жиып, сағатқа қарасам... О тоба, тағы да «03:00»!
Үшінші мәрте сол бөлмеде жалғыз жаттым. Ай жарық. Бір уақытта әлгі көзді көлегейлейтін қара тұман, аяқ-қолдың жансыздануы, тілдің күрмелуі...
Бірақ, әп-сәтте қара тұман сейіліп, денем икемге келіп, оң қырымнан сол қырыма ауыса бергенде... Қасымда теріс қарап тыржалаңаш әйел жатыр! Қалың қара шашы арқасын түгел жауып тастаған. Аяқ-қолымды сермелеймін. Сау. «Піссімілләмді» айтамын, тілім сайрап тұр. Басымды көтеріп, төсекте отырдым. Бәрі дұрыс.
Сол жағыма қарасам, анау әйелге айдың жарығы анық түсіп, тұла бойын ап-анық етіп көрсетіп тұр. Бойға бар күшімді жиып, оны арқасынан итеріп қалғанда, тақтадан гүрс етіп жерге құладым. Көрші бөлмедегі ағам жетіп келіп: «Не болды?» - дейді. Шамды жағып, болған жәйтті түгел баяндап бердім. «Ее, бастырылып қалғансың ғой жай», – деді де, бір есінеп алып, денесін тыр-тыр қасып кетіп қалды ол.
Сол кезде сағатқа қарау есіме түсіп, жүгіріп барып телефонымды қоссам, «03:10». Себебі, әлгі жалаңаш әйелді итеріп жіберу мен ағаммен сөйлесіп тұрудың арасында он минуттай уақыт өткен еді...
Бұл жолы басқа үйде, яғни қаладағы досымның көпқабатты үйдегі бір бөлмелі пәтерінде жатырмын. Жалғыз емеспін, тақтада – мен, төменде досым мен інісі бар. Ояумын. Сәлден соң...
Көзім қарауытпады. Денем де жансызданбады. Тілім де ауыз ішінде жыбырлап жатыр. Бірақ, бас жағымнан тәпішкесін сылп-сылп еткізе жүріп, біреу келе жатыр. Ол жақындап қалғанда, жүрегім су ете түсті. Денем тітіркеніп, мұздап сала берді. Түріне қарамайын деп көрпемді бүркеніп алдым. Ал анау бас жағымда қимылсыз тұр. Сірә, маған үңіліп қарап тұрса керек. Соны ойлаған сайын дірілдеп, әбден қара терге малшындым. Қазір үстімнен көрпемді жұлып алатын сияқты.
Қуанышыма орай, досым оянып кетті. Ол орнынан тұрып, жөткірініп алды да, шамды жағып, дәретханаға қарай беттеді. Сол сәтте ғана өз-өзіме келіп, бүркенген көрпемді аштым. Жерде жатқан соткамды алып, әдеттегідей сағатқа қарасам... Иә, тағы да «03:00»!
Бұл не болып кетті өзі?! Көзіме бір емес, төрт рет «03:00»-ді көрсеткен ол не құдірет?! Бірден айтайын, зинақорлықтан адамын. Кісіге қиянат жасаған да күнәм жоқ. Тек дәрет алып, Құран оқымаймын. Соның салдары ма екен, әлде?..
«03:00» деген атаумен қорқынышты кино түсіруге болады, меніңше.
Мақсат АҚЫЛБЕК