Түс көру және жору
Ұйықтап жатқанда түс көру – пенде баласына тән тылсымдардың бірі. Көп адам «түс – тәңірдің аяны» деген сеніммен көрген түсінің «құпиясын» ашуға тырысады. Ал енді біреулер «түс – түлкінің тезегі» - деп, қолды бір сілтеп, мән берместен жүре береді.
Өзге түркі халықтары секілді қазақ халқының да түс жору салты бар. Кең төскейді жайлаған жұрт түсті тек жақсылыққа жорыған. Кісі қандай қорқынышты түс көргенде де, өмірден көргені бар, ойында тоқығаны бар жорушы оны жақсы болашақпен, келер күннің жайлы жақсылығымен сабақтастырған. Көрген жайсыз түсінен мазасы қашып, көңілі алаң болып, тіпті үрейленіп келген кісіге білікті жорушы: «жаман түс – түлкінің боғы», - деп басу айтып, шошытқан жайсыз түстің өзін жақсы нышанға жорыған. Бұл жерде түс жорушының парасаттылығының, имандылығының атқаратын қызметі айрықша жоғары. Сондықтан қазақ көрген түсін кездейсоқ кездескен кісіге айта бермей, жанашыр жақынына, иманды, парасатты, адал ниетті адамдарға ғана жорытуды жөн көрген. Халқымызға тән салттарға сүйене отырып, сіздердің назарларыңызға түс жорудың бірнеше үлгісін ұсынуды жөн көрдік.
1. Егер кісі түсінде атқа мініп, одан құламай, өзі түсетін болса, онда бұл – жақсылықтың нышаны. Өйткені халық түстегі атты өңдегі арман-тілекке балаған. Түсінде атқа мінген адам өңінде арман-тілегіне жетеді.
2. Егер кісі түсінде түйеге мініп жүрсе, ол – жақсы. Өйткені түйе – ұлық жануар. Жалпы, түсте көлікке мініп, құламай жүру – жақсылықтың белгісі.
3. Түсінде биікке, тауға шыққан кісі өңінде үлкен дәрежеге көтеріледі.
4. Түсте баққа кіріп, оны аралау – жақсылықтың нышаны.
5. Түсте жақсы көйлек кию - кісіге өңінде қуаныш әкелетін істің боларынан хабар береді.
6. Түсіңде аспанда тұрған айды көру – өте жақсы. Мұндай түс көрген кісі мұратына жетеді.
7. Түсінде күнді көрген кісінің мерейі өңінде дұшпандарынан үстем болып, дәулеті тасиды.
8. Түсінде өзен көрген кісі өңінде үлкен олжаға, пайдаға кезігеді. Егер адам түсінде өзеннен су ішер болса, онда ол өңінде мақсатына жетеді, құрметке ие болады.
9. Түсінде інжу мен маржан көрген кісінің үйінен байлық үзілмейді.
10. Түсте жұлдыздарды көру де жақсы. Ондай түс көрген кісінің балаларының дәрежесі жоғары болады.
11. Түсте доңызды, қасқырды, қабыланды, жолбарысты көру және оларды өлтіру – өңде дұшпаннан үстем болуды білдіреді. Егер бұл хайуандар кісіге ешқандай жамандық жасамайтын болса, онда ондай түс жаман емес.
12. Түсінде қолына қаршыға немесе басқа бір кішкене құс ұстаған кісі өңінде дәулетті болып, бала сүйеді.
"Түс жору" кітабынан
13. Түсте семсер немесе мылтық көру – кісінің өңінде табыс тауып, дәулеті таситынын білдіреді.
14. Түсте үйленген жақсы. Ондай түс көрген кісі өңінде тілегіне жетеді.
15. Түсте өлген адамды көрудің зияны жоқ. Егер ол адам сөйлер болса, онда ол шындықты айтады.
16. Түсте суда жүзіп жүрген балықты көру – жақсы. Ондай түс көрген адам өңінде перзент сүйеді.
17. Егер кісі түсінде қой көретін болса, онда ол өңінде басшы қызметіне тұрады.
18. Егер кісі түсіне ақ қоян енсе, онда қыс қатты болады. Керісінше, қара қоян енсе, онда қыс жайлы болады.
19. Егер кісіні түсінде ит қабатын болса, онда ол өңінде бір қатыгез адамның жаласына ұшырайды.
20. Егер кісі түсінде ағаш тасып жүретін болса, онда ол өңінде байлыққа кезігеді.
21. Егер кісі түсінде шашын алдыратын болса, онда ол өңінде кедейшілікке тап болады. Шашы өсіп кеткен болса, онда өңінде байиды.
22. Егер кісі түсінде құс ұстап алатын болса, онда ол өңінде үйленеді.
23. Егер кісі түсінде әлдекімді ұрып-соқса, онда ол өңінде дұшпанын мұқатады.
24. Егер кісі түсінде алтын көретін болса, онда оған өңінде біреулер шапағатын тигізеді.
25. Түстегі жағымсыз иіс – өңдегі жайсыз істің нышанын білдіреді.