Тылсым дүние сыры қашан ашылмақ?
Он сегіз мың ғаламның жұмбағы әлі толық ашылған жоқ. Адамзат сырын ашпаған, байыбына бара алмаған дүние көп. Кейде жұмыр жер бетінде адам айтса сенгісіз оқиғалар болып жатады. Бірақ соның құпиясына ғалымдар жабыла үңілгенімен ештеңе таба алмайды, көкейдегі сауалдар жауапсыз қалады. Ол заңды да. Өйткені ғылым «бізден тыс абстрактілі өмір бар» дегенді жиі айтады. Тіпті саналы тіршілік иесі бүгін де, кеше де қолынан келмеген, келмейтін бірақ адамзат өмірінде айтулы орын алатын, жұмбағы ашылмаған кейбір нысандардың бөгде жұрттықтар, өзге планетадан келгендер тұрғызып кеткен, не болмаса бізге дейін де өркениет болған, солардан қалған деген тұжырымдар көп.
Шындығы керек, саналы тіршілік иесі жалғыз бізде ғана емес, өзге де планеталарда болуы әбден мүмкін. Оны қарапайым адамнан бастап, ғұмырын ғаламды зерттеуге арнап келе жатқан ғалымдарға дейін жоққа шығармайды. Рас, былайғы жұрт біле бермейтін жатжұрттықтар жайында аса құпия деректер сақтап отырған мемлекеттер, мекемелер жеткілікті. Ара-тұра әлемдік ақпарат беттерінде де бөгде планета жүйесінен келгендер жөнінде, олармен кездесіп, тілдесіп қалған, тіпті олар ұрлап алып кетіп, түрлі тәжірибе жасап кері әкеліп тастаған жандар жайында жазылған адам айтса сенгісіз дүниелер жарық көріп жатады. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Қысқасы, жұмбағы көп, жауабы жоқ, тылсым тіршілігі басым кейбір жерлер күні бүгінге дейін құпия күйінде қалып келеді. Соның бірі - Сібір. Орыстың Сібір өлкесі тек табиғи байлықтары һәм қаһарлы ауа райымен ғана емес, қойнына жасырған құпияларымен, белгілі, белгісіз адамдар жасырған қазыналарымен, алтын іздеушілер қазып кеткен құдықтарымен, аномальды жерлерімен құнды. Тіпті Сібір топырағына бөгде жұрттықтар жиі «қонақ» болып тұратыны да белгілі... Оған жеткілікті дәлелдерде баршылық...
1954 жылы Чита қаласы маңында тұратын бір аңшы дәрігерге көрінуге келген. Беті-басын бозғылт дақ басқан, қолын таңып алған аңшы өн-бойы күйіп-жанып шыдатпайтынын айтып шағымданған. Қараңғылау жерде қолына ораған дәкені шешкенде, аңшының саусақтарының ұшынан ұшқын шығып тұрғаны байқалған. Тіпті ұшқын үстелдегі газетті өртеп жіберген көрінеді. Дәрігер оның бойында өте қуатты радиация бар екенін айтқан. Аңшы аң қуалап жүріп тайганың адам аяғы әлі тимеген бір пұшпағымен жүргенін есіне алған. Сол жерде денесін ток соққандай белгісіз бір күш солқ еткізгенін, кейіннен беті-басына дақтар пайда болып, денесі жан шыдатпай қышып, өртеніп тұратын кеселге тап болғанын, саусақтарынан қараңғы жерде ұшқын шығып тұратынын айтады. Кейін арнаулы медициналық орталықтар аңшының денесіндегі құбылыстарды зерттей келе, қалың жыныс орман ішінде бөгде планетадан келгендердің «полигоны» болуы мүмкін, мынадай қуатты радиация солардың құралдарының әсері болуы мүмкін деген қорытындыға келген... 1991 жылы канадалық «Уикли Уорлд Ньюс» басылымында 1987 жылы тайга үстінде беймәлім жұмбақ ұшқыш табақты әскерилер атып түсіргені жөнінде мақала жарық көрді (Ол кезде КСРО-да мұндай құпия жайттар жайлы жазу жабық болатын) жазылған дерекке қарасақ, 1987 жылы 13 қазанда сағат таңғы 8,35-те әскерилер орман үстінде ақырын қозғалып бара жатқан белгісіз нысанды байқап қалады. Тағы да америкалық шпион ұшақтардың бірі деп дабыл қағылып, белгісіз нысанға тұтқынға берілу жөнінде хабар жіберілді. Олай болмаған жағдайда атып түсірілетіні де жеткізіледі. Алайда нысан ешқандай белгі қайтармастан өз бағытымен ұша берген. Амалсыз әскерилер зымыранмен атып құлатуға мәжбүр болады. Мақала одан әрі оқиғаның былайша өрбігенін жазады. Құлап түскен белгісіз нысанның ішінен бастары үлкен, қоңқиған мұрындары бар, адамға ұқсастау белгісіз тіршілік иелері шыққан. Әлгілер қол ұстасып, шеңбер болып тұра қалған. Кенеттен әлгілер үрленген шарға айналып, қатты жарылыс болған. Нысан құлаған жерді қоршап тұрған солдаттардың 23-і қаза болып, тек екеуі ғана құдайдың құдіретімен аман қалған... Мақаладағы әңгімені айтқандар осы тірі қалған екеуі болса керек. Қаза тапқандардың денесін зерттегенде олардың терілері тасқа айналғанын көріп таңғалған. Қорытынды: қаза тапқан солдаттар өте қуатты ток қуатына тап болып, күйіп кеткен дегенді келтіреді...
Жалпы, сыры беймәлім ұшатын нысандарды атып түсірді, бөгде адамдар қамауға алып, олардың қайдан келгені, қандай деңгейде екендігі жөнінде түрлі зерттеулер жүргізіліп жатқандығы жөнінде қазір ақпараттар жеткілікті. Қайсысы шындық, қайсысы жалған екенін айыру мүмкін емес. Бірақ әлем әр тұсында аспанда қалықтаған белгісіз ұшатын тарелкелерді суретке, бейнетаспаға тартып алғандар көп. Соған қарағанда дүниенің бір бұрышында тағы бір өркениет бар екеніне көз жеткізгендей боларымыз хақ. Дегенмен әңгіме Сібірге байланысты емес пе еді?..
1989 жылы Саха (Якутия) елінің оңтүстігіндегі Амгинск жотасында геологиялық барлау жүргізіп жатқан экспедицияның бір мүшесі лагерьден алысырақ ұзап, жабайы жеміс қарап жүріп, кездейсоқ бір тіршілік иесіне ұқсас «мақұлықпен» кездесіп қалған. Тақырбас, терісі сарғайып кеткен, беттері таңбыл-таңбыл, сұп-сұр киінген, өлікке ұқсас адамды көргенде геолог шошынып, біраз уақыт есін жинай алмай тұрып қалған. Өзіне келген кезде, белгісіз тіршілік иесі қашып бара жатқанын көріп, қызық үшін соңына түскен. Әрине, қолында аңшы мылтығы, қойын-қонышы оққа толы геолог кімнен қорықсын? Қуып келе жатып, орманның бір қапталындағы алаңқайға тап болған. Алаңда ертегілерде айтылатын жалмауыз кемпірлердің күркелеріне ұқсас, бірнеше үйлер, барактар тұр. Олардың сырты тікенек сыммен қоршалған. Әлгі белгісіз қашқын солардың біріне барып кірген. Сырты әскерилермен күзетілген екен. Олардың өздері де сұп-сұр, түсі сап-сары болып кеткен, киімдерінде погон жоқ. Сым темірдің арғы бетінде жүргендердің кейбірінің құлағы, мұрны түсіп қалған, денелері алапес болып кеткен, құбыжыққа ұқсас жандар. Араларында кәдімгі адамдар да жүргенін геолог байқаған. Оларды күзетшілер әлдеқайда айдап барады. «Бөтен» біреуді байқап қалған әлгілердің иттері үріп, айналаны азан-қазан қылған. Әлгіндей болмай, бірнеше «адам-құбыжықтың» өзіне тұра ұмтылғанын көрген геолог тұра қашады. Әлгілер соңынан қалмаған соң, амалсыз атуға тура келген.Құлап түскендер біраздан соң түк болмағандай орындарынан қарғып тұрып, тағы қуған. Бірақ оқ әсер етті ме, біраздан соң қайтадан жерге құлап, қайтып орындарынан тұрмаған. Өз ортасына әрең жеткен геолог басынан кешкендерін жайып салды. Бірақ әлгі жаққа баруға ешкімнің жүрегі дауламады. Дегенмен көрген жайларды ортаға сала келе, геологтар тікенек темірмен қоршалған жерде шахтада не болмаса кен орындарында жұмыс істейтін қамалғандарды ұстайтын лагерь болса керек десті.
Жұмбақ шахтадағы радиация жұмысшыларға әсер еткені сонша, өзге тіршілік иелеріне зияны тиетіндей сыртқы келбеті өзгерген, адамдардың жаңа түрін қалыптастырған. Сондықтан оларды белгілі орындар өзге дүниеден оқшаулап, оңаша ұстауға тырысқан. Олар осындай тұжырымға келді. Дегенмен баз бірі «бұл тұтқында отырғандар, Сібірге келіп абайсызда қамауға түскен бөгде жұрттықтар болуы да мүмкін-ау» дегенде пікір айтып қалды... Кім білсін? Кейіннен көргендері жөнінде арнаулы орындар геологтарға ауыз ашуға болмайтынын айтып, тыйым салған көрінеді.
Әрине, Сібірге байланысты небір аңыз-әңгімелер жеткілікті. Ғажайып күшке ие, аномальды орындар әлемнің кез келген түкпірінде бар. 1988 жылы КСРО әскери ұшқышы Сергей Колесников Белоруссия жеріндегі әуежайдан ұшып шығып, айтылған межеге қарай бара жатқан кезде бірер секундқа «уақыт иіріміне» түсіп кеткен. «Ойымда ештеңе жоқ, кезекті тапсырмамен көкке көтерілдім. Орман үстінен өте бере кенеттен керемет оқиғаға тап болдым. Айтсам сенгісіз. Төмен жаққа қарасам, артында жаяу әскер шұбырған танкілер ауыздарынан от шашып шабуылдап барады. Жер жүзі қып-қызыл майдан, соғыс. Менен төменде қызыл жұлдызы бар ұшақтар, немістердің кресі бар екі-үш ұшағын атқылап жүр. Шамасы бұл, осы маңда болып өткен Ұлы Отан соғысының бір кезеңі болса керек. Есімді жиғанша болған жоқ, бәрі қас-қағымда жоғалып, бүгінгі күнге тап болдым» деді ол ақпарат беттеріне берген сұхбатында.
Мұндай «уақыт иіріміне» Мысырдың әскери ұшқыштары да тап болған көрінеді. «Төменнен құжынаған әскер көрдім. Қолында баяғының найза-қылышы. Кескілесіп жатыр. Жер бедері де өзге. Бір таңғалғаным, әлгілердің баз бірінің үстілеріне кигендері баяғы мысыр жауынгерлерінің сауыт-жарағына ұқсап кетті. Шамасы, бұл соғыс біздің дәуірімізге дейін болған қақтығысқа ұқсайды» деседі олар. Бұл еш қоспасыз ащы шындық. Рас, бүгінгі күн адамдары кейде санаулы секундқа болса да «уақыт иіріміне» түсіп кетіп, баяғыда болған өмірді бір көріп қайтып тұрады. Онда да ол жер бетінің осындай бір ғажайып құбылысқа толы санаулы метрлерінде ғана болса керек. Қалай десек те, дөп дөңгелек жер беті құпияға толы. Бәлкім, қырық мың құпияның ешқайсысы да ашылмайтын шығар...