Қазақ халқы тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен бейбітшіліктің жылы деп санаған. Ел арасындағы бұл сенім көп жағдайда дәл келген деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап.
Тарих парақтарына көз жүгіртсек, тышқан жылы көп жағдайда аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз өткен.
Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) өмірге келсе, атақты "қарлығаш әулие" атанған Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болыпты, сондай-ақ, алғаш рет Қазақ ордасы тышқан жылы құрылған (1456).
Басылым мәліметінше, 5 ғасыр бұрын жазылған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының "Шипагерлік баян" кітабында мүшел жыл белгілерінің ерекшеліктеріне қарай адам мінезі сипатталған.
"Сумақы (тышқан). Мүшелдік жыл сумақыда жымысқы қулық, күндіз үйкүшік, әшкере харакеті аз, түнде жасырмалы харакеті көп, суыққолдылығымен қарақшылық жегіштігі мол, дәулет жиғыштығы күшті. Әлдіден қорыққыш, әлсізді басынғыш, һалал, һарам шикілі-пысылы талғаусыз жегені ас болатын, өсексіз болса да ұластырмалы айласымен елді шулатқыш, қырқыстырғыш. Ар-ұяты аз, шімірікпес, лыпылдаған сайқал, күлді-көмеш қулықтар мінездемелік әйгіленшілер көбірек болмақ" , - деп жазды Тілеуқабылұлы.
Астролог мамандардың айтуынша, тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр болады. Олар бастаған істі аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие болып табылады. Ал жаман қасиеттері - қызғаншақ, сатқын, кейде шыдамсыз, қырсықтау.
Айта кетейік, қазақ халқының мүшелдік жыл санауы тышқан жылынан басталады. Ол келесі жылы 22 наурызда кіреді.
2019 жыл қазақстандықтар үшін ауыр аяқталды. Алматыда ұшақ апатының болуына байланысты президент 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.