«Үй иесі» келгенімізді ұнатпады
Бұл бала кезімде болған уақиға еді, - деді Еркін,- мен ол кезде тоғыз жастамын. Әпкем 8 классты бітіріп, педучилищеге оқуға түсемін деген соң үй іші оған келісімін берді.
«Ендеше, ертең педучилищеге барып емтихан тапсыратын күнім, жаныма бауырымды серік қылып ала кетейін» дегенге, анам қарсы болған жоқ. Мен де: «қаланы көремін, балмұздақ жеймін» деп қуанып қалдым. Таңата қалаға баратын дайын көлікпен Көкшетау қаласына жеттік.
Әпкем педучилищеге келісімен емтихан тапсыруға кетті. Мен әпкемді бақтағы орындықта тостым. Біраз уақыттан соң «емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға түстім» деп келген әпкемнің қуанышына мен де қосылдым.
Қаланы аралап, балмұздаққа ықылық ата тойып ауылға қайтуға жиналдық. Көкшетаудан ауылға тура автобус жүрмейтін. Сондықтан кешкі сағат алтыда кеңшар орталығына баратын автобусқа мініп, кешкі сағат он кезінде белгіленген жерге жеттік. Тамыз айы, күн ымырт. Бұл селода анамның екі нағашы інісі тұратын, алдымен аялдаманың жанында тұратын нағашымның үйіне бардық. Есігін қағып едік, ешкім есікті ашпады және үйде жарықта көрінбеді, не істерімізді білмей аңтарылып тұрғанда үйдің көршісі келіп: «нағашың жол жүріп кеткен, үйде ешкім жоқ» деген соң, әпкем: «ендеше осы үйдің кілтін беріңіз, біз осы үйде түнейміз» деген еді, ол сөз айтпастан үйдің кілтін әкеліп берді. Екеуміз үйге кіріп, бөлменің шамын жақтық. Әпкем асханаға барып газға шай қоюға кетті. Мен жатын бөлмеге кіріп отыр едім, бір кезде дәліздің бойымен әрлі-бері бір адам жүріп алды. Мен әпкемнің асханада жүргені еске түсті, бірақ мүмкін үйге біреулер кірген болар деп жайбарақат отыра бердім.
Біраздан соң әпкем келіп: «қолымды шайып алған алған соң шай ішерміз» деп қол жуатын бөлмеге кетті. Сол кезде дәліздегі адам әпкем жаққа бетегендей болды. Әлден соң әпкем келіп: «сен жуынатын бөлменің есігін неге жауып кеттің» деп маған ренжігенде «үйде біреу жүр, мүмкін сол кісі есігіңді жапқан шығар» деп ақталдым. Әпкем: «үйге ешкім кірген жоқ» деп менің сөзіме иланбады. «Жүр ауқаттанып алайық» деген әпкеммен асханаға баруға жиналып жатыр едік, осы кезде төр үйде әлдекімнің жүрген жүрісін естіген әпкем маған таңдана қарады, өйткені бұл үйде бізден басқа ешкім жоқ екенін білеміз қой.
Екеуміз төргі бөлмеге кірсек ешкім көрінбеді, содан қайта шыға беріп едік, бөлменің бұрышында үнсіз бізге қарап тұрған ер адамды көрдім. Әпкеме ақырын ғана «бұрышта бір ер адам тұр» деп едім, әпкем жан –жағына таңырқай қарап «ешкімді көріп тұрған жоқпын» деген соң оның бізді мазалап жүрген «үй иесі» екенін сездім. Дегенмен «елес бейне» маған қорқыныш тудыра қойған жоқ.
Осы кезде әпкем «қорыққан соң көзіңе елестеген ғой, сен бөлмеге барып отыра тұр мен шай демдей қояйын» деп айтқан соң бөлмеме барып отырғанмын, бір уақытта әпкемнің тұншыға шыққан дауысын естіп, асханаға асыға барсам, әпкемді әлсін-әлсін тұншықтырып мәз болып тұрған «үй иесін» көрдім. Әпкем зорға демалып «не болғанын білмеймін, кенеттен демалысым ауырлап кетті» деп жатты. Мен бірден әпкемді өзіме қарай тартып алдым «елес» бұндайды күтпесе керек маған таңғала қарап: «сен мені көріп тұрсың ба?» деп еді басымды изедім. Елес үнсіз тұрып қалды. Әпкем есін жиып қалпына келген соң оны қорқытпайын деп өзіне зәбір көрсеткен «елес» туралы жақ ашпадым.
Енді үйге қонсақ «үй иесінің» өмірімізге қауіп төндіруі мүмкін деп ойлап: «бұл үйден кетсек қайтеді» деп едім, әпкем: «расында өзімді жайсыз сезініп тұрмын, кетсек кетейік» деді. Әпкем екеуміз жиналып бөлмеден шығып келе жатсақ «үйдің иесі» біздің бөлмеге ентелеп келе жатыр екен, мен оның алдына кесе көлденең тұра қалдым, ол кілт тоқтай қалды. «Сәби періште» деген бабаларымыздың сөзі рас болар, біз үйден шығып кеткенше ол бізден көзін айырмай соңымыздан қарап тұрды. Әпкем үйдің кілтін көршіге қайтып беріп, басқа нағашымның үйіне барып қондық.
Бірақ әпкеме бүгінге дейін өзім көрген елес бейне жөнінде тіс жармадым. Есейе келе «үй иесі» бөтен адамдардың үйге келгенін ұнатпаған ғой деп топшыладым.
Ерсін Ерғалиев
Дереккөз: el24kz