«Үйдің иесімен» доспын
Кішкене кезімде әжем үнемі бала-шағаға «үйдің иесі болады, ішке кіргенде міндетті түрде амандасыңдар» деп отырушы еді. «Үйдің иесі несі, осы кісі қайдағы жоқты айтады екен» деп кейде іштей сөгіп тастаушы едім.
Жас болған соң сөздің байыбына бара бермейтінің белгілі ғой. Осыдан 10 жыл бұрын Алматының іргесінен жекеменшік үй сатып алдық. Күйеуім жүргізуші. Ауыр жүк машинасымен ұзақ сапарға жиі шығады. Балалар жас, өзім жұмыста болған соң, үйдің шаруасына күндіз үлгермегендіктен, көбіне түнге қарай тындырып тастағанды жөн көремін. Кейде оқушылардың дәптерін тексеріп, ұзақ отырып қалатын әдетім де бар. Бірде балалар ұйықтаған соң, үйдегі кітапханада отырып сабаққа дайындалдым. Жаныма біреу келген сияқты болды, елең етіп артыма қарадым. Ешкім жоқ. Енді бірде асүйде тамақ істеп жатыр едім, келесі бөлмеде біреу атымды атап шақырғандай көрінді. «Балалар ма екен?» деп жүгіріп барсам, олар тып-тыныш пысылдап ұйықтап жатыр. «Қой, мұным не, маған не көрінді» дедім де, шаруамды істеп жүре бердім. Үйіміз өте үлкен. Қонақ келмесе, кей күндері төргі бөлмеге бас сұға бермейміз.
Бір күні сол төргі бөлмеден бір зат алмақ болып кірдім де, іздеген бұйымымды тауып, жарықты өшіріп шығып бара жатыр едім, жанымнан біреудің өткенін сездім. «Дәлізде күйеуім жүр ме екен» деп жарықты қайтадан жағып қалып ем, отағасын байқамадым. Сөйтсем, ол жатын бөлмеде кітап оқып жатыр екен. Содан ал кеп ойланайын, «жанымнан өткен кім болды, мен оның демін сездім ғой». Осы кезде баяғы әжемнің айтқан сөзі есіме оралды. Ол, шынында да, біздің үйдің иесі шығар. Ешкімге зияны жоқ. Анда-санда «бұл үйде мен де бармын ғой» дегендей есіме салып қояды. Осы ой қалай келді, солай мазасызданғанды қойдым. Күйеуім жоқта қорықпаймын. Тіпті оған Әмина деп ат қойып алдым. (Неге екенін білмеймін, әйел адам шығар деп топшыладым). Үйден шығарда «бірінші Аллаға, екінші Әмина, саған тапсырамын» деп шығып кетемін. Кірерде «қалың қалай, жақсы ма?» деймін. Ол сондай ақ көңіл, адал сияқты. Бірақ бұл туралы ешкімге айтпадым. Айтқан күннің өзінде де сенбейтінін сеземін.
Б.КҮДЕРОВА
Алматы қаласы