Жол бойындағы елес қыз
Түнгі мезгіл. Айналаның барлығы қараңғы. Мүлгіген тыныштық. Жолда көлік келеді. Сол сәтте жол бойынан елес шығады... Тұла-бойың түршігеді емес пе? Бұл ешқандай киноның желісі емес. Кәдімгі өмірдің өзінен алынған көріністер.
Әрине, оған біреу сенеді, біреу сенбес. Алайда, ешкім оны жоққа шығара алмайды. Сондай-ақ, түн ішінде жалғыз келе жаттыңыз делік. Қасыңызда ағараңдап бірнәрсе жүреді. Дауыстайсыз. Жүрек жұтқан болсаңыз, оған қарсы жүресіз. Ол бірден жоқ болып кетеді. Мұны мистика дейсіз бе, қиял-ғажайып дейсіз бе? Оны өзіңіз білесіз. Дегенмен, мұндай әңгімені екінің бірінің аузынан естуге әбден болады. Соған қарағанда ондай құбылыстар өмірде кездесетін болғаны ма? Расында, бар шығар... Өкініштісі, оған айтылатын әңгіме екі жарылады. Бірі ондай құбылыстар кездеспейді дейді. Оған қарсы дау айтушылар жұмбақ жаратылыстың әлі де сырын аша алмай жүргенімізді көлденең тартады.
Қазекем мұндайда "Қорыққанға қос көрінеді" деуші еді. Шынында, тек қорыққанға қос көрінеді. Бәлкім, оның сырын аша алмай жүрген жоқпыз ба? Өйткені, кейде сондай жағдайды көп адамның бір сәтте сол бір құбылыстың бірнеше адам куәгері болса ше? Оған да сенбейміз бе? Бұл өтірік емес шығар. Осыны ести отырып, он сегіз мың ғаламның бізден бүккен сырлары көп екеніне тағы да бәр мәрте ой жүгіртуімізге тура келеді.
Мына бір оқиға үлкен жолдың бойында болған. Сол жолдың бойында ертеректе бір бойжеткен көп жігіттің қорлығына ұшыраған. Әбден елірген жігіттер әлгі қызды бір ауылдан тауып алып, осында алып келіп, ойларына келгенін істеген көрінеді. Әйтсе де, ол оқиғаның қашан болғанын ешкім де білмейді. Жай-жапсарын да ешкім нақты айта алмайды. Елдің аузынан естіген әңгімені тілге тиек етеді. Желіккен жігіттер ойлағанын істегеннен кейін әлгі қызды сол жерде өлтіріп кеткен көрінеді. Оның рас-өтірігін қайдам? Ал, бірақ сол жолдың бойынан шашы жалбыраған қызды түннің ішінде көрдік деген адамның қарасы біраз. Түнгі тыныштықта жолмен келе жатқан жолаушылар оны көрген сәтте қатты қобалжитын көрінеді. Елес те біраз жер бойы бұлармен ілесе жүреді. Білетіні құран сүрелерін оқиды. Білмейтіні, одан құтылудың қамына кіріседі. Көлік қатты жылдамдықпен келе жатқанымен, әлгі елес те одан қалып қоймайды. Ол кәдімгі адам болса, әлдеқашан көліктің соңында қалып қояр еді ғой. Жоқ, мүлдем олай емес. Тіптен қалатын түрі жоқ. Осыдан кейін жағаңызды ұстап, қатты секем алмай көріңізші...
Әрине, бұл сауал көптің көкейінде жүр. Ол не болды екен? Шынымен де, елес пе екен? Сансыз сананы шырмай түседі. Жауап ала алмай біраз қиналып қалатын да әдетіміз бар. Қалай десек те, ол өмірде кездесетін жағдай емес пе? Осының сырына қаныға алмай жүрген жоқпыз ба? Осы кезге дейін талай сырдың кілтін таптық дейміз. Көздің ұшында тұрғанмен қаншама сағат бойы ұшатын көктің де сырын білуге талпынып келеміз. Оның кейбір құпиясын білгенге мақтаныш танытып жатамыз. Ал дәл қасымызда болып жатқан сол сырлардың тылсымына терең бойлап жүрген кім бар екен? Дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы ғалымдардың өзі оған жауап таба алмастан пұшайман хәлге түсіп келеді. Ғалымдар оның бірқатар себебін айтады. Елес дегеніңіз әрбір адамға көрінеді бермейтін секілді.
Бұл тақырып жаһандық желі беттерінде де біраз талқыланған екен. Солардың біршамасына көз жүгіртіп қарап көрелікші. Гүлзинат есіммен басынан өткен оқиғаны жазған жан «Бұл айтылған әңгіме өтірік емес және ойдан құрастырылған жоқ. Егер өтірік болса онда бұл өмірде де, ана дүниедеде жақсылық көрмей кетейін. Ал көп сөйлемей бастайын. Бірде мен түнде анамның жұмысына бардым (өтініш қандай жұмыс екенін жазбай-ақ қояйын). Сосын анамның жұмыс орнының кабинетінде отырдым. Бір кезде бірдеме тарсылдап жатты. Сосын есік өзімен өзі ашылып жабылғандай болды. Анам кабинетке кірді. Мен анамнан сұрадым. Ол кісіден «Мына қозғалып, тарсылдатып жүрген не» дедім. Сосын аннам маған «Балам, сен мұндай елестерді сезіне алады екенсін» деді. Себебі мұндай нәрселерді тек бойында қасиеті бар адамдар ғана сезінеді деп айтқан. Онда нағашы атана тартқан екнсін деді. Себебі менің нағашы атам арқасы бар кісі болған. Содан жаңағы елес қасыма келді. Кәдімгідей қызық, біртүрлі ауа сияқты болады. Шыныменде алдыма келгенін сездім. Жүрегім біртүрлі болды. Сосын анама айтып тездетіп кетіп қалдым. Мұны жазған себебім кейбіреулер менің сөзіме сенбейді. Олар өзі барып қарап көрсін, сосын маған айта жатыр» дейді.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға. Өзінің есімін Тоты деп көрсеткен жан «Студент кезде жатақханада жатамыз. Оқу жылы аяқталып қалған. Қыздар аулына кеткен. Бөлмеде мен жалғыз калдым. Барлығы тынышталды. Ұйықтайын деп жарықты өшірдім. Бірақ, әлі көзім іліне қойған жоқ. Бір уакытта катты дыбыс естілді. Бұрылып карағанмын. Қасымдағы стол маган карай жүріп келе жатыр. Қорыққаным, соншалықты бар білген сүрелерімді окып жатырмын. Бірақ, тұрып кашуға да, козғалуға да шама жоқ. Қорыққаннан.көрпеге оранып жата бердім. Жарық түскендей болды. Бірдеңе шағылысқан шығар деп ойладым. Содан стол тоқтап калды. Таңертеңге дейін қозғала алмай жатканмын. Әлі күнге дейін не үшін олай болғанын білмеймін. Ол елес пе екен?» дейді.
Әрине, бұл тақырыпқа байланысты нақты тоқтам жоқ. Сондықтан толық тұжырым айта алмаймыз. Алайда, ол жайында айтатын адамдар аз емес...
Автор: Жаңаберген Қорғанов.
alashainasy.kz/