Жын жабысқан жігіт...
Бізді қоршаған әлем тылсым дүниелер мен жұмбаққа толы. Адам жаны өзге бір әлемдердің сырын білгісі келіп тұрады. Он сегіз мың ғалам бар десек, соншама біз білмейтін құпиялар жасырулы. Мәселен, біз өмір сүріп отырған жер бетінің өзінде адамзаттан бөлек жындар әлемі бар. Құранда ұлы жаратушымыз «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық қылу үшін жараттым» дейді.
Демек екі субстанцияда өмір сүретін жындар мен адамдардың жаралғандағы міндеттері ол ұлық болған бір Аллаға құлшылық ету ғана. Алғаш естіген жанға бұл ұғым түрпідей тиетіні белгілі. Менің бұл мақаланы жазудағы себебім жұрттың жүйкесіне тиіп, жоқ дүниені бар қылу емес. Тек өзімнің көрген бір ғана оқиғаммен осы бір аяттың айқындығын оқырманға жеткізу.
Өткен жазда Алматыға Сейділда көкемнің үйіне қыдырып бардым. Туған жерден келген туысын көкем жылы қарсы алды. Келіндеріне ет астыртып, бала-шағасын дастархан басына жинады. Күліп-ойнап өткен-кеткенге көз тастап, тамақ ішіп отырғанымызда үйге бір әйел жүгіріп келді. Көкемнің есігінің алдындағы времянканы жалдап тұратын квартирант екен. Күйеуінің өзінен-өзі байбалам шығарып, қолына түскенін лақтырып жатқанын айтты. Үйден жүгіріп шықсақ, әлгі кісі көзі аларып аулада тұр. Жөн сұрамақ болған Ерлан ағама ай-шайға қарамай ұмтыла кетті. Мас емес екенін бірден түсіндік. Жабылып жүріп әрең дегенде аяқ-қолын байлап, үй жақтағы мешітке апардық. Мешіттің бас имамы Данияр жын соққан науқастарды емдейді екен. Бұл кісіге алыс-жақын шетелдердің өзінен келушілер көп көрінеді. Аяқ-қолын шешпей, үстінен екі адам басып отырып, Данияр имам Құран сүрелерін оқи бастады. Бұндайды бірінші рет көргендіктен не күлерімді, не жыларымды білмей қалдым. Әлгі кісінің бет әлпеті жыбырлап түрлі кейіпке еніп, дауысы өзгеріп кетті. Құран естілген сайын жанайқайы шығып, жанындағыларға бой бермей жатыр. Бір сағаттай оқыды да мойын тамырын қысып, науқастың ішіндегімен сөйлесе бастады. Атын сұрағанда қасарысып айтпай отырып алды. Жасы жүз бесте, жынысы еркек, мұсылман жын емес екенін қайта оқып қысқанда әрең айтты. Имам жындар мен адамдар тек қана бір аллаға құлшылық жасау керектігін, адамдардың өміріне араласқан дұрыс еместігін әбден уағыздады. Имамның «шығып кет» деген бұйрығына үш сағат дегенде әрең көнді. Жынға мұсылманша ат қойып, кәлима шаһадат айтқызып шығарды. Әрине, жын бөлек жаратылыс болғандықтан, біздің көзімізге көрінген жоқ. Себебі адам көзінде ол әлемді көлегейлеп тұратын перде бары белгілі. Бойындағы бәледен құтылғаннан кейін жігіт ағасы жөнге келді. Кейіннен белгілі болғандай бұл кісі үлкен жүк көлігімен көрші елдерден зат таситын жүргізуші екен. Алыс жолдарға шыққанда түрлі жерлерге тоқтап, тыныстап алатын көрінеді. Соңғы сапарында бір лас жерге дәрет сындырғанын және содан кейін өзін жайсыз сезіне бастағанын айтты. Үйге жеткен соң үш-төрт күннен кейін-ақ есінен адасып, өзін-өзі жоғалтып алғандай күй кешкен. Данияр қажы абырой болғанда дер кезде келгенін айтады. Уақыты өтіп кеткенде жаңағы жаман бойына тұрақтап алса, шығуы неғайбыл екен. Құдай сақтады!
Жындар әлемінің барына біреу сенсе, біреу сенбейді. Бірақ бұл боямасыз болған оқиға. Адам баласы жер бетіне сынақ үшін түсірілген ұлы жаратылыс һәм саналы болмыс екені баршамызға аян. Десе де физиологиялық тұрғыда жындар әлемінен әлдеқайда әлсізбіз. Себебі санаулы секундта жердің бетін айналып келе алатын жындар бар дейді ғалымдар. Хош, айтпағымыз бұл емес, жоғарыдағы оқиғадан жындардың адам денесіне қалай кіріп кететінін білуге болады. Бірден-бір себебі дәретсіз лас жүрген жағдайда екенін көреміз. Сондықтан өзін мұсылманмын деп санаған әрбір адам таза жүріп-тұруы тиіс.