Ескі Әнұран тағы шырқалды
Хоккейден Венгрияның Дунайвароше қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігі барысында тағы да Қазақстанның ескі Әнұраны шырқалды, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы «Shaiba.kz» порталына сілтеме жасап.
Бұл жағдай Қазақстан және Украина құрамаларының кездесуінен кейін болған. Негізі, турнир басталғанша Қазақстан делегациясы ұйымдастырушыларға еліміздің жаңа гимнін берген екен. Бірақ, не үшін екені белгісіз ойын соңынан кейін Қазақстанның ескі Әнұраны қойылып кеткен. Бұл мәселе енді турнирдің директорлар кеңесінде талқыланады.
Жалпы, бұл біздің ескі Әнұранымыз шырқалып отырған бірінші жағдай емес. Осыдан шамамен бір ай бұрын ғана бокстан Оңтүстік Кореяда өткен әйелдер арасындағы VІІІ әлем чемпионатында Қазақстанның ескі Әнұраны орындалды.
Сондай-ақ Италияның Верона қаласында волейболдан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты кезінде Қазақстанның ескі Әнұраны қойылып кеткен еді. Одан бөлек, осыған ұқсас жайт Мәскеуде ЦСКА мен "Барыс" арасындағы матчында болған.
Айтпақшы, Венгрияда өтіп жатқан әлем чемпионатын Қазақстан жастар құрамасы сәтті бастады. Алғашқы ойында Украина құрамасын 5:1 есебімен жеңді. Біздің құраманың сапынан Кирил Савицкий мен Дмитрий Преснов екі-екіден шайба соқса, Евгений Королинский бір шайбаның авторы атанды.