Қазақтан да төбелескіш бір хоккейші шықты
"Барыс" хоккей клубының сапындағы жап-жас бір хоккейші мұзайдында төбелесіп, атын шығарып, "жер өртеп" жүр, деп жазады "Алаш айнасы".
Дамир Рысбаев (биылға дейін тегі Мұқанғалиев болатын) бүгінде "Барыс" клубының негізгі құрамында ойқастап жүр. Мұзайдынға шығып, ойнап та қояды. Бірақ негізгі міндеті – төбелесу. Бойы – 187 см. Салмағы – 92 келі. Жасы – 19,5-да (1995 жылы 25 сәуірде туған).
Андрей Назаров "Барыс" клубына бас бапкер болып тағайындалған соң, осы Дамирді төбелес-тафгай хокейші ретінде команда сапына тартып жүр. Негізі, Назаровтың өзі хоккей ойнаған кезінде төбелескіш-тафгай болған. Солтүстік Америкадағы Ұлттық хоккей лигасында 12 маусым ойнап, танымал тафгайлардың біріне айналған.
Баперлік карьераға ауысқалы да мұзайдындағы төбелестен бас тартпай, тіпті өз қарамағында тафгай хоккейші болғанын қалайтындай. Әcіресе Ресейдің "Витязь" клубында бас бапкер болған кезінде мұхиттың ар жағындағы ҰХЛ-дан бірнеше тафгайды өз командасына алдыртқан. "Витязь" клубының сапындағы "шаш ал десе, бас алатын" тафгайлар Құрлықтық хоккей лигасын біраз "шулатқан-да".
Енді "Барысқа" келіп, жап-жас Дамирді мұзайдындағы төбелеске "баулып" жүргендей. Өткен жұмада, яғни 31 қазан күні "Барыс" Астанада Ресейдің (Нижнекамскінің) "Нефтехимигін" қабылдаған. Осы ойының басында Дамир Рысбаев төбелесіп, қонақтардың екі ойыншысын төмпештеді. Екеуінде мұзайдынға жықты. Хоккейде бұл "жеңіс" болып саналып, төбелес тоқтатылады.
Дамир әуелі Николай Беловпен айқасты. Бойы – 192 см, салмағы – 85 келі, 27-ден асқан тәжірибелі хоккейшіні мұзайдынға жығып алғаны сол еді, төрешілер ұрғызбай ажырытып алды. Дамир онымен шектелмей, қонақтардың хоккейшілеріне "тағы қайсың шығасың" дегендей ишара танытып еді, өзімен құрдас Александр Брынцев жағасына жармасты. Дамирдің күші басымдау көрінді. Әйтеуір бойы – 191 см, салмағы – 89 келі Брынцевты жұлқып-ақ құлатты. Тағы да төрешілер айырып алды. Қонақтардың мұзайдын сыртында демалып отырған ойыншыларының бірі бірдеңе деді ме, Дамир оны да жекпе-жекке шақырып еді, ол шықпады.
Бұл – Дамирдің Құрлықтық хокей лигасындағы алғашқы ресми төбелестері. Ол бұған дейін де төбелескен. Шайбалы хоккейде 16 жасынан бері анда-санда төбелесіп қалып жүрген. Бұрын достары үшін төбелессе, енді өзінің айтуы бойынша, бас бапкер Андрей Назаров оған ойын үстінде төбелесуді арнайы тапсыратын да көрінеді.
Биыл маусым басында "Барыс" бірнеше турнирге қатысып, дайындығын пысықтаған. Сонда ол екі рет төбелесті. Екатеринбургте өткен "Каменный цветок" турнирінде жергілікті "Автомобилист" клубының ойыншысы Никита Комаровпен жұдырықтасқанында есе жіберіп алғанға ұқсайды. Бұл төбелестің бейнежазбасы (видеосы) еш жерде жоқ, бірақ солай естиміз. Никита Комаровтың бойы – 188 см, бойы – 95 келі, жасы 26-дан асқан. Енді "Барыс" осы "Автомобилист" клубымен кездескенде, Рысбаев – Комаров төбелесінің жалғасы болуы әдбен мүмкін.
Дамирдің мұзайдында төбелесіп жүргені дұрыс па, бұрыс па білмейміз. Кейбір жанкүйерлер "жап-жас жігіт, төбелескеннен гөрі хоккей ойнағаны дұрыс, бұғанасы әлі қатпаған, жастайынан сақа жігіттерді төпелеп ұра берсе, бұл басқалардың шамбайына тиюі әбден мүмкін, ал Свитов және Артюхин сынды дәулердің қолына түссе, олар бір жерін мерт қылуы да ықтимал" деп жанашырлық білдіруде.
Әрине, Джереми Яблонски, Крис Саймон, Джон Мирасти, Дарси Веро, Джошуа Грэттон сынды мұзайдындағы төбелестің хас шеберлеріне тап болса, жап-жас Дамирдің таяқ жеп қалуы мүмкін. Рас, қазір бұлардың барлығы дерлік ҚХЛ-да ойнамайды. Десек те, Евгений Артюхин және Александр Свитов сынды тіс қаққан төбелескіш хоккейшілер бар.
Дамир Рысбаев "Нефтехимик" клубының екі ойыншысын сұлатып салса да, ғаламтордағы оның төбелесінің бейнежазбасының астына пікір қалдырған кейбір қазақ жанкүйерлері "бас бапкердің ештеңесі де кетпейді, Дамир бауырым байқа, біреудің айтқанына бола орынсыз төбелесе берме, жассың әлі, абайла" депті...
Біз де "Дамир төбелесті тым ерте бастаған жоқ па екен" деп қобалжитынымызды жасыра алмаймыз. Рас, ата-бабамыз жауынгерлік рухпен өскен, жекпе-жектен қайтпаған. Десек те, Дамир мұзайдындағы төбелестерін қош көрмей жүрміз...