Назарбаевтың немере келіні жұмыссыздарға тренинг өткізе бастады
Аида Әлиева қиын жағдайда қалған Қазақстан халқына көмектесуді жөн санапты. Нұрәлі Әлиевтің жұбайы қай жерге және қалай жұмысқа тұруға болатынын, жұмыс берушімен қалай әңгімелесу керектігін үйретуге уәде береді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.
Ол ақылы болуы мүмкін кітапшаның шығарылуы туралы Instagram парақшасында жариялады.
Дегенмен Назарбаевтың немере келіні сұхбат беру тәжірибесін қайдан алғанын көрсетпеген. Аида Әлиева халықты білім нәрімен сусындатып, ұстаздық етуді армандағанын жасырмайды.
«Мен бала кезімнен сабақ беруді, өз ойыммен бөлісуді қатты ұнататынмын. Міне, Instagram желісінде маған көптеген пікірлер легі толастамайды», – дейді бұрынғы президент отбасының келіні.
Шамасы, кері байланыс сұрапыл болса керек, Әлиева ақыр соңында жазбасын өшіріп тастаған. Бірақ өмір туралы жоғары интеллектуалды ойларын жалғастыруда.
Сурет: instagram.com/aida.a.interiors
Ол өзін Insta-коуч деп атамайды, бірақ күнделікті парақшасындағы жазылушылармен кері байланысқа шығады. Назарбаевтың немере келіні өз әңгімелерінде «таңдауды қалай таңдауға болады», «шабытқа қалай түсуге болады» және «қуатты қайда бағыттау керек» дегенді үйретеді.
Еске салайық, Нұрәлі Әлиев Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің тұңғышы. Аида болса ҚР ОСК бұрынғы төрағасы Берік Имашевтың қызы. Ол енді Швейцария мен АҚШ-та оқып-тоқығанын халықпен бөлісуге бел байлаған сыңайлы.