«Рахмет, папа»: Димаш Құдайберген атасы жайлы эмоционалды пост жариялады

Саған деген алғысымды сөзбен жеткізе алмаспын. Әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайберген Instagram-дағы парақшасында атасы Құдайберген Айтбайұлының қазасына орай пост жариялап, отбасылық фотолармен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Рахмет, папа… Маған берген қанаттарың үшін, маған көкке қалай көтеріліп, көкжиегімді кеңейтуді үйреткенің үшін, 100 мектеп бере алмайтын рухани тәлімің үшін…Саған деген алғысымды сөзбен жеткізе алмаспын. Айтқандарымнан айтып үлгермегенім көп. Қош бол, әкетай! Мәңгі жүректесің! Жаның жұмақтан орын тапсын. Сенің кенжетайың… Көңіл айтып жатқан барлық ағайынға Алла разы болсын! Отбасыларыңызда қайғы-мұң болмасын…», - деп жазды Димаш.
Еске салайық, Димаш Құдайбергеннің атасы – Құдайберген Айтбайұлы 13 маусым күні 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазаға байланысты Айтбаевтар әулетіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қ.Айтбайұлының жаназасы Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде шығарылып, оны жақындары мен туыстары ақтық сапарға шығарып салды.





