Адам неге кекіреді?
Халық арасында кекіруді тойғанның белгісі деп жатады. Бірақ бұл қате ұғым.
Айналаңыздағы адамдардың ас ішіп отырғанда немесе тамақ ішіп болған соң кекіретіні байқап жүрген шығарсыз!? Сырт көзге жиіркеніш туғызып, жағымсыз күйге бөлейтін осы әдет көп адамның ашуын туғызып, тамақ ішу барысында тәбетін бұзатыны жасырын емес. Бүгін Skifnews.kz ақпарат порталы ашық дереккөздеріне сүйеніп, кекірудің себебі, оның салдары жайлы анықтап көрді.
Алдымен кекіру дегеніміз не, сол түсінікке тоқталсақ. Кекіру - ауаның іштен ауыз арқылы кенет сыртқа шығуы.
Уикипедия ашық экциклопедиясының мәліметіне сүйенсек, кекіру - қарын мен ұлтабардың жалғасатын жері түйіліп, оған қоса қарын, құрсақ, бауыр еттерінің рефлекторлы жиырылуынан пайда болады. Сау адам өте сирек кекіреді. Жиі қайталанып тұратын кекіру қарын гастриті, ішек-қарын ойық жарасы ауруларының, сондай-ақ, бауыр ауруларының белгісі. Кейде кекіргенде ауаға қосыла ішкен тамақ та шығады (әсіресе сәбиге тамақты көп бергенде). Кекіруден шыққан ауаға кейде асқазан қышқылы қосылып, оның дәмі ащы болуы да мүмкін. Иісі жағымсыз кекіру іштегі тамақтың шіри бастауының белгісі.
Халық арасында кекіруді тойғанның белгісі деп жатады.Бірақ бұл қате ұғым. Егер жиі кекіретін болсаңыз, тез арада дәрігерге қаралып, іш құрылыстарыңызды тексертіп, қажетті ем-дом шараларын жүргізгеніңіз жөн.