Африкалықтар да тоғызқұмалақ ойнайды
Тоғызқұмалақ – қазақтың зияткерлік спорттық ойындарының төресі. Дәл осыған ұқсас ойындар өзге халықтарда болған ба?
Жансейіт ҚУАНЫШҚАЛИ, Ақтөбе қаласы
Тарихшылар мен этнографтардың мәліметінше, тоғызқұмалақ Орталық Азия аумағындағы ең көне үстел ойындарының бірі саналады және оны ойлап тапқан қазақ елі аумағын мекендеген көне халықтар делінеді. Қисынға құрылған жұптық ойын екі қарсыласқа тең бөлінген 18 отаудан, тоғызға тоғыз түйірден бөлінетін 162 құмалақтан және екі қазаннан тұрады. Осы киелі санның «олжа», «сәттілік» ұғымдарын меңзейтін астары барын білдіретін бұл ойын қазақ халқының математикалық ойлау жүйесі мен өр қағанаттық санасының өте ертеден қалыптасқанын байқатады. Тоғызқұмалақ – жай ойын ғана емес, терең пәлсапа да. Ол Орталық Азия аумағынан Ұлы Жібек жолы бойымен күллі шартарапқа таралған. Тұран өлкесі жұрты кейін бұл ойынды ұмыта бастағанда, оны еуропалықтар, тіпті африкалықтар да өз өмір салттарына енгізіпті. Мәселен, Батыс Африка халықтарында уәри, ал құрлықтың солтүстік-шығысында калах атты үстел ойыны бар. Ойынның тәртібі тоғызқұмалаққа ұқсас. Сондай-ақ басқа да ұлттық спорт түрлерінің өзге халықтар тұрмысындағы ойындармен генеалогиялық төркіндестігіне бірнеше мысал келтіруге болады. Ұлттық ойынымыз – ат үстіндегі полоны италиялықтар, ағылшындар мен Латын Америкасы тұрғындарының меншіктейтіні содан.