Әйел босанғанда ерінің жанында болғаны дұрыс па?
Нұр-Cұлтанда жыл өткен сайын босануға серіктеспен баратын әйелдер көбейген. Мамандар кей кездері серіктестер ретінде қыз-келіншектердің жұбайлары да босану залына баратынын айтты. Ер адамдардың келіншегінің босану кезінде жанында табылғаны дұрыс па? Аталмыш сауалға белгілі маман Айнұр Майсақанова жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Доула (ред. жүкті келіншектің босануына көмектесіп, босану залына онымен бірге кіретін маман) деп аталатын жаңа қызметті атқарып жүрген елордалық Айнұр Майсақанова ер адамдардың әйелдерімен бірге босану залына кіруі – әр отбасының өз қалауы екенін атап өтті. Маманның сөзінше, әр жанұя мұндай шешімге өздері келеді екен.
"Бұл әркім өз қалауы бойынша шешілетін мәселе. Өзім босанған сәтте көптеген әйелдердің жанынан табыла білгендіктен, босану әркімде әрқалай болатынын айтқым келеді. Тіпті бір ғана әйелдің өзінде ол әртүрлі болуы өтуі мүмкін.
Кейбір әйелдер осындай айтулы сәтте, жолдасының қасында болғанын қаласа, енді бірі мұны "Ерлерге тән әрекет емес" деп түсінуі мүмкін. Сондықтан босануға күйеулерін күштеп апару дұрыс болмайды. Әркім өз қалауынша әрекет етуі тиіс", - дейді маман.
Ол сонымен бірге жүктілік кезінде түрлі наным-сенімдерге сенетін әйелдер жайлы да атап өтті.
"Барлық салт-дәстүрлер бекерден бекер өмірге келді деп ойламаймын. Әрине ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрді ұстануымыз керек деп ойлаймын, алайда оларды заманға сәйкес, жаңғыртып отыруымыз тиіс. Мысалы аяғы ауыр әйелге тігуге және тоқуға болмайды деген сенім бар.
Меніңше бұл сенім әйел тігіп, тоқыма тоқығанда тек бір ғана күйде болады деген ұғымнан шыққан деп ойлаймын. Ал одан тек іштегі сәби қиналатын болады. Себебі мұндай жағдайда оған оттегі жеткілікті мөлшерде бармайды. Сондықтан әр нәрсенің шегі бар.
Екіқабат кезде тігін тігіп, тоқуға болады, бірақ ара-арасында демалып тұру қажет. Мысалы жарты сағатқа тігін тігуге отырдыңыз ба, 10 минут жаттығу жасауыңыз керек", - деп түсіндірді маман.