Ақиқа құрбан, нәзір құрбан деген не?
Ақиқа құрбан, нәзір құрбан деген құрбандық шалу туралы естідім. Бұл құрбандық түрлері Құрбан айт мерекесі кезінде шалына ма?Алимардан ЕШМЕТОВ, Алматы облысы
Аталмыш құрбандықтардың Құрбан айт мерекесіне еш қатысы жоқ.
Нәресте дүниеге келгенде шүкіршілік ретінде шалынатын құрбан ақиқа құрбан деп аталады.
Ақиқа құрбанын нәресте дүниеге келген жетінші күні шалу – мұстахаб (ұнамды іс). Дәл осы күні нәрестеге ат қою, шашын алып, шашының салмағындай алтын не күміс садақа таратуға кеңес берілген. Дегенмен ақиқа құрбанын нәресте туылғаннан кәмелетке толғанға дейінгі аралықта шалуға болады.
Құрбандыққа жарайтын малдарды ақиқа құрбаны ретінде шалуға болады. Шалынған құрбандық етін қаласа жанұя мүшелері өздері жейді, қаласа дос-жаран, жоқ-жітіктерге садақа ретінде таратуға болады.
Нәзір құрбан – адамның көңілін көптен күпті еткен бір іс орындалғанда не болмаса былай да бір ақсарыбас шалам дегендегі атаған малы. Ол Аллаға берген уәдесін орындауға жатады. Мысалы, ауырып жатқан адам «осы ауруымнан айықсам, бір қойды құрбандыққа шаламын» деп ниет етсе, ауруынан айыққан жағдайда, бір қойды құрбандыққа шалуы – уәжіп.
Нәзір құрбанына шалынған малдың етінен шалған адамның өзіне, балаларына, немерелеріне және әке-шешесі мен ата-әжелеріне жеуге болмайды. Түгелдей садақа ретінде кедейлерге таратылуы тиіс. Шалынған құрбанның бір бөлігі аталмыш адамдар тарапынан желінген жағдайда сол желінген бөлшектің құнын кедейлерге тарату керек.