Ақылды әйел – отбасының ұйытқысы
Жастар шаңырақ көтерген соң майда-шүйде кикілжіңге мән бермейді. Алайда осының барлығы жиналып, бір күні ыза мен ренішке айналуы бек мүмкін. Психолог мамандар осы сәтте ашуға бой алдырып, шалыс баспас үшін әйелдерге ақылдырақ болуға кеңес берді.
Біріншіден, әйел адам – отбасының ұйытқысы, асыл жарының тірегі. Ол отбасының берекесін сақтап қалу үшін аянбай еңбектенуі тиіс. Алдымен, күлімсіреуден бастасын. Өйткені жолдасы да, балалары да тікелей отанасының көңіл-күйіне тәуелді.
Екіншіден, отбасылық өмір деген – бір шаңырақ астында өмір сүру ғана емес, серіктес бола білу. Сол себепті ортақ шешімге келе алатын ер азаматты таңдаңыз. Ақылды әйел отбасылық өмірде ерлі-зайыптылардың бір-біріне қарыз еместігін біледі. Ол үшін сыйластық пен махаббат қана маңызды.
Үшіншіден, отбасылық өмір – екі жастың салып жатқан зәулім сарайы іспеттес. Ал күнделікті оқиғалар – оны қалайтын кірпіш. Қандай зәулім сарайда тұратындықтары қос ғашықтың еншісінде.
Төртіншіден, ер азамат әйелдің бойындағы төзімділік пен мейірімділікті ерекше бағалайды. Осы қасиеттерді көрсете білуді ұмытпаңыз.
Бесіншіден, ақылды жар ер мен әйел махаббатының мүлде бөлек болатындығын біледі. Ерлер көзбен сүйсе, әйелдер сөзбен сүйеді. Алғашқы кездесудегі сыйластық пен жылы қырам-қатынасты мәңгілік жадында сақтап өту керектігін де біледі. Ерін сыйлап, бір-бірін меншіктеуге болмайтындығын жақсы түсінеді.
Алтыншыдан, ерлі-зайыптылардың бір-біріне ренжуі – заңды құбылыс. Реніш қарсы алдымыздағы адамның біз күткендей әрекет жасамауынан туындайды. Ақылды әйел мұны біліп, сүйіктісін өзгертуге тырыспайды.
Жетіншіден, ақылды әйел кешірімді келеді. Ішіне жиылған ренішті айғай-шусыз жеткізеді.
Сегізіншіден, әйел адам өзін өзгеден артық ететін сабыр сынды қасиетті ұмытпауы тиіс. Бұл ренішті ішке жасыру керек деген сөз емес, бар болғаны оны айтатын оңтайлы сәт таңдай білу керек.
Ақылды әйел жеңілтектіктен бойын аулақ ұстап, екіжүзді өтірікшілердің дәрежесіне ешуақытта түспейді.
Ер адамдарға сүйіктісінің нәзік болғаны ұнайтынын білгендіктен, ақылды әйел әрдайым баяу жүреді.
Құрметті әйел қауымы психолог мамандар айтқан қасиеттер сіздің бойыңызда да бар ма?