Әр қазақстандық жылына қанша шай ішетінін білесіз бе?
Әр қазақстандық жылына 1,54 кг шай ішеді екен. Сондықтан, әлемдегі ең шайшыл халықтардың ішінде Қазақстан 10-орынға табан тіреген. Қазақтардың шайқұмарлығы Қытай бизнесмендерінің қызығушылығын тудырып отыр.
Алматыда Қытайдың Хубэй провинциясының шай өндірушілері шай конференциясын өткізді. Жиын барысында отандық тауар өндірушілер шетелдік әріптестерімен ынтымақтастық орнату жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, сарапшылар Қазақстан-Қытай сауда үйін салып, мейрамханалар мен дәмханаларда шай церемониясын өткізіп тұруды, шай негізінде салқын сусын өндірісі мәселесін тілге тиек етілді.
«Шай бизнесінің болашағы өте зор. Қазақтар шай ішуде уақыт та, орын да талғамайды. Қазақстанның 99 пайыз халқы күніне 4 шыныдан артық шай ішеді. Шай ішу - қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрі. Жан басына шаққанда жылына 1,54 келі шай өнімі қолданылады екен. Сондықтан, Қазақстан шай ішуден әлемде 10-орында тұр», - деді Алматы сауда және инвестициялар палатасының бас директоры Мұхтархан Бияров.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда жылына 24,5 млн. келі шай сатылады. Нарықтың 50 пайызын Үндістан өнімдері құрайды. Қазақстандық шай өлшеу фабрикалары шикізатты Үндістан, Кения, Шри-Ланка, Қытайдан тасымалдайды.
Конференция барысында алматылықтар Хубэй провинциясында өсетін қара, қызыл, көк және өзге де шай түрлерінің дәмін көріп, демдеу техникасымен танысты. Айта кету керек, Хубэй плантациясы 1000 метр биіктікте орналасқан. Мұнда әйгілі Лун Цзин көк шайы мен сары императорлық шай, пуэр өндіріледі. Әлемдегі шай өндірісінің тарихы да ежелгі Қытайдан басталады.
ҚазАқпарат